Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ДАТ ДАСТАРҚАНЫНЫҢ ДӘМI Немесе Дания дiни татулық пен экономикалық өсiмге қалай қол жеткiздi?


17 ноября 2010, 21:19 | 2 388 просмотров



Бүгiнгi сөз көшбасшы мемлекеттердiң бестiгiне енетiн Дания Корольдiгi жайында болмақ.

ТЕҢIЗ ТҰТҚЫНЫНДА...

Еуропа құрылығы мен Скандинавия жарты аралығының иiнiнде жатқан Дания Корольдiгi бiздiң дәуiрiмiздiң тоғызыншы ғасырынан берi өмiр сүрiп келедi. Елдiң аумағы солтүстiктен оңтүстiкке қарай 360 шақырым-

ға, ал, батыстан шығысқа қарай 480 шақырымға созылып жатыр. Корольдiктiң денi аралдардан тұрады. Гренландия мен Фарер аралдары өз алдына автономиялық ел атанған. Осы екi аралды қоспай есептегенде Дат корольдiгiнiң еншiсiндегi жер көлемi қырық үш мың тоқсан үш шаршы шақырымға жетедi. Оның 29776 шаршы шақырымы Ютландия жарты аралына орналасса, бес жүзге жуық кiшi-гiрiм аралдарды бiрiктiретiн Дат архипелагы 12729 шаршы шақырымды бауырына басып жатыр. Әлемдегi ең үлкен архипелаг аталатын бұл өлке Ютландияның шығысында, Балтық теңiзi мен Каттегат сарқырамасының аралығына қоныс тепкен. Елдiң тағы бiр ерекшелiгi – теңiз жағалауы мен құрлықтың ара қашықтығы не бары 60 шақырымды ғана құрайды. Демек, Данияны дүниежүзiндегi алып теңiздiң құрсауында қалған жалғыз ел деуге болады.

ҚҰС ҚАНАТЫНДА...

Теңiз тұтқынындағы Дат Корольдiгiнiң табиғи келбетi де Еуропаның осы бөлiгiндегi елдердiң ешбiрiне ұқсамайды. Теңiзден соққан жылы самалдың әсерiнен елде қыс болмайды деп айтуға келгенiмен, табиғаттың дүлей мiнезiнен ада емес. Ақпандағы орташа ауа қысымы 0 градуста болса, шiлдедегi сынап бағанасы 15-16 градустан аспайды. Бiрақ, жыл он екi ай бойына жел уiлдей соғып тұратын болғандықтан күннiң райы көңiлден шықпай жатады.

Бiрақ, табиғаттың бұл ерекшелiгi Данияның көрiктi келбетiне кемшiлiк әкелмейдi. Әрi суы мол топырақтың нуы да әлемет болатыны шындық. Орманды алқап Дат жерiнiң он пайызын құрайды. өкiнiштiсi, кез келген мезгiлде елдiң өңiн кiргiзiп тұратын орманды алқаптар сиреп барады. Ол жыл сайын көлемi артып келе жатқан ауыл шаруашылығына тiкелей қатысты екен. Яғни, ағаш өскен аймақтар бiртiндеп егiстiк алқапқа айналып келедi. Ол өз кезегiнде орманды мекен ететiн жануарлар әлемiне де соққы болып тиюде. Керiсiнше табиғи қолайлылық пен теңiз жағалауына жақын болғандықтан елдiң фаунасы өте бай деуге болады. өйткенi, жылы жақты бетке алған құстардың негiзгi аялдамасы осы өлке. Айтпақшы, елде құстардың ұя салуы мен аялдауына арналып арнайы жер бөлiнедi де, оны кәдiмгi күзет қызметi қадағалайды.

ЕЛДЕ...

