Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жалынды жастар жиыны


26 ноября 2020, 04:53 | 238 просмотров



Бүгін «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалы ғимаратында облыстық партия филиалы мен «Jas Otan» ЖҚ Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен жиын өтті. Мұндағы мақсат – «Бәсекеге қабілетті жастар» және «Жастар Отанға» 2025 жылға дейінгі бағдарламасын таныстыру, өңірлік жол карталарының аймақ дамуына берер серпінін таразылау.

Қай кезде де жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде бағаланады. Мемлекеттің үдемелі дамуы да белсенді жастардың қолында. «Жасыңды көрсет, болашағыңды баяндайын» деген тәмсілдің жаны бар. Бүгінгі жас қандай – ел болашағы сондай болмақ.

- Қазіргі қоғамда жастардың белсенділігі қуантады. Көріп жүргеніміздей жастар білімге құштар, еңбекқұмар, ізденімпаз, әрдайым жаңашылдыққа жаны құмар. Міне, біздің болашаққа сеніміміз мол, жастарға артылар үміт те зор. «Nur Otan» партиясының сапында да белсенді кейінгі буын өкілдері жетерлік. Жақында ғана партия елімізде алғаш рет праймериз өткізді. Партияішілік іріктеуге 1108 үміткер тіркеліп, мәреге 1047 азамат жетті. Қатысуға ниет еткен жандардың ішінде жастардың үлес-салмағы 25 пайызды құрайды. Нақты айтқанда, 273 жасымыз бұл саяси механизмнің жүйелі жүруіне атсалысты. Бүгін ғана Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партияның кезектен тыс ХХ съезі өтті. Съезде Мәжіліс сайлауына партиялық тізім бекітілді. Одан бөлек «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлау алды бағдарламасы бекіді. Осы бағдарламада алдағы 5 жылда партия атқаратын ілкімді бастамаларын, мақсат-міндеттерін енгізген. Әрине, бұл ретте жастармен бірлесе бағындырар белестер бар, - деді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жөргенбаев.

Жиын барысында облыстық «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Е.Ақболатов сөз сөйлеп, жастар аға буынның сеніміне селкеу түсірмейтінін жеткізді. Мұнан бөлек, жастардың бірқатар мәселелерін тізбектей келіп, оларды шешуге жұмылған жұдырықтай болу қажеттігін нығырлай айтты.

- Жастар арасында біз күресуге міндетті мәселелер жетеді. Мәселен, вандализм, Neet санатындағы жастарды азайту, жастар арасындағы құқық бұзушылық. Бұл мәселердің дені – ертеңге салғырт қарап, өмірге жөнді жоспар құрмаудан басталады. Абай айтады: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп. Міне, жастарды кәсіппен шұғылдануға, жұмысқа орналасып, өзінің қоғамдағы орнын тауып беруге бірлесе жұмыс істеуіміз керек, - деді Е.Ақболатов.

Жиын барысында жастар жан-жақты пікір алмасып, мазалаған сауалдарына жауаптарын алды.

Автор:
«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі