Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ


19 октября 2020, 09:36 | 190 просмотров



Біз құтқарушыларды яғни түрлі төтенше жағдайлар мен өрт сөндіру мамандарын қоғамда көрініс алып жатқан небір апаттарды реттеп, олардың алдын алатын қызметкер деп түсінеміз. Алайда, бұл қызметтің қаншалықты күрделі һәм қауіпті екеніне мән бермейміз. Бейбіт елде ғұмыр кешіп жатқанымызбен, түрлі айтып келмейтін апаттардың кесірінен қызмет бабымен жүріп қаза тапқан құтқарушылар қаншама. Күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған батырлардың ерлігі – ерен. Міне, осындай өз қызметтерінде жасаған ерліктерін, ерлік емес басты міндетіміз деп жүрген төтенше жағдай қызметкерлерін бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық.

1995 жылы 19 қазанда Төтенше жағдайлар қызметі құрылған болатын. Ол Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің №2541 Өкімімен «19 қазан – Құтқарушылар күні» деп ресми түрде жарияланды. Содан бері жыл сайын бұл күн біздің төл мерекеміз ретінде аталып өтуде. Өткен уақыт аралығында елімізде мемлекетіміздің аумағындағы, сондай-ақ одан шеткері жатқан жерлердегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша тапсырмаларды жоғары деңгейде шешуге қабілетті, жедел әрекет ететін қуатты және шұғыл жүйесі қалыптасты.
    Құтқарушылар мамандығы өте қиын және қауіпті. Сонымен қатар құтқарушылар ерекше адамдар, себебі күнделікті дабыл бойынша отпен күресіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып және оларды жою жолдарын атқарады. Бұл күресте құтқарушы жұмысының қауіптілігі сонша, әрбір басқан қадамы соңғы болуы мүмкін. Олар үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау – ең алғашқы міндеттері болып табылады. Бүгінде Қазақстан ТЖМ қызметкерінің беделі жоғары екеніне дау жоқ. Осы жұмыстың нәтижесі – мыңдаған құтқарылған өмірлер.

Осы орайда, яғни, мереке қарсаңында құтқарушылардың тынымсыз еңбегін халыққа айқындап жеткізу мақсатында ауданымыздың №8 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы, 17 жыл еңбек өтілі бар подполковник Қуаныш Абдураймовпен азды-көпті сұхбат жүргізіп, бір күндік жұмыс барысын өз көзімізбен көріп қайттық. Ең алдымен техникалық жабдықтары мен өрт сөндірушілерінің құралдары көрсетілді. Айта кетейік, бұл бөлімше 1934 жылы салынған. Бірақ, осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Алайда алдағы уақытта су жаңа бөлімшенің салынуы жоспарда. Бұл бөлімде жалпы саны 27 адам қызмет атқарады. Оның 22-сі өрт сөндіру бөлімінде болса, қалған 5-і төтенше жағдай бөлімінде.

– Қуаныш Нұржанұлы, жалпы өрт неден шығады?

– Атам қазақ өртті «тілсіз жауға» бекерден-бекер теңемеген. Қызыл жалын тосыннан тұтанады. Өрт көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан шығып жатады. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің басты міндеті - төтенше жағдайлардың алдын алу және жою болып саналады. Ал, басты мақсатымыз адам өмірі мен оның мүлкін сақтау. Осы ретте Көксу ауданының тұрғындарына жылыту маусымына байланысты жылыту пештерін қауіпсіз жағдайда сақтап, моржаларын тазалап, тұрмыстық жағдайда өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында қарапайым ережелерді сақтауларын сұраймын.

– Өрт сөндірушілерге қандай мінез тән?

– Қызыл жалынды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жү­ректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн.

«Тілсіз жаумен» арпалысқан уақытта қандай сезімде боласыз? Әлде тек тапсырманың орындалуын қадағалап тұрасыз ба? Жалпы, лауазымыңызға байланысты қазіргі таңда өрт сөндіруге қатысасыз ба?

– Иә, әрине қатысамын. Бірақ, күнде арнайы киімді киіп алып сапта дайын тұрамын деп айта алмаймын. Басшы болған соң өзіме жүктелген міндеттер де аз емес. Дегенмен, қызметкерлерге қосымша көмек керек кезде немесе күрделі өрт сөндіру уақыттарында басшы екенімді ұмытып, ең басты міндетім құтқарушы екенімді есте сақтаймын. Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар аңсар-назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Басқа әлемді мүлдем ұмытамыз.

– Жүрексінетін кездеріңіз болды ма?

– Оттан қорықсам, өрт сөндіруші болмас едім…

– Өрт сөндіру барысында қандай кедергілерге кездесесіздер?

– Кедергілер жоқ емес. Айталық, жаңадан салынған тұрғын үйлер­дің­ кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол беретін көлік иелері болмай тұр.

