Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ


4 декабря 2020, 10:31 | 1 210 просмотров



“Nur Otan” партиясы Алматы облыстық филиалының мәжіліс залында Алматы облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде еңбек құқығын қорғау және азаматтардың әлеуметтік кепілдемелері бойынша кәсіподақ мүшелерімен талқылау мәселесі қаралды.

Басқосуды Алматы облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Жанболат Жөргенбаев ашып, жүргізді.Фракция жиналысына облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Әрмен қарай Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары- партия мүшесі Әділбек Далбағаев еңбек заңнамасының сақталуын бақылау бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзіне:

- 2020 жылдың басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақыға қарыздары бар мекемелер мен кәсіпорындардың 509 қызметкерлері алдында 42,7 млн. теңге жалақы қарыздары барын анықтады. Аталған мекемелердің басшыларына еңбек заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою мақсатында нұсқама беріліп, 1,7 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салды. Нәтижесінде 509 қызметкерлердің құқығы қорғалды. Ағымдағы жылы басқармаға 600 ден астам арыз-шағымдар түсіп, тиісті жауаптар жолданды, - деді. Әділбек Егеубекұлы еңбек дауларын, жалақы бойынша берешекті, сондай-ақ, қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.

Келесі кезекте Алматы облысының Кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов мекемелердегі еңбек ұжымдарын кәсіподақ қозғалысына тарту, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, жұмыс жасап жатқан кәсіптік одақтардың қызметтерін ретке келтіру бойынша жұмыстары назарға ұсынды.

- «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрамына салалық кәсіподақтардың 12 облыстық филиалы кіреді. Мұнда 69 мыңнан астам адам мүшелікке өтіп, 673 бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар. Орталық құрылғаннан бері 29 рет үйлестіру кеңестері өткізілді. Бұл отырыстарда кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикаға байланысты маңызды сұрақтары қаралып, шешімдер қабылданды. Алматы облысы әкімдігі, «Атамекен» Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы, Алматы облысының кәсіподақтар арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған «Үшжақты келісімге» сәйкес бекітілген іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда, - деген Әсет Серікқалиұлы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алматы облыстық ұйымы көп балалы және әлеуметтік жағынан осал отбасыларды, барлығы 800 мыңнан астам қаржыға 110 отбасыға азық-түлік себеттерімен қамтамасыз еткенін айтты. Сондай-ақ, өңір бойынша 25 мың медициналық маскалар таратып, Алматы облысында қабылданған төтенше жағдайға байланысты құрылған "Birgemiz Jetisy" қоғамдық қордың есеп шотына бір күндік еңбекақының 242 мың теңгеден астамы аударылғанына ерекше тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Жанболат Әкебайұлы еңбек құқығын қорғау бойынша жұмыстар әрмен қарай жалғаса беретінін жеткізді.

Автор:
Ғазиз Аманжолұлы, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз хатшысы