Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚТЫҢ БҮЛДІРШІН ҚЫЗЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ


17 ноября 2010, 21:07 | 2 440 просмотров


Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің эрамызға дейінгі 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты. Ғасырлар бойы елге аса танымал болған шахматтан ресми әлем чемпионаты 1886 жылы өтіпті.

Шахмат десе даңқты чемпиондар Стейниц пен Ласкер, Капабланк, Алехин, әлем чемпионы Ботвинниктер еске түсетіні белгілі. Ал, бүгін біз бұндай өзге ұлт өкілдеріне таңғалмайтын болдық. Себебі, қазақтың балдыр-ған қыздары да, әлем чемпионы атағына қол жеткізе алатын болды.

Ғасырлар көшіне ілесіп, өркениетті басып озып, бүгінге жеткен шахматтың тарихы әркімді қызықтырары даусыз. Олай дейтініміз шахмат – күрделі және сондай қызықты спорт ойындарының бірі. Еліміз соңғы жылдары спорттың қай түрінен болса да, өзге елдермен иық тірестіріп, «Қазақ» деген ел бар екенін әлемге әйгіледі. Жақында ғана Грекияда өткен оқушылар арасындағы Әлем біріншілігінде қазақтың үш бірдей бүлдіршін қыздары 3 медалмен оралды. 8 жастағы шахматшылар арасындағы бәсекеде Әсел Серікбай 3-орын, 12 жас аралығындағы шахматшылардан Жансая Әбдімәлік 2-орын, ал, 14 жас аралығындағы шахматшылар арасындағы белдесуде Астаналық Динара Сәдуақасова Әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Динара біз сені жеңісіңмен құттықтаймыз. Сенің жеңісің елдің жеңісі. Сен қазақ елінің мақтанышысың...

Біз Динараны жеңісімен құттықтай отырып, әңгімеге тартқан едік:

–Бұл әлем біріншілігіне қанша елден спорт шеберлері қатысты?

–83 мемлекет өздерінің ең мықты деген спортшыларын алып келіпті.

–Сенің ең басты қарсыласың қай елден кімдер болды?

–Менің ең басты қарсыластарым, Ресей, Қытай, Әзербайжан елдерінен келген шахматшылар болды. Олар өз елдерінің чемпиондары екен. Жалпы 11 кездесу өткіздім. Кім жеңілгісі келеді дейсіз. Барлығы да барын салып ойнады. Қытайлық Лей Тин Чан өз құрбыларына неше жыл ұттырып көрмепті. Ал, Әзербайжаннан келген Патерима деген қыз Европаның чемпионы екен. Соңғы турда сол қызбен бағымды сынадым. Бес жарым сағатқа созылған ақырғы сында ол маған есе жіберіп алды. Менде бір ғана мақсатпен барғамын. Ол – мен сөзсіз жеңіске жетем, жүлдемен оралам деп сеніммен барғам. Қортынды нөмер 2142 ұпаймен 1-орынға қол жеткіздім. Арманым орындалып қайттым. Дегенмен, қол жеткізу оңай болған жоқ.

– Шахматқа неше жасыңда келдің?

–Бес жасымда үйрене бастадым. Уйде ағаммен әпкем шахматты қызығып ойнайтын. Соларға қарап үйрендім. Кейін анам арнайы шахмат клубына апарып қатыстыртты.

–Алғашқы ұстазың кім болды?

–Менің ең алғашқы ұстазым О. А. Черепанова болды. Бірақ ол кісі, өкінішке қарай денсаулығана байланысты ұзақ уақыт қасымда бола алмады. Деседе, менің бүгінгі негізім сол кісінің арқасында қаланды. Мен алғашқы ұстазымды ешқашан ұмытпаймын. Тек қана алғыс айтамын.

–Қазіргі бапкерің?

–Мемлекеттік дәрежедегі жаттықтырушы П. М. Коцур.

–Бір күннің қанша сағатын шахматқа арнайсың?

–Маған қанша сағат көп арнасам соншалықты жақсы. Мен әр күннің әр сағатын жоспарлап қоямын. Уақытты жоспарлап пайдалансаң бәріне жеткізуге болады екен. Тамақтанатын уақытым, далада жүріп боймды сергітетін, достарыммен қыдыратын, тапсырмаларымды орындайтын бәрі-бәрі ретімен кестелеп орналастырып аламын. Ең көп уақытымды осы шахматқа арнаймын. Күніне 4-5 сағат отыру керек.

–Кейде жақсы партиялар кездесіп қалады. Ондайда 5-6 сағат отруға тура келеді. Ол үшін үлкен денсаулық керек. Денсаулығыңды шыңдау үшін не істейсің?

–Мен шахматпен қатар гимнастика және музыкамен шұғылданам. Петр Чайковский атындағы №2 музыкалық мектебінде «Фортепьяно» бойынша үздік бітіріп шықтым. Музкада адамның рухын көтеріп, демалуыңа жақсы көмектеседі. Басым қатты шаршағанда фортепьяно ойнаймын. Одан қалса бассейінге барамын. Гимнастикадан қала біріншілігінде және «Синегорье-2003» халықаралық турнирінде қатысып жеңімпаз бол-ған жерім бар.

–Әйгілі шахматшылардан кімдерді білесің? Солардан кімге ұқсағың келеді? Партияларына талдау жасап кордің бе?

–Мен бірінші Юдит Полгарды айтқым келеді. Себебі, ол мен үшін ең үздік шахмат шебері. Ол, тек қыздар ара емес, ерлер арасындағы бәсекелерге қатысып, талай «Мен» деген саңлақтарды шаң қаптырып кеткен хас шебер. Одан қалса, М. Карлсен мен Г. Каспаровты жоғары бағалаймын. Ю. Полгардай болу менің арманым. Ал, олардың партияларына талдау жасау алдағы уақыт жоспарымның еншісінде тұр.

