4 июня 2020, 09:54 | 1 397 просмотров
Өнертапқыш, отандық өндіріс ұйымдастырушысы, техника ғылымдарының кандидаты, ҚСРО – ның еңбек сіңірген металлургі (1980) «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
ИМАНҚҰЛОВ БАЗАРАЛЫ ИХМЕТҰЛЫ
«Қарашада өмір тұр, тоқтатсаң тоқсан келер ме?» - деп ұлы ақын Абай атамыз айтқандай, апталап айлар, жылдам жылжып жылдар өтіп жатқан заман-ай!
Биыл қыркүйектің бірінде аяулы да ардақты бауырымыз Иманқұлов Базаралы Ихметұлы 80 жасқа келетін еді. 62-ге қараған жасында, күш қайраты бойында, әлі де болса бергенінен берері мол, өзінің сүйіп таңдаған мамандығы металлургия саласына қосатын үлесі зор шағында кенеттен дүниеден озды.
Қамшының сабындай келте ғұмырда өзіңе жол көрсетіп, бағыт сілтеген, салиқалы сөзімен, орнықты мінезімен санаңда сәуле қалдырған Аға туралы өткен шақта әңгіме айту жүрекке оңай тимесі анық. Бірақ, Алланың пәрмені солай болғандықтан, еріксіз көнесің.
Ұлы Абай айтқан мынадай ғибрат сөзі бар:
Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел.
Алдыңғы толқын — ағалар,
Кейінгі толқын — інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
Әр дәуірде өмір сүрген, әр қиырда қызмет атқарған асыл тұлғалардың алатын тұғыры – туған жері туған топырағы. Ел мен жердің, халықтың байлығы да, атақ – даңқы да адамдық өнегесімен, адамгершілік қасиетімен, биік тұлғасымен елінің мерейін көтерген азамат арқылы танылса, сол ардақты азаматтардың бірі де, бірегейі де біздің бауырымыз Базаралы Ихметұлы деп айтуға тұрарлық.
Халқымызда асыл сөз көп. Соның бірі «аға» деген сөз. Әдетте ағалардың үлгісі мол, өзінше ғажап тағлымы мен тәрбиесі таусылмайтын шежіре мектеп. Біздің бауырымыз, әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды, ең көрікті де сымбатты, ең көңілді, ең дана да данышпан, ең тәкаппар, ең шыншыл да адал адам ретінде жадымызда қалды.
Иманқұлов Базаралы Ихметұлы табиғаты жанға жайлы, жері құнарлы, таулы да, сулы, қоңыр желі көңіліңді әрқашан сергітіп, тың бастамаларменен әдемілікке, көркемдікке, шығармашылыққа, жаңашылдыққа шақырып тұратын жер жаннаты Жетісу өңірі Көксу ауданы, Көкбастау ауылында 1940 жылдың 01 қыркүйегінде өмірге келді.
Армандай білу – асыл мұраттарға бастайтын алғашқы баспалдақ. Бала шақтың өзінде болашаққа қиялмен қанат қағып, алсам деген асуың мен шықсам деген шыңыңды іштей пайымдап алмай тұрып, әлдекімдерге құрғақ еліктеп, асығыстыққа бой алдырған арман қанша сұлу, қанша биік болса да, сағымға айналады. Ал өзіңнің жан дүниеңнің қалауы мен өмір қажеттігінің үйлесімінен туған, шынайылықпен астасқан танымың мен талабыңды ұштастырған арман бүкіл тіршілігіңе терең мән мағына дарытады. Ар мен ақылға жүгінген адамның арманы уақыт өте келе сол тұлғаның өзіне соққан ескерткішінің тұғырына ірге тас болып қаланады да, оның мәртебесі мен мерейін үстем етеді, абырой – атақтың биігіне шығарады. Базаралы Ихметұлының өткен өмір белестері осы тұжырымның айқын дәлелі бола алды.
1957 жылы Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыры орта мектебін күміс белгімен бітіріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына келіп түсіп, оны 1962 жылы үздік аяқтады. Институттың аспирантурасына қалуға рейтінгі жетіп тұрса да отанымыздың өндірістік саласын жетілдіруге, жанданыруға өз үлесін қосу мақсатында Шығыстағы Ертіс полиметалл комбинатына жолдамамен аттанды.
Өзінің еңбек жолын Ертіс полиметалл комбинатында жай жұмысшыдан бастады. Әр адамның өмір жолы - өзіндік сара жол. Негізінде Базаралы бауырымыздың барлық мағыналы өмірі мен карьерасы металлургия өнеркәсібімен тығыз байланысты болды...
