Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫҚ ӨНЕРІ


1 июня 2020, 17:25 | 142 просмотра



Назарбаев Зияткерлік мектептер әлемді жақсартуға дайын, сыни тұрғыдан ойлайтын, әлеуметтік жауапкершілігі мол белсенді азаматтарды тәрбиелеуді мақсат етеді. Әсіресе, ұлттық болмысқа негізделген тәрбие – басты орында.

Ұлт мәдениетінің тарихын зерттеп, оқушыларға күйді насихаттау, ұлттық мәдениетімізді дәріптеу мақсатында Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мекетбінде «100 күйдің тарихы» жобасы жүргізіліп келеді.

Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер.

Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй», деп жырлағандай, зияткер оқушылар Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасымен, тарихымен, өмір жолдарымен таңғы жиындарда, Шаңырақ, кураторлық сағаттарында танысып, насихаттап келеді. Сонымен қатар мектептің үзіліс кезінде қоңыраудың орнына күй орындау енгізілген болатын. Сол үлкен үзіліс кездерінде күйдің шығу тарихы, күй авторының өмірбаяны жөнінде тыңдаушы оқушыларға, мектеп ұжымына мағлұмат беріледі. Оқушылар күйді тыңдай жүріп, оның тарихымен танысады. Уақыттарын тиімді пайдаланады. Мектеп қоңырауында орындалатын күйлер күн сайын ауысып отырады.

«100 күйдің тарихы» жинағына тек домбыра ғана емес, қобыз, сырнай, сыбызғы аспаптарына арналған күйлер енгізілген және Қазақстанның күйшілік өнерінің барлық аймақтарының үлгілері қамтылған.

Бүгінгі таңда барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Тұңғыш Президент күніне орай «Ұлы дала мұрагерлері» атты дәстүрлі домбырашылар флешмобы да өткізіледі.

- Адам өз елінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуі, оған құрметпен қарауы керек. Әр бала мемлекеттің қамқорлығын сезініп өсуі керек. Сонда ғана ол бала мемлекетшіл азамат болып өседі. Осы бағытта мектепте көптеген жұмыс жасалып жатыр. Іс-шараларға ата - аналарды да тартудамыз, – дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Шынар Базильбекова.

Зияткерлік мектепте ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында тоғызқұмалақ, домбыра, қазақ биі сияқты қосымша үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар «100 күйдің тарихы», «Қазақ әндері», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Менің өмірімде қолданатын мақал-мәтелдер», «Екі апта ауылда» жобалары бар.

Автор:
НЗМ баспасөз қызметі