Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тойдағы тойымсыздыққа тойтарыс беретін заң керек


25 декабря 2010, 13:58 | 1 497 просмотров



Жалпы, жер бетінде есепсіз өмір сүретін бірден-бір халық болса, ол қазақ қана шығар. Қалтасында көк тиыны болмаса да, көрші-көлем, ағайын-туыстан жылу жинап, болмаса банктен несие алып, жүздеген адамды тойға шақыру – қазақтың ғана қолынан келетін іс. Әйтпесе, той шығыны деген шаш етектен.

Қазіргі таңда Алматының қарапайым мейрамханасында той өткізу кем дегенде кісі басына 5 мың теңгеден келеді екен. Сондықтан, шыны керек, кейде шаршап тұрсақ та, ең болмағанда отырған орнымыздың ақысын төлейік деп, ұялғаннан баратын кезде болады. Себеп: халқымыздың «бармасаң, келмесең – жат боласың, алмасаң-бермесең – сарт боласың» деген шымшыма сөзі бар. Бәріміз «сарт» атанудан қашамыз.

Шамамен шотты қағып жіберіп, бір тойдың қисабын шығарып көрелік. Мәселен, 200 адамдық үйлену тойына орташа есеппен алғанда мынадай шығын кетеді:

1. Асаба – 1000 доллар.

2. Музыка – 500 доллар.

3. Жан басына 5000 теңгеден дастарқан – 7000 доллардай.

4. Азық-түлік шығыны – 1000 доллар.

5. Таспаға түсіру, көлік жалдау, фото суреттер – 1000 доллар.

6. Әр әнші – 1000 доллар, атақтылары – 3000-нан ары қарай.

7. Қалыңдық пен күйеудің киімі – 1000 доллар.

8. Киіт, той малы, әшекей бұйымдар – 10 мың доллар.

Барлығы: 24 500 доллар.

Бұл – ортанқол отбасының той шығыны. Ал зәулім сарайларда тұрып, шетелдерден тұтас арал сатып алып жатқан байлардың той шығынына шаш жетпейтін шығар. Олар тіпті тойында тікұшақтан ақша шашудан жарысып жатыр емес пе?! Бай өзінің барын шашар, ал жоқ адам қайтпек?

Бұл тойдың материалдық жағы десек, мазмұны жағынан да қазақ тойының біршама кемшілігі байқалады. Мәселен, бірінші кезекте тойдағы шамадан тыс сөз сөйлеулерге кімнің де болса зығырданы қайнайтыны сөзсіз. Қазақта «әке тұрып, ұл сөйлегеннен без» деген сөз бар. Бірақ бүгінде ақсақалдан бастап әңгіме айтып, баласы тақпақ оқумен аяқтаудан арланбайтын болып алдық. Сондағы айтатынымыз не? «Зор денсаулық, ашық аспан, мөлдір махаббат» – осы үш ауыз сөз қазақ тойының репертуарынан мәңгі орын алғандай. Үлде мен бүлдеге орану жағынан бір-біріне дес бермейтін қауым тойға барарда айтатын сөзін ұмыт қалдыратын секілді. Бірақ сонысына арланса мейлі ғой, ортаға шығып алып, бірінен кейін бірі бастапқыдағы «дежурный» үш тілектің тонын теріс айналдыра береді, айналдыра береді... Жиналысқа айналған той солайша таңға жуық әрең бітеді. Сондайда «шіркін, гру­зиндердегі үрдіс бізде болса ғой» дейсің: оларда біреу айтқан тілекті қайталау өте ұят саналады.

Бұл аздай, ендігіде қазақтың тойы «шенеуніктің концертіне» ұласуға айналыпты. Барған жеріне өзінің «плюсовкасын» ала барып, әлгіні қосып жіберіп, аузын жыбырлатқанда, анау-мынау әншіңді жолда қалдыратын шен иесін көргенде, «қап, өнер әлемі өз саңлағын жоғалтып жүр екен-ау» деп қаласың.

Әнші демекші, дәл бүгін шоу-бизнестің қамын жеп жүргеннен гөрі, той бизнесінің нанын жеп жүргендер көп екені даусыз. «Кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айтасың» дегендей, той асыраушысы болған соң, әншілер де репертуарларын барынша тойға икемдеп, буын-буыныңа дейін билеп кететін-

дей әндерге көшкен. Соның әсерінен қазір сахна тойханаға айналып кеткен сияқты.

Тізе берсек, таусылмас. Алайда осының өзі оңай сын емес секілді ұққанға. Мұны реттейтін бірден-бір құзырет – мемлекетте. Яғни той туралы арнайы заң болмаса да, қаулы қабылданса игі еді. Шамадан тыс шашылуға тыйым салып, астамсыған бай мен тыраштанған кедейді бір ортақ тәртіпке бағындырар кез жеткендей.

Автор:
Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