Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Береке бастауы – бірлік пен татулықта


11 ноября 2020, 09:33 | 873 просмотра



Хәкім Абай айтады: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Ақынның мұндағы айтпағы татулық пен бірліктен асқан байлық та, береке де жоқ. Әрине, Қазақстан баурайына көп ұлттың өкілін алып, бірлігі жарасқан аймаққа айналды. Осылайша Алтай мен Атыраудын арасындағы ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы достық мекені деген атауға ие болды.

Бүгін Алматы облыстық партия филиалының Саяси Кеңесі мүшелерінің қатысуымен студент жастардың этно-мәдени ұйым өкілдерімен кездесуі өтті. Мұндағы мақсат – Қазақстанның достық мекеніне айналудағы тарихи жолын ұрпақ санасында жаңғырту. Онлайн режимде өткен жиынды Алматы облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары С.Нұрқадыров жүргізіп, жастарға бірлік пен татулықты ту еткен еліміздің өрісті қадамдары жайлы баяндады.

 - «Бірлік болмай тірлік болмайды» кез келген елдің дамуы алдымен татулықтың, онан соң тұрақтылықтың арқасында екендігі дәлелденген қағида. Ендеше ұлтаралық келісім мен ауызбірлікті ардақтап, сақтай білу – бүгінгі Қазақстан қоғамының алдындағы құнды парызы. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде жалпыадамзаттық институтқа айналған ұйым елдегі келісімнің тұғыры, бірліктің тұтқасы бола білді. Еліміздің дамуы үшін маңызды роль атқарып, татулық пен бірлікті нығайтуда орасан үлес қосып, 100-ден аса ұлт пен ұлыстың басын біріктірген қасиетті шаңырақ қазір төрткүл дүниеге тамаша үлгі танытып келеді. Елбасының жетекшілігімен Қазақстан халқы ауызбірлігі жарасқан қоғамды және экономикасы дамыған демократиялық мемлекетті құрды, - деді С.Нұрқадыров.

«Туган тель» татар этно-мәдени орталығының төрайымы Руфина Усанованың айтуынша, Қазақстан осы бірлігімен талай белестерді бағындырады. «Көп біріксе – ел болар, көп тілегі көл болар» деген қазақтың нақылы соған дәлел.

 - Қазақстан бірлік ұя салған қасиетті мекен. Қиын-қыстау сәтте талайдың маңдайы тасқа соғылып, ата қонысынан ажырап қалғандарға пана болды. Мейірімділік пен пендеуи жақсылық атаулыны қазақ халқынан көрді. Міне, сол жақсылықтың өтеуі – адалдық болуы тиіс. Біз туған жеріміздің отансүйгіш азаматтарымыз. Қазақстанның көк байрағы ашық аспан астында желбіреп тұрса, сол жанымызға қуат береді. Қазақстан – татулықтың бесігі, - Р.Усанова.

Онлайн жиынға қатысушылар жан-жақты пікір алмасты. Сауал жолдап, тұщымды жауап алды. Бастысы жастар мұнан кейін де татулықтың ақ жалауын желбірете түспек.

Автор:
Ғазиз Аманжолұлы, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз хатшысы