Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

1 қазанға дейін МӘМС төлемінен босатылды


23 апреля 2020, 07:12 | 774 просмотра



1 миллионға жуық қызметкер жарналар мен аударымдардан босатылды

Шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылдың 1 қазанына дейін, ал ірі бизнестің кейбір субъектілері 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. Мұндай шараларды мемлекет төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында қабылдады.

«Олар жұмыс беруші ретінде 2% мөлшеріндегі МӘМС аударымдарын төлемейді, сондай-ақ өз қызметкерлерінің жалақысынан да 1% жарна ұстамайды. Осылайша, 1 миллионға жуық азамат (бұл - осы салалардағы қызметкерлердің жалпы саны) МӘМС төлемінен босатылды. Алайда, олардың барлығы қажетті медициналық көмекті толық көлемде алуы тиіс, олар үшін медициналық қызмет ақысын Қор төлейді», – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері.

Салықтар мен әлеуметтік төлемдерге «нөлдік» мөлшерлемені қолданатын субъектілердің тізімі бекітілді. Бұл – сауда, көлік және техникалық қызметтер, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана және қонақ үй бизнесі, ойын-сауық, бағдарламалық қамтамасыз ету және фитнес субъектілері.

Қаулыда көрсетілген санаттарға кірмеген бизнес субъектілеріне МӘМС жарналары мен аударымдарын төлеу мерзімі 2020 жылдың 1шілдесіне дейін шегерілді.

Жеке кәсіпкерлер де жеңілдік алды. Оларға 2020 жылдың 1 қазанына дейін өз қызметкерлері үшін аударымдарды төлеудің және жалақыларынан жарналарды ұстаудың қажеті жоқ. Алайда, өзі үшін төлеу керек – төлеу мерзімі 2020 жылдың 1 маусымына дейін ұзартылған.

«Заң жарналар мен аударымдардан бас тартуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан 1 қазанға дейін бизнестің субъектілерінде төленбеген кезең бойынша қарыз пайда болады. Осыған байланысты Қор «жарна төлеуден босатылған» кызметкерлерге қарызды есептемейтін заң нормасын енгізу туралы ұсыныстарға бастамашы болып отыр. Осылайша қиын кезеңде Қор азаматтарға қолдау көрсетпек. Қазір бұл өзгертулерді өңдеу жұмыстары жүргізілуде, оларды үкімет қарайды», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Сонымен қатар, Қор БЖТ төлеушілер санының өсуін де атап өтті, өйткені оны төлеу – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алу шарты. «Табыссыз қалған және ресми түрде жұмыс істемейтін азаматтар – қала тұрғындары үшін 2 651 теңге және ауыл тұрғындары үшін 1 325 теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем жасап, жәрдемақы алу үшін өтінім беріп, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүшесі бола алады. Осыған байланысты БЖТ төлеушілердің саны 85 мыңнан (1 сәуірге дейін төлегендер) 1,8 миллион азаматқа дейін ұлғайды. Алайда, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу үшін төлемдерді үнемі жасап тұру керек (сақтандырылған мәртебесін алу үшін кемінде 3 ай)», - деп толықтырды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда сақтандырылмағандардың үлесі шамамен халықтың 15% -ды құрайды. Алайда, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін барлық азаматтар шартты сақтандырылған болып саналады және тегін медициналық көмекті толық көлемде алады.

Автор:
«Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі