Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АТЫРАУДА ХИДЖАБ ТАҚҚАН СТУДЕНТ ҚЫЗДАРДЫ ОҚУДАН ҚУЫП ЖАТЫР


2 декабря 2010, 08:47 | 2 368 просмотров



Агротехникалық колледжде оқитын мұсылман қыз хиджаб кигені үшін оқудан шығарылды. Ал Атырау университетінің бір топ студент қыздарын мұсылмандық үлгідегі киімдері үшін бірнеше күн сабаққа кіргізбей қойды. Екі оқу орыны да ішкі тәртіп ережесін алға тартады.

«ЮБКАҢДЫ ҚЫСҚАРТ,

ОРАМАЛЫҢДЫ ШЕШ»

Бибінұр Өмірзақова биыл Атыраудағы агротехникалық колледждің екінші курсына көшкен болатын. Бухгалтер мамандығы бойынша білім алып жатқан қызды хиджаб кигені үшін биыл қарашаның 12-сі күні колледж директоры оқудан шығарды.

– Бірінші пар сабақтан соңғы үзілісте мені колледж директоры Болат Қожиев көріп қалып кабинетіне шақырды. Сабақ оқығым келсе ұзын юбканы қысқартуым қажеттігін айтты. Мен үндемедім, – дейді Бибінұр Өмірзақова.

Агротехникалық колледжі директорына студент Бибінұр Өмірзақованың сабаққа хиджаб киіп келгені туралы жазған түсініктемесі. Атырау, 12 қараша 2010 жыл.

16 жастағы Бибінұр мұсылмандық жолын ешкімнің үгіт-насихатынсыз өз жүрек қалауымен таңдағанын айтады. Ол былтырғы Құрбан айттан бері намаз оқып жүр екен.

– Мешітке жұма намазына екінші мәрте барғанымда намаз оқудың шарттарын толық үйрендім. Енді оны тастағым келмейді. Намазға жығылған күннен бастап өмірге деген көзқарасым өзгерді. Түнгі клубтар мен сауық кештерінен шықпайтын құрбыларымның жүрісі мәнсіз екенін түсіндім, – деп сыр шертеді Бибінұр Өмірзақова.

– Енді не істемек ойың бар? Намаз оқуды доғарасың ба?

– Жоқ, намаз оқуды тастамаймын. Бірақ не істерімді де білмеймін. Хиджабпен жүруге рұқсат беретін колледж Атырауда жоқ. Маған «орамалың мен юбкаңды тастап келесі жылы келсең екінші курсқа қабылдаймыз» дегенді айтты. Бірақ мен олай істей алмаймын.

– Дегенмен өз мақсатыңды, құқығыңды қорғау ойыңда бар ма?

– Оған талпынғаныммен бізді ешкім тыңдамас, баласынады ғой. Менің ойымша, бұл шаруамен ата-анамыз айналысуы керек. Бірақ менің анам намаз оқуыма қарсы. Ал басқа қыздар да ата-аналарынан тайсақтайды.

– Колледж директорымен сөйлескенімде «осындай киім кигендер ата-аналарын, мұғалімдерді тыңдамайды» дегенді айтты. Ол кісінің уәжіне не айтасың?

– Құранның Нұр сүресінің 31-ші аятында «басшыларыңды тыңдаңдар, бірақ Алланың сөзіне қарсы келмеңдер, қарсы келгенді тыңдамаңдар» деген бар. «Әйелдеріңе, жұбайларыңа және басқа әйелдерге айт, орамалдарын кисін, омырауын жапсын» деп келеді сүре жолдары. Анам – менің басшым. Мен ол кісіні тыңдаймын, үйдің барлық жұмысын жасап, көмектесемін, жұмыстан келгенде асын әзірлеп қоямын, сабағымды да оқимын. Бірақ ол кісінің «намазыңды таста» дегеніне құлақ аса алмаймын. Ал екінші басшым – директор-

ым. Ол кісінің «юбкаңды қысқарт, орамалыңды шеш» дегенімен де келісе алмаймын. Егер мұны орындасам менің Алланың бұйрығына қарсы шыққаным, – дейді Бибінұр Өмірза-қова.

Қазірде Атыраудағы агротехникалық колледжде 2500 студент білім алып жатыр. Бибінұр Өмірзақованың айтуынша, мұндағы дін жолындағы қыз балалар саны 20 шақты. Олардың бірсыпырасы оқудан шығып қалмау үшін етектерін қысқартуға мәжбүр бол-ған.

ДИРЕКТОРДЫҢ ЖАУАБЫ:

Атырау агротехникалық колледжі директоры Болат Қожиевтың айтуынша, орамал таққан қызбен өзара әңгіме еш нәтиже бермеген. Ал Бибінұр Өмарзақованы оқудан шығару Білім министрлігінен келген талапқа сай, оқу заңына сүйеніп жасалып отырған шара деп түсіндірді директор. Ол өзі оқудан шығарып тастаған қызды осы білім мекемесінің ішкі заңына бағынбайтын, әрі мұғалімдерді тыңдамайтын, мұғалімдерге бірнеше рет түсініктеме жазған шәкірт деп сипаттады.

– Сіздің бұл әрекетіңіз студенттің конституциялық құқығына қайшы болмай ма?

– Ешқандай қайшылық жоқ, сіз маған сеніңіз, мен ұзақ жылдар бойы жастар тәрбиесімен айналысып келген адаммын. Егер мен Өмірзақованы колледжде қалдырсам оған қарап басқа балалар еліктейді. Бірақ мен оны мүлде шығарып жіберіп отырғаным жоқ. Мен оған ойлануға мүмкіндік беріп отырмын. Егер ол ертең «оқып, диплом алып, елге қызмет еткім келеді» деп киімін өзгертіп келсе кез келген уақытта қабылдаймын, – дейді Болат Қожиев...

Автор:
Сәния ТОЙКЕН, «Азаттық радиосы»