Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Облыс әкімінің қабылдауында көксулық 21 азамат әр түрлі әлеуметтік мәселелер көтерді


8 ноября 2019, 07:34 | 854 просмотра



Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Көксу ауданындағы «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында тұрғындарға жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Осы күні облыс басшысына әр түрлі сұрақтармен ауданның 21 азаматы жүгініп, сауалдарына жауап алды.

Көксу ауданының тұрғындары көтерген мәселелердің қатарында тұрғын үй алу, жер телімін алу, медициналық ем алуға көмек сұрау, Отан соғысы ардагері санатындағы аталарының атын көшеге, мәдениет үйіне беру, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу мен қайта салу сияқты көптеген мәселелер болды.

Мысалы, Дәмет Мейірманова баласының 2008 жылдан бері Талдықорған қаласында тұратынын, көп балалы отбасы екенін, 1 баласы мүгедек екенін айта келе, соларға үй сұрайтынын жеткізді. Айтуынша, әзірге кезекте № 224 болып тұр. Облыс әкімі А. Баталов облыс әкімі аппаратының басшысы Т.Бектасовқа Талдықорған қаласы әкімімен бірге аталған азаматтың қандай санат бойынша кезекте тұрғанын және нешінші кезекте екенін анықтап, үй алу мүмкіндігінің қашан келетінін өтініш иесіне бір аптаның ішінде нақтылап айтуды тапсырды. «Көп балалы және аз қамтылған отбасыларын баспанамен қамту үшін республикалық бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлініп отыр. Осы сомаға тұрғын үйлер салынады, пәтерлер сатып алынады. Сондықтан кезек реті жылдам жылжитын болады», - деді А. Баталов. Сол сияқты тұрғын үй мәселесі бойынша келген өзге де азаматтарға үй кезегі және мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй берудің заңдылығы мен мүмкіндіктері туралы түсіндіріліп, нақты жауаптар берілді.

Айнабұлақ стансасынан келген Роза Тәнекенова ауылдағы ФАП-тың 1934 жылы салынғанын, тозығы жетіп, әбден ескіргенін айтты. Сол сияқты ауылдық әкімдіктің ғимараты да жаңадан салуды қажет етеді. Осы мәселелерге назар аударуды сұраған Р.Тәнекенованың сауалы бойынша, аталған ФАП-тың ЖСҚ-сы жасалғаны, сараптамадан өткені белгілі болды. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын кешіктірмей бастауға пәрмен берді. Ал әкімдік ғимаратын аудан 2022 жылға қарай қарастыруды жоспарлаған екен. Алайда облыс әкімі кейінге қалдырмай, жобалық-сметалық құжаттарын жылдамдатып дайындауға кірісуді тапсырды.

Ал Қаратал ауылының тұрғыны Айтқали Қуанбаев: «Мені мектеп жасындағы балалардың тағдыры алаңдатады. Ауылдағы мектебіміз - тек 4 сыныптық бастауыш мектеп. 5 сыныптан бастап балалардың бәрі басқа ауылдағы мектептерге барып оқиды. Қысты күндері балаларды тасымалдау да оңай емес. Біздің ауылдан мектеп салынуын сұраймын», - деді. Облыстық білім басқармасының басшысы Д. Жүнісовтің айтуынша, аталған ауылда 30 бала бастауыш мектепте, ал 70 бала тасымалданып оқытылады. Бұл мәселе бойынша 35,8 млн. теңге ЖСҚ-ға бөлінген, 120 орынға арналған 9 жылдық мектептің құрылысы 2021 жылға белгіленген. Дегенмен облыс әкімі 120 орынды мектептің құрылысы аса ауқымды жұмыс емес, сондықтан 2021 жылға созбай, барлық тиісті құжаттық процедураларын аяқтап, 2020 жылы сала бастау қажет деп түйіндеді.

Сол сияқты Ақшатоған аулының тұрғындары да қабылдауға арнайы келіпті. Олар бірнеше мәселе көтерді. Ауылдағы мектеп салынғалы күрделі жөндеу көрмеген, ауылішілік жолдарды жөндеу, көшені жарықтандыру да кезек күткен мәселелер қатарында, сол сияқты 1956 жылы салынған ФАП әбден тозған. Ауыл тұрғындары осы мәселелердің шешімін күтетіндерін айтты. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж. Әмірханов Ақшатоған ауылының «Ауыл – ел бесігі» жобасына кіргенін, соған сәйкес аталған мәселелердің барлығы да жоба аясында қамтылатынын жеткізді. Облыс әкімі басқарма басшысына Ақшатоған ауылының тұрғындары көтерген мәселелердің жоспарға енуін назарда ұстауды ескертті.

Қабылдау соңында Амандық Баталов тұрғындар көтерген барлық мәселелерге қатысты тиісті органдарға берілген тапсырмаларды хаттамаға түсіріп, әрбір өтініш иесіне қойған сауалының нақты жауабын жазып, қолдарына табыстауды тапсырды.