Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЗАҢНАМАҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ


24 сентября 2009, 04:40 | 1 963 просмотра


Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 10 шілдесіндегі № 179-4 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Қазақстан Республикасының «Авторлық құқықтар және сабақтас құқықтар туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі орындауларды немесе фонограммаларды пайдалану сипатына (көпшілік алдында, соның ішінде радиода және теледидарда орындауға, шығарманы механикалық магниттік заттармен немесе өзге жазба арқылы көшірмелеуге, қайта көшірмелеуге және басқа да жағдайларға) байланысты мүліктік (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен жүзеге асыру іс жүзінде мүмкін болмаған жағдайда, орындаушылар мен фонограмма шығарушыларға сыйақының ең төменгі ставкаларын белгілеуі мүмкін деген баппен толықтырылды.

Сондай-ақ, мүліктік құқықтарды ұжымдық басқарудың мақсаттары мен олардың қандай салаларда құрылуы туралы толықтырулар мен өзгерістер енгізілген. Яғни, ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелері өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар құруға құқылы. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның коммерциялық қызметпен айналысуға, сондай-ақ ұжымдық негізде басқару үшін алған туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыруға құқықтары болмайды.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, атап айтқанда, ұжымдық басқарудың мынадай салаларында:

1) көпшілік алдында орындалуына, жалпы жұрттың назарына кабель бойынша хабарлау немесе эфирде беру, оның ішінде ретрансляциялау арқылы хабарлауға қатысты жарияланған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындылардың үзінділеріне айрықша құқықтарды басқару;

2) дыбыстау-бейнелеу туындыларында пайдаланылған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындылардың авторлары болып табылатын композиторлардың осындай дыбыстау-бейнелеу туындыларын көпшілік алдында орындау немесе жалпы жұрттың назарына кабель бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

3) бейнелеу өнерінің туындыларына қатысты қадағалау құқығын басқару;

4) авторлардың, орындаушылардың, фонограммалар және дыбыстау-бейнелеу туындыларын шығарушылардың фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта әрі табыс алмастан қайта шығару үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

5) орындаушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кабель бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

6) фонограмма шығарушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кабель бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

7) жарияланған туындыларды көшіруге (репрографиялық қайта шығаруға) құқықтарды басқару салаларында құрылуы мүмкін.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаруға өкілеттікті тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері жазбаша шарттар негізінде ерікті түрде, сондай-ақ осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдармен жасалған тиісті шарттар бойынша береді. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі мұндай ұйым өкілі болатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүддесіне сай жүзеге асырылады.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым ұжымдық басқару салаларындағы қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттеу туралы куәлік алуға құқылы. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу ерікті болып табылады. Ал, аккредиттеу дегеніміз, ол ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың заңды құқықтарын уәкілетті органның ресми тану рәсімі болып табылады.

Демек, мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар өз қызметін авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне мүдделерін қорғауға бағыттайды, оның ішінде оларға сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны туралы, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері туралы және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептер беріп тұруға міндетті.

Автор:
А.НИГМЕТОЛЛАЕВ, Алматы облысы Әділет департаменті зияткерлік меншік құқығын қорғау бөлімі жетекші маманы