1962-1985 жылдары Ертіс полиметалл комбинатының мыс қорыту зауытында балқытушы, цех бастығы, бас инженер, директор қызметін атқарды.
1985-1991 жылдары бүкілодақтық түсті металдар ғылыми зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкері, Қытай Халық Республикасындағы Халатун мыс-никель зауытында кен өндіру технологиясын жетілдіріп өндіріске енгізу ісінің ғылыми жетекшісі қызметтерін атқарды.
Өткен ғасырдың 90 – жылдарының басы қоғамдық жүйе өзгерісіне сай келіп, еліміз жеке тәуелсіз мемлекет атанды. Міне, осындай уақыт болмысында, өтпелі кезеңнің «сұрғылт» мезгілінде Шығыс Қазақстан облысының жекешелендіру комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметі Базаралы Ихметұлына жүктелді. Кейіннен 2000 - жылдан Зырьян қорғасын комбинаты ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Өндірістік қызметтерде жүргеннің өзінде ғылыммен қатар айналысып техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады. Өнертапқыш, отандық өндіріс ұйымдастырушысы, ҚСРО – ның еңбек сіңірген металлургі (1980).
Ғылыми еңбектері Қазақстан түсті металлургия технологиясын жетілдіруге, жаңартуға, оның ішінде мыс, мырыш, қорғасын балқыту процестерінің тиімді жолдарын іздестіруге арналған. 50-ден аса ғылыми еңбектің, 6 ғылыми жаңалықтың авторы. Қазақстан түсті металлургиясына сіңірген зор еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медалдармен марапатталған.
Ұлы Абай атамыздың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген ұлағатты сөздері бар. Осы үш қасиетті кемел ғалым, зерделі зерттеуші, өндірістік тәжірибеге бай Базаралы бауырымыздың бойынан байқалатын.
Өзінің ақкөңіл, адал ниет, байсалды да, байыпты әдемі мінезімен, үнемі жымиып жүретін келбетімен, көпшілдігімен бауырымыз Базаралы бір көрген адамды баурап алатын. Осы бойындағы бар асыл қасиеттерді ата-анасының тәрбиесімен, үлгі-өнегесімен қатар туған жер, өскен өлкеден сусындап, бойына сіңіре білген жан. Адам талантты болса, барлық бағытта да талантты. Ағамыз қазақтың тарихын, ұлттық мәдениетін, салт – дәстүрін, өнерін терең білетін. Ол кісі домбырада өте жақсы ойнайтын. Қазақтың халық әндерін, халық композиторларының әндерін өте жақсы көретін, және оны домбырамын сүйемелдеп өзі де орындайтын. Анамыздың дауысы керемет еді, өз кезінде ауылдық халық театрында өнер көрсеткен жан. Сол анамыздың сүйіп айтатын әні Естайдың «Қорланын» бауырымыз да нақышына келтіріп домбырамен сүйемелдеп орындайтын.
Бір ұл, бір қыз бала тәрбиелеп өсірді. Олар екеуі де әке жолын қуып металлург болды. Ұлы Ербол Базаралыұлы Иманқұлов атақты металлург, еңбек жолын Өскемен қорғасын-мырыш комбинатынан бастады. Гидрометаллург-аппаратчик қызметінен завод директорына дейін жоғарылап, 2014-жылы Қарағандыдағы басқармасында металлургиялық кремний шығаратын заводы бар «Tau-Ken Temir» ЖШҚ – на директоры болып тағайындалды. Үздік еңбектері мен қызметінің өнімділік көрсеткіштері үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» мемлекеттік төс белгісімен, «Қазақ Цинк» ЖШҚ ның күміс ерекшелік белгісімен марапатталды. Қызы Гүлжан Иманқұлова «Қазақ Цинк» ЖШҚ – да белді қызметкер.
Өзге адамдарға қашан болса қол үшін беруге дайын тұратын ұстамды, адамгершілік қасиеті жоғары, мінезі жұмсақ, ғалым–практик, өндіріс ұйымдастырушысы, тәлімгер, төккен тері мен еткен еңбегінің жемісін көріп, қызығына бөленер шағында, ақыл ой мен парасаттың кемел биігіне көтерілген кезінде өмірден ертерек озған адал, ақ жүрек, аяулы бауырымыз – өзіңіз орны толмас өкінішпен, сыздатар сағынышпен мәңгі жүрегіміздесіз!