№8 өрт сөндіру бөліміндегі экскурсия барысында АЦ 8-40 КамАЗ және АЦ 5-40 УРАЛ мен АЦ 40(130) ЗИЛ автокөліктері көрсетіліп, өрт кезінде жапа шеккен адамдарды қалай құтқару керек екендігі айтылды. Барлық жабдықтарды өз көзімізбен көріп, тіпті арнайы өрт сөндіргенде киетін киімдерді киіп, бір сәтке өзімізді құтқарушы мамандары ретінде сезініп көрдік. Алған әсерім ұзақ уақытқа есте қалардай ерекше болды. Мәселен, УРАЛ автокөлігінде жалпы сыйымдылығы 7 тонна су  болса, өрт сөндіру кезінде 1 секундта 40 литр су шашады. Есептеп көрсек, 1 минутта 2/400 тонна су кетіп үлерегеді екен. Демек 3-5 минут аралығында 7 тонна су бітеді. Су біткеннен кейін гидранттардан қайтадан толтырып отырады. Осы мәліметті оқыған болсаңыздар ендігі кезекте "өрт сөндірушілер оқиға орнына сусыз келіпті, барлығы жанып біткенде жетіпті",- деген әңгімені айтпауларыңызды сұраймын. Себебі, құтқарушылардың жұмыс барысын өз көзіммен көріп келген мен үшін олар бейбіт заманның батырлары!

Келесі кезекте бөлімшенің кезекшілік-диспетчерлік қызметтері жайлы танысып, ақпарат алдық. Онда азаматтардың өтініштері бірыңғай 101 және 112 телефондарына келіп түседі. Яғни, аудан немесе облыс аумағында болған төтенше жағдайлар кезінде ең бірінші осы нөмір бойынша байланысқа шығу керек. Біз барған күні бөлім тыныш болды. Бірақ, өрт сөндірушілер төтенше оқиға бола қалған кездегі өздерін қалай ұстайтынын, қанша мерзімде әзірленіп үлгеріп, өрт болған жерге қанша уақытта баратынын көріп-білу мүмкіндігіне ие болдық. Өртке қарсы қызметінде жауынгерлердің дайындығын сынау үшін жалған дабыл аракідік қағылып тұрады екен. Ауданның төтенше жағдай бөлімі күніне 5 хабарламаға жауап береді. Күн-түн демей 24 сағат халықтың қамы үшін қызмет етеді.

Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде тиісті нүктеге келіп жетуі керек. Жауынгерлер ауысым жетек­шісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан, басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы керек. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне көп байланысты.

Халық қауіпсіздігі үшін төтенше жағдайлар бөлімінің соңғы бір-екі жылда атқарған жұмыстары мен болашақтағы нақты жоспарлары жайлы азды көпті мәлімет ұсынамыз. Аудандық ТЖБ-і басшысының айтуы бойынша жылыту маусымы кезеңіндегі жұмыс барысы мен 2020-2021 жылғы жоспарға сәйкес 8069 жеке тұрғын үй секторының үйлерін аралау жүзеге асырылған. Айта кетейік, Көксу ауданының аумағында 9582 жеке және 59 – көпқабатты тұрғын үй, сондай-ақ 229 аз қамтылған көп балалы отбасы, 76 жалғыз басты зейнеткер, 35 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олар қатты отынмен жанатын пеш жабдығын пайдаланады. Осыған байланысты, біздің басты мақсатымыз пештерді орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу (оларды орындау жылдың жылы мезгілінде ғана мүмкін). Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде Көксу ауданының төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері Балпық би ауылының №8 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамын және "Көксу жастары" жастар қанатының еріктілерімен бірлесе отырып, "Әр үйге өрт қауіпсіздігі" акциясын өткізді. Осы акцияның мақсаты ауданның жеке тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу бойынша аулаларды аралау және қысқы кезеңде пештерді пайдалану және электрмен жабдықтауды жабдықтау кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын халыққа жеткізу болып табылады.

Бұдан бөлек төтенше жағдай бөлімі бірқатар шараларды жүзеге асырды. Сел жүретін бөгеттердегі құлыптау құрылғыларын тексеріп, түбіндегі шөгіндіден селдер тазартылды. Аймақтағы балшыққа қарсы құрылымдардың жағдайы қанағаттанарлық қалыпта. Ішкі істер, қылмыстық атқару жүйесі, төтенше жағдай және ішкі істер департаментінің азаматтық қорғаныс жоспары әзірленіп, барлық тиісті органдармен келісілді.

Өрттердің алдын алу және адамдардың қаза болуын болдырмау мақсатында Көксу ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарында, азаматтардың тұрғын үй секторында және шаруашылық объектілерінде мақсатты жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, төтенше жағдайлар бөлімі аудандық "Нұрлы-Көксу" мен Республикалық "Жәрдем"газеттерімен және облыстық "Жетісу"телеарнасымен тығыз байланыста.

Иә, жоғарыда жазылған мәліметтердің барлығы шынымен жоғары бағаға әбден лайықты деп ойлаймын. Себебі, өте қауіпті әрі жауапты мамандықтың халық үшін атқарып жатқан қызметі зор. Жыл сайын жіпке тізгендей етіп, халық алдында есеп беретін бұл ұжымның еңбегі еселеніп, елене берсе екен деймін. Өзгеге көмек қолын созу қабілеті – адами жанашырлықтың жоғары көрінісі. Бірақ рухани адамгершілігі жеке басының қасиеті емес, өмірлік ұстанымы ретінде қалыптасқан және олардың мамандығы болып кеткен адамдар бар. Бұлар - ержүрек, тәуекелшіл, риясыз құтқарушылар. Олар қайғы-қасіретке душар болғандарға ойланбастан көмекке ұмтылып қана қоймайды, кейде өз өмірлерін қатерге тіге отырып сауатты, жылдам құтқара да біледі. Құрметті құтқарушылар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, қызметтеріңізге үлкен абырой, отбасыларыңызға бақыт тілеймін!

Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!

Автор:
Әлия ИМАНЖАНТЕГІ