Кәрi құрлықтың басқа елдерiне қарағанда Корольдiкте халық тығыз қоныстанған. Соңғы деректер бойынша ел астанасы Копенгагенде 625,8 мың адам қоныстанса, ең үлкен қалалар санатындағы елдi мекендер: Орхуста - 275,5 мың, Оденседе - 182,6 мың, Ольборгте - 159 мың, Эсбергте - 82,6 мың, Раннерсте - 64,4 мың, Коллингте - 59,6 мың, Хернингте - 57,7 мың, Хелсингерде - 56,9 мың, Хосенсте - 55,3 мың және Вайледе - 52,3 мың тұрғын тұрып жатыр. Бұл деректер елдегi урбанизацияның өте күштi екендiгiн бiлдiрсе керек. Ол тiршiлiкке қолайлы өңiрлерде тiптi орасан. Мәселен Ютландиядағы жер үлесi әр сексен бiр тұрғынға 1 шаршы шақырымнан келедi. Оған өз алдына басқару құқығына ие екi арал - Греландия мен Фарердегi халықтың санын қосыңыз. Алғашқысында 59 мың, кейiнгiсiнде 50 мың адам тұрады. Аралдардағы тұрғындардың денiн еуропалықтар құраса, шамалы бөлiгiн көне инуиттар, яғни эскимостар құрайды. Елдегi өмiр сүру ұзақтығы да Еуропаны басып озып тұр. Мысалға, ерлердiң орташа өмiр сүру жасы - 75 жастың шамасында болса, әйелдерге 79-80 жас тән.

Ел аумағына бiздiң дәуiрiмiздiң бiрiншi ғасырында келiп қоныстанған герман тайпалары - англдар мен саксылар бүгiнгi негiзгi ұлтты құрайды. Негiзгi қатынас тiлi - дат тiлi.

Елде евангельдiк-лютерандық шiркеу ресми статусқа ие, тұрғындардың 87 пайызын лютерандар осы дiни қауымға салық төлеп тұрады. Әрi мемлекеттiң қолдауына сүйенедi. Бiрақ, дiн бостандығы заңмен қорғалады. Екiншi дiндiк басымдыққа мұсылмандар ие, олардың саны 74 мың екен. Сондай-ақ, 33 мың католик, 6 мың баптис, 5 мың иудей мен осынша Иегова куәгерлерi дат елiнiң ортақ дастарқанынан дәм татып жүрiп жатыр.

БИЛIКТЕ...

Басқару билiгi. Мұрагерлiк жолымен жалғасатын конститутциялық- монархиялық басқару үлгiсi Данияға да тән. Тiзгiн корольдiң қолында, ол өз билiгiн атқарушы үкiмет, 21 адамнан тұратын министрлер кабинетi арқылы жүргiзедi. Үкiмет Парламенттiң алдында есеп бередi. Елдiң заң шығарушы құрылымы тiкелей корольге бағынатын бiр палаталық парламент - Фолькетинг болып табылады. Онда 176 депутат бар. Парламенттiң қырық мүшесi саяси партиялардың тiзiмiмен сайланғандар. Және екi мүшесi автономиялы аралдар - Греландия мен Фарердiң өкiлдерi. Депутаттықтан үмiткердiң мiндеттi түрде дат азаматтығы болуы және осы елдiң тiлiн бiлуi шарт. Осы талапқа сай келген он сегiз жастағы әрбiр азаматтың халық қалаулысы атануға құқы бар. 1953 жылы қабылданған Конституция бойынша елдiң екi пайызының даусын алған саяси партиялар парламентке өтедi. Ал, Данияда Парламент үлкен беделге ие. Әр төрт жыл сайын қайта сайланатын Фолькетинг мемлекеттiң қаржылық құжаттарын қабылдап және оның орындалуын да бақылайды. Депутаттардың қызметiнен мiн тапқан жағдайда билеушi король парламенттi кез келген жағдайда және уақытта таратып жiбере алады.

