Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ардагерлер құрметсіз болмайды


24 ноября 2020, 06:12 | 1 008 просмотров



«Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген. Ұлтымыздың танымы балаға әу бастан «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетуге тәрбиелейді. Қариясын жазулы кітапқа теңеп, содан тәлім-тәрбие алуды көздейтін халық бұл жолдан танған емес.

Бүгін «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының бастамасымен «Ардагерлердің ардақтайық» партиялық жобасы аясында ғұмырын ел саулығы мен амандығына жұмсаған медицина саласының ардагерлерімен онлайн жиын өтті. Шараның мақсаты – Гиппократ антына адал қызмет етіп, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін есен-сау жүруіне саналы ғұмырын сарп еткен аялы да саялы жандарға құрмет көрсету.

- Әлемді жаулаған пандемия кезінде халық дәрігерлердің шынайы қамқорлығын сезінді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы дәстүрлі Жолдауын дәрігерлерге алғыс айтумен бастаған еді. Медицина сонша жерден заманауи жабдықтармен қамтылып, дами түскенмен, білікті маман болмайынша бұл саланың өрісі кең деп айта алмаймыз. «Науқасты жазатын ең үлкен ем – жақсы сөз» деген бар батыстың медицинасында. Бұл ретте адами қасиеттерді кейінгі буынға сіңіріп, тәлім-тәрбие беруде аға буын қалыс қалып жатқан жоқ. Олар әрдайым құрметке лайық. Әдетте дәрігерлерге «ақ халатты абзал жан» деген тіркес қолданылады. Абзалдық – жанның мейірбандығы, қызметке адалдығы мен адамгершілігі. Міне, осындай қасиеттер ел дәрігерлерінің бойынан табылады. Себебі, аға буын, ардагер дәрігерлеріміз соған тәрбиелеуде, - деді Ескелді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Сәуле Құсмолданова.

Соңғы жылдарда медицина саласы білікті һәм білікті жас мамандарға толығуда. «Жас келсе іске» деген бар, жастармен қатар салаға прогресс те келуде. Жаңашыл және талапшыл жастар заманауи медициналық техникаларды тез меңгеріп, сала тынысы ашылуда. Жиын барысында Қаратал ауданына қарасты Көпбірлік дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері, жас маман Мақпал Сұлтан сөз сөйлеп, аға буынға алғысын білдірді.

- «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі сонда бағыт алмақ» деген бар. Сала ардагерлерінен біліммен қатар, имандылықты, адамгершілікті, адамилықты үйрендік. Олар өмір тәжірибесінде алған мол білігін бізге үйретті. Бүгінде саланың майталманына айналған білікті жастар жетерлік. Сол жастар әр дайым медицина саласының ардагерлеріне алғысын білдіреді, - деді ол.

Жиын барысында аға буын мен жастар жан-жақты пікір алмасты. Сала ардагерлері жастарға сәттілік тілесе, жастар оларға алғысын білдірді.

Автор:
«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі