Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛАЛАРДЫ БАҚЫТҚА БӨЛЕГЕН КҮН


10 января 2011, 10:50 | 2 088 просмотров



Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан балаларына арнаған дәстүрлі жаңа жылдық шыршасы қаламыздағы «Өркен» спорт кешенінде болып өтті. Әдеттегідей Президенттің жаңа жылдық шыршасына облысымыздың қала, аудан, ауылдарының озат, өнерлі, белсенді оқушылары қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Биылғы мерекелік шара «Достық әлеміндегі жаңа жылдық ғажайыптар» деген атаумен ұйымдастырылды.

Спорт сарайы мерекеге сай безендіріліп, кең залдың ортасында жаңа жылдық шырша орналастырылып, мереке басталғанша жаңа жыл мерекесіне арналған әсем әуендер қалықтап тұрды. Балалар жыл бойы тағатсыздана күткен жаңа жыл мерекесі басталып та кетті. Жиналған балғындар ертегілік қойылымды қызыға тамашалап, әртүрлі елдердің Толағай, Гүлстан Ханшайымы, Золушка, Шрэк, Жезтырнақ, Санта-Клаус, Пэр-Ноэль сияқты аңыз кейіпкерлеріне куә болды.

Жүздері бал-бұл жанған, құшақтары сыйлыққа толы балалар бұл кешке арнайы келген облыс әкімімен бірге жаңа жылдық жап- жасыл шыршаны айналып, би билеп, суретке түсті.

Құттықтау сөз алған облыс әкімі Серік Үмбетов:

–Бүгінгі көңілдерді ерекше қуанышқа бөлеген, шаттыққа толы шырша тойы сендерге арналып отыр. Бұл мерекеге сендер байыпты білім мен ақыл көгінен, тағылымды тәрбиенің өрінен көрінгендіктен қатысып отырсыңдар. Өйткені мемлекетіміз сендерге үлкен үміт артады. Бүгінде Қазақстанмен Еуразия кеңістігі ғана емес, барша әлем санасып отыр. Таяуда ғана елімізде жаһандық форум болып өтті. Астана саммиті бүкіл Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы үшін дәуірлік оқиға болды. Осындай өзіндік даму жолын қалыптастырған мемлекетіміздің кемелді болашағы өздеріңсіңдер, айналайын жас өркендер! – деп ағынан ақтарылды.

Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеқұттықтауы балаларға үлкен сый болды. Елбасымыз бүгінгі бақытты, жас ұрпаққа береке мен ынтымақ тіледі. Мұндай меркелік шара еліміздің барлық өңірлерінде де өтілді.

Автор:
Әйгерім ИЕБЕКОВА