–Қазір қай мектепте, нешінші сыныпта оқып жатырсың?

– Астанадағы №3 мектеп-гимназиясында, 8 сыныпта оқимын.

–Мектепте ең қызығып оқитын сабағың?

–Математика. Одан қалса Қазақстан тарихы.

–Осы екі пәннің сен үшін маңыздылығы?

–Математика таза есеп, шахматты да есеп арқылы ойнайсың. Ал, тарихқа келсек, ол менің елімнің өткені, тағдыры. Ел тарихын білу борышым сияқты.

–Біз қазақтың спортшылары өз елінің тарихын білгенін жақсы көреміз. Шетелде жүргенде шетелдік журналистер, әріптестерің елің, жерің туралы сұрақтар қойып көрдіме?

–Иә.

–Еліміздің қандай әйгілі тұлғалары, көркем жерлерімен мақтанасың?

–Батырларымен, дарқандығымен, осыншама кең байтақ далада тәуелсіз елдігімізбен мақтанамын.

–Сабақтан тыс тағы қандай кітаптарды қызығып оқисың?

–Классикалық кітаптарды оқығанды ұнатам.

–Шахматтың адамның ойлау қабілетін арттыруға әсері бар ма?

–Әрине, адамның ойлау қабілетін арттыру – шахматтың ең басты ерекшелігі. Шахмат адамның ойлау қабілетін ғана емес, есте сақтау қабілетінде арттырады. Бұл ойын адамды сабырлы болуға, қажырлықты шыңдауға, тәуекелге бел бууға, бір бастаған ісіңе аяғына дейін ақырластыруға ерекше маңызға ие. Тағы бір ерекшелігі арнайы жарыс болмағанда кез-келген адаммен үлкен-кіші, ер-әйел демей ойнай беруге болады. Бұл ойынды хан да қара халық та ойнайды.

–Алда қандай мақсаттарың бар?

–Арманым көп. Әлі талай биіктерден көрінсем деймін.

–Әңгімеңе көп рахмет қарындас! Сол арманыңа жетуіңе бізде тілектеспіз!

Бала десе бауыр етін бөліп беруге дайын, түн ұйқысын төрт бөліп баласы үшін барын аямайтын аналардың қасиеті тым бөлек қой. Динараның анасы Орал Өтешова апайымыз бірге осы әлем чемпионатына тілеуін тілеп бірге барыпты. Қуанышында шек жоқ. Қуанбай қайтеді. Баласы анасының ғана емес елінің, алем қазақтарының намысын қорғап, биік көмбеден көрініп жатқанда...

Анасы Орал апайымыз не дейді екен:

–Қызыңыз бас жүлдені жұлып алғанда қандай көңіл күйде болдыңыз?

–Мен дәл сол сәтте қатты толқып кеттім. Қуанышымды жасыра алмай жылап жібердім. Жыласаң қуаныштан жыла деген ғой. Соңғы айналымды менің қызыммен түскен Әзербайжанның қызы еді. Ол өте керемет шахматшы екенін білем. Үміт пен күман бойымды қатты қалжыратып тұрған. Мен жарыс алаңының сыртында қызымның тілеуін тілеп отырғам. Жарыс көпке созылды. Ойын аяқталды деді, бапкері жүгіріп келіп. Артыма жалт қарасам қызымның қарсыласы рухы түсіп шығып келеді екен. Сонда Алла тағала тілегімді бергенін біле қойдым. Қазірде қатты толқып тұрмын. Жарыстан келгеннен бері қызымыз екеуміз де қарбаласпыз. Күнде қонақ, күнде ақпарат құралдарының адамдары келіп, құттықтап, жазып баламды барша жұртқа таныстырып жатыр. Сендерге тек аналық алғысымды айтамын.

–Балаңыздың осындай биік өреге жетуіне қалай көмектесіп отырдыңыз?

–Мен өз басым шахматты ойнап көрген емеспін. Қалай ойнайтынын да білмеймін. Бірақ, балаларым неге қызықса мен сонда болам. Үнемі сырттарынан қарап, бақылап отырамын. Керек деген дүниелерін барынша алып беруге тырысамын. Динараның Әрсен ағасы Айнұр деген әпкесі бар. Екеуі де шахматты жақсы меңгерген. Шахматтан спорт шеберіне үміткерлер. Сол балаларыма да қатты ризамын. Динараға көмектесуден жалықпайды.

–Динараның бұған дейін қандай жетіс-

тіктері болды?

–Үш жыл бұрын Түркияда өткен Әлем чемпионатында және Азия чемпионатында күміс жүлдемен оралған болатын. Биыл Ресейде шахматтан 39-ншы Бүкілдүниежүзілік Олимпиада өтті. Сол сында «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген нормативті орындады. Әр деңгейде алған жалпы 34 медалы бар. Бұл жолғы медалы оның алғашқы ең үлкен жетістігі. Жылдың аяғына дейін еліміздің Шахмат федерациясы қызыма «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген куәлік беруі керек деп ойлаймын.

–Динараның жеңісіне билік тарапынан қандай қолдап, қуаттаулар болып жатыр?

–Қазақстан Рспубликасы Шахмат федерациясының президенті, вице-премьер Әсет Исекешев арнайы құттықтап, Динараның алдағы уақытта бұдан да зор жетістіктерге жетуіне әрдайым көмек қолдарын беретінін айт-

ты. Мен барлығына да рйзамын.

–Сіздің де әңгімеңізге көп рахмет. Балаңыз бұдан да үлкен биіктерден көрінсін.

Автор:
Әңгімелескен: Күнсұлтан ОТАРБАЙ.