Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Президент шыршасы балаларға жаңа жылдық көңіл күй сыйлады


25 декабря 2019, 11:43 | 330 просмотров



Бүгін Талдықорған қаласында жыл сайынғы дәстүр бойынша Президенттік шырша мерекесі өтіп, оған облыстың түкпір-түкпірінен 200 бала қатысты. Атап айтқанда, мерекелік шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, аз қамтылған отбасының балалары, үздік оқитын, республикалық және халықаралық оқушылар олимпиадаларында, спорттық жарыстарда жетістікке жеткен балғындар келді. Оларды Жаңа жыл мерекесімен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Алтынай», «Талдықорған әуендері» би ансамбльдерінің және Қапшағай қалалық балалар шығармашылығы орталығының өнерпаздары Ақшақар биін орындап, Жаңа жылдық шырша тойының шымылдығын ашты. Талдықорғандағы №42 балабақшаның бүлдіршіндері тақпақ айтып, жаңа жылдық шашу шашылды, көңілді әндер орындалды.

Балаларды Жаңа жылмен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады:

- Құрметті балалар, ата-аналар, педагогтар, жыл сайынғы Президент шыршасына қош келдіңіздер! Бүгінгі мерекеге оқуда, спортта, ғылыми, шығармашылық ізденісте жетістіктерге жетіп жүрген озат балалар облыстың әр қиырынан шақырылды. Бұл шара – жас ұрпаққа арналған Жаңа жылдық сыйымыз. Осы жарқын сәттер естеріңде ұзақ сақталады және алдағы жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуға септеседі деп ойлаймын. Мемлекет сендерге үнемі қамқорлық көрсететіп келеді. Жақсы оқыңдар, үлкенді сыйлаңдар, Отанымызды мақтан тұтыңдар, сонда біздің Қазақстанымыз үлкен жетістіктерге жетеді. Жаңа 2020 жылмен құттықтай отырып, сендерге мықты денсаулық, шат көңіл, бақытты ғұмыр тілеймін! Әрқашан толайым табыстарыңмен бізді қуанта беріңдер! – деді.

Текелі қаласындағы № 8 орта мектептің 5 сынып оқушысы Ернұр Сұлтанбек, Талдықорғандағы № 16 мектеп-гимназияның 3 сынып оқушысы, «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Анастасия Степанова осындай көңілді шара ұйымдастырған азаматтарға балалық жүрекпен алғыстарын айтты.

Қол ұстасқан балалар шыршаны айналып, хормен ән айтты, би биледі. Шоу-бағдарламаға балалар қуана қол соқты. Олар Аяз Атамен бірге әлемнің көптеген елдеріне саяхат жасап, Жаңа жылды тойлаудың түрлі салт-дәстүрлерімен танысты, жаңа жылдық ойындар ойнады. Цирк әртістерінің, гимнастика шеберлерінің, фокусшылардың, жонглерлердің қызықты көрсетілімдері балаларға ерекше сыйлық болды. «Алға, жастар!» флешмобы мерекелік концертті түйіндеді, шара соңында дастархан жайылып, балалар тәттілерден дәм татты.

Осы күні Президент шыршасына қатысқан әрбір балаға сый ретінде қыстық киім мен аяқ киім, спорттық форма, кроссовки, жаңа жылдық тәттілер, құттықтау хат, қазақ және орыс тілдеріндегі «Абайдың қара сөздері» кітабы берілгенін атап өтуге болады.