Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тема: БІЛІМ

Балаларды қорғау-болашақты қорғау


28 мая 2020, 12:04 | 1 386 просмотров



1 маусым бүкіл  әлем бойынша балаларды қорғау күні  болып саналады, балалар мейрамы - халықаралық  мейрамдардың  бірі. Әрине,  тек мейрам ғана емес, олардың өмірін қорғау, денсаулықтарын сақтау басты мақсат етіледі.  Бала-болашақ, бала-ата-ананың  бауыр еті, еліміздің ертеңі екенін бәріміз де білеміз. Олай болса сол баланың бақытты балалық шағы біздің,  ересек адамдардың жауапкершілігінде екенін  әр саналы азамат сезінуі керек.

Баланың бақыты отбасынан басталады.

Ата-ананың басты қазығы, алтын діңгегі, темірдей тірегі-бала.  Ал, бала қазіргі қоғамда жеке тұлға, сол жеке тұлғаны дамытатын кішігірім орта- отбасы. Отбасының басты мақсаты: баланы өмірге әкеліп, дамытумен қатар оны өмірге дайындап, рухани жағынан жетілдіріп, тұлға ретінде қалыптастыру. Ол үшін отбасында жақсы қарым-қатынастағы махаббат, сүйіспеншілік, адамгершілік, қайырымдылық, әділдік пен ұйымшылдық, мәдениеттік қасиеттер болуы керек екені бәрімізге аян.

Мынандай жасампаз, жаһандану ғасырында мектеп партасында отырған баланың жан-жақты сапалы білім алуына ең бірінші ықпал ететін-ұстазы болса, оның сенімді сүйеніші ата-анасы. Сондықтан да ата-анасы өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс. Бала тәрбиесі- ата-ана үшін әрі күрделі, әрі жауапты міндет екенін мойындауымыз керек. Сол себепті болар, ұлы жазушы, ұлт жанашыры  Мұхтар Әуезов: «Ұл тәрбие­лей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» десе, еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә Назарбаев өзінің рухани жаңғыру жөніндегі кезекті мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады» деп  қоғамдағы бала тәрбиесінің маңызды екенін және жас ұрпақтың санасына Қазақстандық патриотизмді қалып­тастыруды, олардың бойына туған жердің рухын сіңіруді баса айтып, міндет етіп жүк­тегенін бәріміз де білеміз.

Балаларымыздың бақытты балалық шағы  егеменді еліміз гүл жайнаған тәуелсіз Қазақстанда өтіп жатыр. Жас ұрпақтың болашағы үшін барлық жағдай жасалуда, заман талабына сай керемет мектептерде жан-жақты білім алуда. Олай болса, біз бүгінгі ұрпақтан үлкен үміт күтеміз. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бейім болатыны баршамызға аян. Ендеше Бауыржандай батырды, Қайраттай қайсар ұлдарды, Әлия мен Мәншүктей намысты қыздарды тәрбиелеу үшін ата-анадан бастап, бүкіл қоғам атсалысу керек.

Балаларды қорғау күні тек мереке емес, ұрпақты қорғау күні, сонымен қатар болашағымызды сақтап, еліміздің ертеңін қорғау күні ретінде сақталуы тиіс.   

Автор:
А.Кулахметова, Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары