Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Туберкулезден сақтанып жүріңіз?


18 марта 2020, 11:27 | 1 058 просмотров



  Туберкулез әлемдегі ең көп таралған инфекцияның бірі. Микроскоп астындағы туберкулез микробы қатты ұлғайған кезде кішкентай таяқша тәріздес болып көрінеді, сондықтан туберкулез таяқшасы деп аталды. Бұл қапуіпті инфекция қазіргі таңда аудан тұрғындары үшін де қауіпті. ЕҢ алдымен Туберкулез дегеніміз не? Осыған тоқтала кетейік.

Туберкулез - бұл өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Туберкулез - бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының - сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы.

Туберкулез қалай тарайды?

Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерін дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті болып қала отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкіру, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін.

 Туберкулез ауруына ықпал ететін факторлар

  1. Толыққанды тамақтанудың болмауы.
  2. Туберкулезбен ауыратындармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасау (кішкентай балаларға қысқа мерзімді қарым-қатынастың өзі жеткілікті).
  3. Маскүнемдік.
  4. Темекі шегу.
  5. Нашақорлық.
  6. Ілеспе аурулардың болуы (диабет, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары).

 Туберкулез белгілері?

  1. Ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел
  2. Шаршау және әлсіздік
  3. Дене салмағының төмендеуі
  4. Температураның ұзақ көтерілуі
  5. Түнде тершеңдік
  6. Кеуде қуысындағы ауырсыну
  7. Қан түкіру

Туберкулезді қалай анықтауға болады?

  1. Тері туберкулин сынамасы (Манту) адамның жұқтырғанын көрсетеді.
  2. Рентгенологиялық тексеру (флюорография) өкпенің зақымданғанын көрсетеді.
  3. Қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.

Туберкулездің алдын алу шаралары

  1. Салауатты өмір салты.   Бұл мақсатқа жету үшін ең жақсы жолы - күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру.
  2. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақтылы ұйқы, яғни дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.
  3. Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады.  
  4. Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану, су процедуралары — сүртіну, құю, душ.
  5. Жөтел этикетін сақтау
  6. Гигиеналық тәртіптің маңызды бөлімі дұрыс тамақтану болып табылады.

24 ақпан 24 наурыз аралығында Жамбыл ауданында туберкулез ауруын алдын алу айлығы өтті. Айлық барысында  медицина қызметкерлер халық арасында туберкулездің алдын алу шаралары туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. СӨС кабинетінің мамандары фтизиатр дәрігерлерімен бірлесіп Аудандық емханада 24 ақпан күні «Туберкулез туралы не білеміз?» атты акпараттық акция өткізді, Ақсенгір ауылындағы мектебінде «Өзіңді туберкулезден қорға!» атты ақпараттық акция өткізді, Т.Рысқулов атындағы мектептегі интернатта «Туберкулезге жол жоқ!» ұранымен сурет салудан байқау өткізді. «Ұлан» балабақшасында тәрбиешілер арасында түсіндіру жұмыстарын жргізді, Жамбыл атындағы кәсіптік колледжінде студенттер арасында «Туберкулездің алдын алу» тақырыбында семинар өткізді.

Автор:
Л.М. Ногайбаева - врач фтизиатр, А.К. Сатова - валеолог кабинет ЗОЖ, Жамбылский район