Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектебінің мақтанышы


2 декабря 2010, 08:52 | 2 136 просмотров



Мектеп өмірінде топ жарып, түрлі жарыстардағы жеңістерімен ұстазының мерейін асқақтатын оқушылардың орны бөлек. Еңбегінің жемісін көрген ұстаз атаулы жұмысына жаңа жігер-күшпен кірісетін болар. Дәл осындай мектебінің мақтанышына айналып үлгерген, дарынымен дараланып, спорттық сайыста алдына жан салмайтын жас өрен – Талдықор-ған қаласының №19 орта мектебінің 7 «ә» сынып оқушысы Дәулетхан Дәулеттің жеңіспен оралған қуанышты сәтін бөлісуге мектеп басшылығының ұйымдастыруымен өткен жиынға куәгер болған едік.

Алты жасынан алғашқы алтын иегері атанған жас өрен жайында мектеп ұстаздары да

(Гүлшәт Дәулетбекқызы,), сынып жетекшісі Бақытгүл де ауыз толтырып айтары аз емес-ті. Қарашаның 21-жұлдызында аталмыш мектепте өткізілген жиында жас спортшыны өзінің қатар-құрбылары мен мектеп басшылығы құттықтап, мерейлі мезеттің сәнін ән мен жылы лебіздерге толтырды. Осы қуанышқа біз де ортақтасып қайттық.

Шынықсаң шымыр боласың!

19 алтын, 8 күміс, 3 қола иегері, Облыстық, республикалық, тіпті Халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпазы, дарынымен дараланған Дәулетхан Дәулетпен тілдескен де едік.

«Мен осы соңғы жарысым Африка мемлекетінде болды. Ол жарыста мен каратэ, каратэ-до, акинава ... спорт түрінен екінші орын иеленіп қайттым.

Осы спорт түрінен Қазақстанда жеті мәрте бірінші орынды, үш рет екінші орынды, бір рет үшінші орынға ие болдым. Спорт шеберіне кандидат атанып та үлгердім», - дейді ол.

Спорттың қай түрі қиын деп ойлайсың?

Спорттың қиын түрі болмайды. Егер сен төзе білсең, барлық қиыншылықты жеңіп шыға аласың. Мұндағы басты ұстаным – шыдамдылық пен тұрақтылық.

Спорттық сайыстарда еске алар қиын сәттерің болды ма?

Иа, африкалық спортшымен болған кездесуде маған тойтарыс беріп, біршама қиыншылықпен жеңіске жеткенім есімнен әлі күнге дейін кетпейді.

Мектептегі сүйіп оқитын пәнің қандай?

Мектепте сүйіп оқитын пәнім – физика, математика.

Болашақта қандай арманың бар?

Болашақтағы арманым – алдағы Олимпиадаға жолдама алсам, онда да жеңіс тұғырына шықсам деген арманым бар.

Армандарың асқақ болсын, Дәулет! Жеңістен жеңіске жете бер! – деп тіледік жас спортшыға.

Аман болсын немерем!

Дәулеттің атасы, Қайдар Сәлімбаевтың да жүрегін жарып шыққан жылы лебізін де келтіргенді жөн көрдік:

Дәулет 4-жасынан бастап спортпен шұғылданды. 6-жасында алғашқы алтынды жеңіп алып, мерейімізді ас-қақтатты. Бұл жетістіктерге өз ынтасы мен еңбекқорлығының арқасында жетіп отыр. Қазақстанның барлық облыстарына барып қана қоймай, шетелге шығып жүлделі оралды. Қытайға да. Осы соңғы ретте Африкадан екінші орын алып келіп отыр. Спорт десе жанын қоярға жер таппайтын балам. Күреспен де, каратемен де айналысады. Бұған да тәуба, амандығын тілеп отырамыз. Болашақ жеңістері әлі алда, талай белестен көрінеді деп ойлаймын. Ынтасы зор. Ешқашан қиындықтан қайтпайтын қайсар мінезі бар, шыныққаннан шаршап көрген емес. Соған қарағанда, әлі көп үміт-сенімді ақтайтынына сенемін» - дейді ақсақал.

Біздің де жас ұланның алар шыңы мен жетер белесіне сеніміміз мол. Дәулетке үлкен өмір белесінде де сәттілік тілейміз!

Автор:
Бағдагүл ДӘУЛЕТ