Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бала тәрбиесі – ортақ іс


4 июня 2020, 09:47 | 1 924 просмотра


«Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», — деген екен   М.Жұмабаев.     Тәрбие  арқылы  адам  тағдыры  шешілетінін, оның  білімді  тұлға  болып  қалыптасатынын, елдің  берік  тірегі  болатынын  көрсетеді.   Балалар  тәрбиесіне,  келер ұрпақ  тәрбиесіне  қай  кезеңде  болса  да,  қай  елде, қай  ұлтта  болмасын  үлкен  мән  берілген. Өйткені  бала – біздің  болашағымыз. Жаман бала болмайды. Бақша ағаштарын баптап, күтсең ғана жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету – қоршаған ортаның, ата-ана мен мектептің міндеті.

Жас ұрпақты  тәрбиелеу  жүйесіндегі  шешуші  буын  мектеп  болғандықтан, мектеп ұстаздарына  қашан да зор  жауапкершілік  артылуда. Әр  жеткіншек мектеп  арқылы  өмірге  үлкен жолдама  алады. Мектеп пен ата-ананың мақсаты бір болғандықтан, іс-әрекеттері біте қайнасқан. Осы тұрғыдан алғанда мектеп –тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жан-жақты жеке тұлға  қалыптасуында әртүрлі іс-әрекеттерді үйлестіріп, дайындау орталығы.  Мұнда тәрбие түрлерінің сан алуаны жүзеге асырылады.Бүгiнгi мектептердегi жүргiзiлетiн тәрбиенiң негiзгi мақсаты да, мектептегi оқушының жас ерекшелiктерiне қарай құндылықтар маңызын санасына сiңiрiп, осыған байланысты тәрбие түрлерiн анықтау.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» демекші, ұрпағымызды  бала  кезінен-ақ  ұлттық  тәрбиемен сусындатып, адамгершілік қасиетке,  рухани мәдениетке  баулу  керек. Тәрбие ісіне Ұлттық құндылықтарымызды арқау етсек,  өз нәтижесін берері анық.

Осы тұрғыда мектебімізде «Инабат» әжелер және  «Азамат» әкелер клубтары жұмыс жасайды. Мақсаты – жастардың бойына ұлттық құндылықты сіңдіре отырып, парасатты адам етіп тәрбиелеу. Осы бағытта біршама зиялы қауым өкілдері мен үлгі боларлықтай азаматтармен, қала ақсақалдарымен кездесулер мен кештер ұйымдастырылды.

Әрбір  оқушыны  тәрбиелеудің  стратегиясын  білу  үшін  тек  оның  өз деңгейін ғана біліп  қоймай,  сонымен  қатар  оның отбасы жағдайын, тұрғылықты жерін, араласатын ортасын білуіміз керек.  Ата-ана мен отбасы арасын жақындататын ол- мектепте өткізілетін әртүрлі мерекелер, іс-шаралар.Мектепте  ұйымдастырылатын ашық тәрбие сағаттары, психологиялық тренингтер, құқық қорғау органдары инспекторларымен, медицина саласының өкілдермен, ақсақалдар алқасыменкездесулер ұйымдастырып инабаттылыққа, имандылыққа баулитын ақыл-кеңестер алу өз нәтижесін береді.Сондықтан мектебімізде көптеген маңызды шаралар өтуде.       Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты қашықтан оқуға көшкен кезде де тәрбие жұмысы тоқтаған емес.  Әрине, кез келген жаңа бастамада кедергілер болары сөзсіз. Десе де, ата-ана, ұстаз үштігі бірлесе отырып, ынтымақтастықта жұмыс жасап, кез келген кедергіні бірлесе жеңіп келеміз. Алғашында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында zoom бағдарламасы арқылы «Біздің мектепте қашықтықтан оқыту қалай ұйымдастырылады?» тақырыбында ата-аналар жиналыс өтіп, қашықтан оқу жағдайы түсіндірілді.  Жаңа өзгеріске дайындау, баланы үйде оқытып, тәрбиелеу кезінде  кездесетін қиындықтармен күресе білу мақсатында ата-аналарға мектеп психологтары тарапынан кеңестер беріліп, тренингтер жүргізіліп тұрады. Баланы қашықтан оқытуға басында жүрексінген ата-аналар қазір әдеттеніп, төселіп алды.   Қашықтан ұйымдастырылған барлық іс-шараларға белсене араласып, балалардың қатысуына да жағдай жасап отырады.  Мектеп оқушылары  мен ата-аналары «Біз біргеміз», «Үлгілі отбасы», «Өнер әлемінде» тақырыптарында өткен үздік бейнероликтер сайысына, «Кім жүйрік?» интеллектуалды ойынына, «Жылдам ойла» логикалық есептер жарысына, «Біріміз –  бәріміз үшін!» спорттық челленджге, «Шебер қолдар» сайысына, вертуалды көрмелер мен саяхаттарға, «Сатауатты өмір салтын ұстанайық» тақырыбындағы денсаулық күніне, жалпы айтқанда барлық мектепішілік, қала, облыс, республика көлемінде өтіп жатқан шараларға белсенді араласып келеді. Бұл тұрғыда оқушыларға үй жағдайында қолдау көрсетіп отырған ата-аналарға Алғысымыз шексіз.

Биылғы оқу жылының соңы ерекше болып,  біраз ауыртпалық салғаны рас, дегенмен, “жұмыла көтерілген жүк жеңіл” дегендей ата-аналардың жауапкершілігінің, мектеп ұстаздарының шеберлігі мен кез келген жағдайға икемдігінің арқасында ол қиындықты да өткердік.

«Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын»,- деп өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы айтқандай, жастарымызсаналы, тәрбиелі, парасатты болсын десек өзіміз үлгі болайық.

Автор:
Раушан Молдакулова, Ш.Уәлиханов атындағы ОМГ-ның мұғалімі. Талдықорған қаласы.