Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Біреулер үшін мемелекеттік ту мешок


25 декабря 2010, 07:55 | 2 518 просмотров



Тәуелсіздіктің он тоғыз жылдығын ел болып тойлағанымыз кеше ғана еді. Ал, бүгін сол Тәуелсіздіктің ең негізгі әрі мызғымас мәңгілік белгісі һәм бейнесі тәу етер мемлекеттік Туымыз жаңа жылдық ойыншықтар салынған қапқа айналып шыға келді. Бүтін бір мемлекеттің тәуелсіздігінің айшықты, айрықша белгісін әрі жеке дара заңмен қорғалған мемлекеттік рәмізді Талдықорған қаласындағы «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқа қанар атаулы құрып қалғандай, жасыл шыршаны безендіруге арналған ойыншықтарды салу үшін қап етіп тігіп, әркімнің иығындағы ала дорбаға айналдырған. Қорлаған. Бұл әрекет мемлекеттік рәмізді қорлау болып саналады. Серіктестіктің безендіру бойынша шебері Светлана Друзина мен көгалдандыру бойынша жұмысшысы Галина Краскованың айтуынша, бұл есептен шығарылған Ту екен. «Сондықтан оны бір іске жарату керек болды», - дейді олар. Ал «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары журналисттерді көрген бетте Туымыздан тігілген қапты ойыншықтан босатып, тықтырып тастады. «Тудан неге қап тіктіргенсіздер?» деген сұрағымызға ол: «Бұл қап емес», - деп басын ала қашты.

Міне, алақанға салып аялап, ұлтаралық татулықты қызғыштай қорып, басынан құс ұшырмай отырған біздің отандастарымыздың мемлекетке және оның тәуелсіздігіне деген құрметі. Істері ішкі пиғылдарын айғақтап тұрған сияқты. Яғни бұл адамдарға Қазақстанның тәуелсіздігі, мемлекеттілігі көк тиын деген сөз. Мемлекеттің басты нышанын қорлаған адамдардың оған деген көзқарасын анықтап жатудың өзі артық.

Ал, байрақ болса, арнайы заңмен қорғалған. Туды қорлағандар заңға да пішту дейтіні рас. Заңда мемлекеттік ту туралы былай делінеді:

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы-Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздерінiң бiрi. ҚР Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституция-

лық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Мемлекеттік ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста - ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек - алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемлекеттік туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде - көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде «көк» сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн - уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi».

Осы заңның 15-нші бабында тайға таңба басқандай мемлекеттік рәміздерді қорлағандар заңдық жауапкершілікке тартылады деп жазылған.

«Осы Конституциялық заңның талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау және оның мәтінін пайдалану не Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа әкеп соғады»

Заң атаулының үтір, нүктесіне дейін нақ-

ты орындалуын қадағалайтын Бас прокуратура мұндай бассыздықтың жолын кесуге міндетті.

Иегінің астында мемлекеттік байрақты ала дорбаға айналдырып алғандарды көрмей отырған облыстық, қалалық әкімшіліктер шынтуайтында заң бойынша, аймақ аумағында мемлекеттік рәміздердің қолданылуын бақылауы тиіс. Бәлкім, облыстық, аймақтық әкімшілік мұны әлі естімеген болар. Есті-

месе есін жисын!

«Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асырады».

Енді, туды туырлық еткісі келген әрекеттің астарына, ар жағына үңілейікші. Біріншіден, «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Демек, белгілі дәрежеде жергілікті мемлекеттік билікке бағынышты деген сөз. Бұдан келіп, байрақ қорлаған мемлекеттік мекеме болып шығады. Яғни мемлекет қарапайым азаматтарды былай қойғанда, мемлекеттік рәміздерді өз қызметкерлерінің қорлауынан құтқара алмайтын, қорғауға қауқарсыз. Осылай демеске лаж жоқ. Заңмен қорғалған мемлекеттің басты нышанына қорған бола алмай отырған биліктен не күтуге болады?! Басқа, басқа, туды қорғауға болады ғой. Туды қорғау - мемлекетті, тәуелсіздікті қорғау. Ендеше, билік (орталық, аймақтық, жергілікті билігі бар) жұлдыз санап, ай қарап отыр ма?!

Бекерде қит еткенге депутаттық сауал жолдағыш халық қалаулылары қайда? Туды - мемлекетті қорлаған адамдарға лайықты жазасын беруді неге сұрамайды? Ел ішінде мемлекетке және оның басты нышандарына деген азаматтардың құрметін арттыру бағытында белсенді әрі табанды жұмыс жүргізуді үкіметтен неге талап етпейді? Жоқ әлде халықтың қалаулысы емес, басқаның қалап алғаны ма?

Және бұл өрескел оқиғаға қоғамда кінәлі. Әншейінде түкке тұрмас әрі дәлелсіз, дәйексіз «ішіп кетті, жеп кетті, сатып жатыр, құритын болдық» деп байбалам салып ойға, қырға шапқылайтын қоғамдық ұйымдар қайда? Әлде оларға Тәуелсіздік, мемлекет оның қастерлі бейнелері өртеліп, аяққа тапталып, ала дорбаға айналып жатса да бәрібір ме? Мүмкін олар мұндай іс ұпай бермейді деп ойлайтын шығар. Сондай-ақ, «Қазақстан-

ым, Отаным, Тәуелсіздігім» деп мақтанышпен жүретін кез келген азамат мемлекеттің намысы қорланып, туы туырлық болып жатқанда қалай ғана жайбырақат «аа, солай ма?! Мынау сұмдық болған екен» деумен ғана шектеліп шай ішіп отыра ма?! Осы елдің әрбір азаматының мемлекеттік туды қорғау мәңгілік міндеті. Бейбіт күнде туын қорғай алмаған ел ертеңіне не бетін айтпақ?!

Автор:
Айнұр НҮСІПБАЙҚЫЗЫ