Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жыршылардың, билердің қазақ қоғамындағы орны


4 июня 2020, 09:52 | 1 496 просмотров



Қазақ ауыз әдебиетінің бүгінгі қоғамдағы орнының тым ерекше екенін жалпы жұртшылық жақсы біледі.

20 ғасыр әдебиеттің алтын ғасыры болып бағаланғаны да баршамызға мәлім. Ғасырлар бойы жалғасқан саф өнерді бүгінгі күнде дамыту ұлтымыздың болашағы үшін өте маңызды.  Бүгінгі егеменді еліміз үшін бар ғұмырын сарп еткен Төле би:

«Хан қақпа, халық қазына, ән сәнің, би көркің, ақын жорғаң, батыр қорғаның,би таразың»- деп айтқан екен. Бүгінгі Тәуелсіздік бақытына жету жолында қазақ билері мен жыршыларының сіңірген еңбектері ерен. Атақты Қобыланды, Алпамыс, Қыз Жібек секілді жыр-дастандардың бізге жетуі жолында жыршылардың атқарған еңбектері өте зор. Ауызба ауыз дастандарды жаттау үшін қаншама қабілет керек. Ал оны жеткізу жолы тым бөлек құбылыс.

Батыс өңірінде жыршылық мектеп жақсы қалыптасқан. Әлі күнге дейін екі үш  күндеп жырлайтын жыршылар бар. Біздің облысымызда да да бұл іс қолға алынып жатыр. Биыл Астана қаласының 20 жылдығына орай облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен  «Бәйтеректі ордам басты ордам» атты жыршылар байқауы өтті. Биыл Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығына орай күзде қазан айында халықаралық жыршылар байқауы өтейін деп жоспарлануда.

Қазақ халқы жыршылық өнерді тым ерекше бағалаған. Жетісу жерінде Қабан жыраудан басталған жыршылық мектеп өз миссиясын адал атқарды. Жетісу жастары «Тіл –бұлбұл,Ақыл-дария,Көңіл-жұйрік.» деген Қабылиса ақынның сөзі естерінде. Сол үшін де бүгінгі ерен ұрпағымыз салйқалдылығымен де осы  күнге  жетіп отыр.

Екі  жарым  ғасыр бұрын өмір сүрген Кердері Әубәкір «Тойлы жерде жырлауды, қазалы жерде жылауды ұмыттық» деген екен. Ал бұл іс бүгінгі күнде келмеске кеткендей көрінеді.

Ғасырлар қатпарынан үн қатқан Мөңке бидің бүгінгі күнді болжауына кім дат айта алады.

Темірден құс болады, ұрпағыңның көргені сұс болады, күнде бітпейтін жиын болады, базарда сұйытылып сүт сатылады, қарап тұрған жігітке қыз артылады, Ежірей деген ұлың болады, Бежірей деген қызың болады. Айтса айтқандай бүгін шыққыр көзіміз осыны көріп отыр. Осыны бәрі қоғамда орын алып жатыр. Анасын, әкесін өлтірген деректер аз тіркеліп жатқан жоқ. Осының бәрі рухани құндылықтан айрылғанның белгісі. Ұлтты ұйыстырып, патшаның ақылына ақыл, ойына ой қосып, бітімгершілікке шақырып отыратын қазақ билерінің орыны мүлде бөлек.

Қазақ үш жүзге бөлінбейді, үш жүзден құралады. Осыны аңғарған билеріміз әр жүздің міндетін де өз уақытында бөліп берген. «Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Орта жүзді қалам беріп дауға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген ата сөзін қазір кім ескеріп жатыр.

Біз болашағы зор ұлт боламыз десек ата сөзінен аспауымыз, надандықты тастауымыз керек. Елбасымыз айтқандай Біздің тарихымызда ұрпақ ұялатын ештеме жоқ. Ерлікке, өрлікке толы тарихты ұмыттыру үшін жасалған солақай саясаттың кесірінен бүгінгі күнге жеттік. Ендігі күнде осы дәстүрді жалғау, жастарымыздан талап ету жолында ақсақалдардың атқарар еңбегі еселену керек.

Әйгілі Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Адам қай тілде білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді.» Бүгінгі күнде ел билеп отырған азаматтардың ұлтжанды болуы, олардың өз ана тілінде толық мәлімдеме жасай алуын басшылықта ұстау керек.

Үйдегі ұрпағымызды қай тілде оқытып жатқанына бәріміз жауаптымыз. Олармен әңгімелесу, ұлт құндылығын жеткізу баршамыздың ортақ ісіміз деп білемін. Екі баланың ортасында отырған ақсақалдың бала болатынын, екі ақсақалдың ортасында отырған сәбидің дана болатынын алдағы өмір дәлелдеп кетті. Сол үшін дала академиясының пайымды парасатын жоғалтпайық. Елден би кеткенмен, сый кетпесін. «Берекені көктен іздеме, бірлігі мол көптен ізде»  деген Ескелді бидің сөзі ескерусіз қалмасын дегім келеді.

Автор:
Шалқар Оразбаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Дене шынықтыру және өнер факультеті