Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлттық брендтен айрылып қалмаймыз ба?


24 сентября 2009, 04:38 | 2 490 просмотров


Жеті қазынаның бірі саналатын ит қадым заманнан бері адамның сенімді серігі болып келеді. Үйінің төріне шығармаса да қарғыбау тағып, төрт аяқты досын қазақ қашанда жақсы көреді. «Итің ұры…» деген адаммен ұстаса кететін қызық мінезі тағы бар.

Құмай тазы салып, қиқулатып аңға шыққан аталарымыздың сенімді серігіне деген құмарлығы таңға айтса таусылмайтын әңгіме. Аты алысқа кетіп, арлан алған тазыларын бір қыздың қалыңмалына жетерлік жылқыға айырбастамағандар да болған деседі кезінде. Желден жүйрік сол тазылардың тұқымы бүгінде құрып кетті деу-ден аулақпыз, бірақ сондай қауіптің бары рас. Құмды, таулы, аң аулауға қолайлы аудандарда ғана болмаса, қазір қалаға жақын жерден тазыны көру мұражайдағы жәдігерді тамашалағанмен бірдей. Одан беріде қазақы төбеттеріміз де «қайдасың?» деп іздеттіретіндей жағдайға жетіңкіреп қалды. Дәлірек айтқанда, ит тұқымы азып барады. Басы аюдікіндей, ірі денелі қазақы ит қазір қалтасы қалыңдардың үй күзетшісіне айналған. Көбі туа салысымен, бас салатын түрлі ауруларға қарсы вакцина егілмегендіктен ерте өліп қалады. Оны әлпештеп, уақтысымен дәрісін салдырып, бағып-қағып отыратын қазекең қайда?

1939 жылы Қазақстанда тазының саны - 7 мың, ал төбет 19 мыңға жетеқабыл болған екен. Ал бүгінде еліміз бойынша тазының 300-дей, қазақы төбеттің 1 мыңға жетер-жетпес қана тұқымы қалыпты. Дабыл қағарлықтай-ақ жағдай. Қолға алып қорғамаса, айналдырған аз ғана жыл ішінде «Қызыл кітапқа» енуі де ғажап емес. «Қызыл кітап» демекші, 2003 жылы асыл тұқымды үй жануарлары мен жабайы аңдарды қорғау туралы Қазақстан Үкіметінің қаулысы шыққан болатын. Әйтсе де, қаулыдан қайран болмайтын түрі бар. Өйткені, таза қанды иттерді қорғау, сақтау туралы жазылған бірде-бір бап жоқ. Сол себепті, тазымыз бен төбетіміз Қазақстанның «Қызыл кітабына» енбей қалған. Мамандар ұлттық бренд болатындай асыл тұқымды иттеріміздің еліміз үшін аса маңызы бар екендігін тамсанып айтады да қояды.

Әлемде иесіне пәленбай мың доллар табыс түсіретін өте бай иттер де бар. Олардың түрлі байқауларға қатысып, алған медальдарының өзі бір төбе. Ит жүгіртуден, ит төбелестен озып шыққан олардың күшіктері де өте қымбат. Әрі тұқымының тектілігі де ескеріледі. Мәселен, әкесі тянь-шаньдық тайган, шешесі еуропалық бладгаунд десе бітті. Одан беріде әкесі чемпион, шешесі кандидат десе де көкесінің құнын сұрап, шарықтатып әкетеді. Бірақ сол медальді иттердің қатарынан қазақы төбет көрінбейді. Қой бағудан қолы тимей жүр ме, әлде… Олардың тұқымының тым азайып кетуінің де түрлі себептері бар. Біріншіден, үркіншілік жылдары бай иелерімен арғы бетке асып кетті. Екіншіден, кезінде шолақбелсенділердің кесірінен індет қадағалау стансасы мамандарының сылтауымен ит атқыштардың қарауылына ілігіп қырылды. Үшіншіден, соғыс жылдарында иттерді майданға аттандыру да қазақы төбеттердің сирексуіне себеп болды. Арқасына граната байлап, жау танктерін жарып жіберуге пайдаланған қайран сол қазақы төбеттердің ерлігі еленбеді-ау! Тек ел аузында айтылғаны болмаса… Үй күзетіп, қой да қайырысатын, адамның сенімді серігі итті бағаламайтын әдетіміз және бар.

Түркіменстан, Өзбекстан, Кавказда үйлену тойларында ит төбелестіру әдетке айналған. Сол үшін олар асылтұқымды иттердің тұқымын көбейтіп, баптайды. Түркімендердің Ахалтеке жылқысымен аты шықса, енді Алабай иті-

мен де аты асқақтап тұр. Оны қорғауды түркімендер мемлекеттік деңгейде шешіп қойған. Алабай тұқымды итті шекарадан шетке шығару мүмкін емес. Шекарадан шығарып, қолға түскен адам бас бостандығынан айырылады. Бүгінде Түркіменстанда Ахалтеке жылқысы мен Алабай итін өсіруге арналған арнайы бағдарламалар қолға алынған. Оларда тұқымын асылдандыру үшін арнайы зертхана, питомник, тіпті зауыттар салынған. Осылайша, олар ұлттық мақтаныштарын сақтап қана қоймай, тұқымын көбейтіп сатып, шаш етектен пайда тауып отыр.

Бізге әлі де кеш емес. Таза қанды иттердің санын көбейту үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, иттерді баптап өсіретін арнайы орындар ашу қажет. Ол үшін ниет болса болғаны. Аюдай азулы арландарымызды қорғауға алып, тұқымын көбейтуді ешкім ескермей отырғаны өкінішті. Енді біраз жылдан соң онсыз да аз қалған қазақы тұқымды иттен мүлдем айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан да қазақы төбет пен тазыны қорғауды бүгіннен қолға алу керек. Әйтпесе, қымызымызға иелік еткен немістер сияқты тағы бір пысықтардың шыға келмесіне кім кепіл?..

Автор:
Гүлжан КӨШЕРОВА