28 мая 2020, 12:02 | 1 536 просмотров
Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған тарихи шешім – «Педагог мәртебесі туралы» заң. Бұл заң, ұстаз мамандығының мерейін көтеріп, беделін арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, әрбір педагогтің қоғамдағы орнын анықтайтын, сонымен бірге табысты еңбек етуге тікелей қолдау көрсететін маңызды құжат.
Дамыған отыз елдің қатарында болу – еліміздің даму стратегиясының басты саясаты. Елің дамығандығының белгілері ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері болса, мұның барып тірелер жері – білім, ал білім беру тегі – мұғалім. «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», деп Мағжан Жұмабаев айтқан еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасындағы осы сөзді қайта тірілтіп, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті.
«Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы педагогтердің Тамыз конференциясында айтқан тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген болатын.
Жаңа заңда қарастырылған позициялардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді.
Педагогке тән емес функцияларға тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Осы нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, педагог мамандардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты сияқты бірқатар материалдық емес ынталандыру қарастырылған. Бұл ретте әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтерге жоғары жалақы төлеу, денсаулығын сақтау, «Үздік педагог» сынды гранттарға әлеуметтік кепілдіктер сақталған.
Жергілікті атқарушы органдарға педагогтердің еңбегін көтермелеудің қосымша шараларын, соның ішінде жергілікті ерекшелік белгілерімен, құрметті атақтармен марапаттау, біржолғы сыйақы төлеу құқығы берілетін болады.
Көзделген нормалардың маңызды блоктарының бірі – материалдық ынталандыру. Негізгі материалдық ынталандыруларға сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы, барлық педагогтер үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу және басқа да шаралар жатады. Бұған қоса магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған. Бұл норма өз кезегінде мектепте жұмыс істейтін 5029 педагогке қатысты және мектептерге академиялық дәрежесі бар жаңа мамандарды тартуды көздейді.
Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр.
Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орнында берілетін білім мен тәрбиенің қайнар көзі ұстаздың өресіне, білімділігіне байланысты.
Жаңа заң еліміздің тиісті деңгейдегі білім ордаларындағы мұғалімдерге де, білім алушыларға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.