Сот билiгi. Ол төменгi деңгейдегi 82 соттан және екi аппелляциялық соттан тұрады. Бұл екеуiнiң үстiнен Жоғарғы сот қарайды. Бұған қосымша корольдiң ынтасы бойынша шақырылып, Данияның Жоғарғы соты атауына ие болған тәртiптiк кеңес жоғарғы сотта көп жыл қызмет iстеген 15 төрешi мен Фолькетинг ұсынатын 15 төрешiден құралып, алты жыл мерзiмге сайланады. Әдiлеттiң соңғы шегi болып саналатын бұл кеңес мемлекеттiк қызметшiлердiң тәртiбiн, жемқорлыққа қатыс-

ты iстердi қарайтын қатарлы ұйым болып табылады. Азаматтық iстер мен қылмыстық iстердi қарау кезiнде төралқалық сот шешiм шығарады. Дания заңдары кез келген қылмысты қатаң жазаға кескенiмен өлiм жазасын қолданбайды. Ел 1933 жылы-ақ бұл жазадан бас тартқан болатын.

Жергiлiктi басқару. Әкiмшiлiк бөлiнiсi бойынша Дания он төрт амтқа, яғни губернияға жiктелген. Оның сыртында екi қалалық коммуна - Копенгаген мен Фредериксберг ерекше басқару құқына ие. Жергiлiктi билiк төрт жыл мерзiмге сайланатын кеңестердiң қолында.

НАРЫҚТА...

Iшкi жалпы өнiм. XXI ғасырға аяқ басқан жылда әлемнiң көптеген елдерi экономикалық дағдарысты бастан өткергенi белгiлi. Дания бұл тұстан теңселмей шыққан үштiктiң iшiнде аталды. Яғни, жан басына шаққандағы iшкi жалпы өнiмнiң көлемi бойынша Швейцария мен Жапониядан ғана кейiн тұрды. Бұл жылдары IЖө-нiң ақшаға шаққандағы мөлшерi 155,3 миллиард долларды құраған. Ал, мемлекеттiң шығындары табыстың 46 пайызына ғана шамалас едi. Бұл көрсеткiш қазiргi күнi де сақталып отыр. Бiрақ, Даниядағы өмiр сүру өлшемiнiң өте қымбаттығына орай, корольдiк 2000 жылдары бәсекеге қабiлеттi елдердiң арасынан 12-шi орыннан көрiнсе, биылғы жылы да бесiншi тiзiмнен табылуға мәжбүр болды.

Сыртқы сауда. IЖӨ-нiң алпыс пайызға жуығы сыртқы сауданың үлесiнде. Ежелден негiзгi әрiптестерi саналатын Германия, Швеция, Нидерланды және Норвегиямен ардағы өзара сауда айналымында Дания көшбасшылық орында. ЕуроОдақ мүшелiрмен экспорттық және импорттық қатынасы сыртқы сауданың 68,8 пайызын құрайды. Ал, АҚШ-пен алмасатын сауда-саттық 4 пайыздың шамасында. Қазақстанның тәуелсiздiк алуымен бiрге Даниямен арадағы сыртқы сауда қатынастары жолға қойылып келедi. Бүгiнде бiздiң елiмiздiң нарығынан дат өнеркәсiбiнiң қолтаңбасын қиналмай табуға болады. Тағам өнеркәсiбiнiң, химиялық өнiмдердiң түрлерi Қазақстанға жол тартуда.

Дерек пен дәйек

МЕМЛЕКЕТТIҢ АТАУЫ: Дания Корольдiгi.

ҚҰРЛЫҚТАҒЫ ОРНАЛАСУЫ: Орталық- солтүстiк Еуропа.

ЖЕР КӨЛЕМI: 43093 шаршы шақырым.

ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ: шамамен 5500 мың адам.

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛI: Дат тiлi.

АҚША БIРЛIГI: Дат кронасы. 2002 жылдан берi ЕуроОдақтың ортақ ақшасы - Еуроны тұтынады.

Автор:
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