Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаз-шебер, Ұстаз-ғұмыр! Сәбит Балғабекұлының 60 жас мерейтойы құтты болсын!


15 декабря 2020, 09:44 | 1 118 просмотров



«Дүниедегі мамандық атаулының төресі –

ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық

иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін,

мейірімді, абзал жандар. «Мұғалім

мамандығы – барлық мамандықтың анасы»

Ы. Алтынсарин.

Атақты өнер адамы Серке Қожамқұлов «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін»,- деген екен. Шын атауында, әр адам ұстаз алдында өмір бойы шәкірт болып қала береді.  Елбасымыз Н. Назарбаев халқымыздың болашағы туралы тереңнен толғай, «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпағы, өйткені олар - біздің ұлтымыздың болашақ айнасы» дегені мәлім. Олай болса, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін ұстаз – баға жетпес биік тұлға.

«Ұстаздық еткен жaлықпac, үйретуден бaлaғa» — деп Aбaй aтaмыз aйтқaндaй, бүгінде осы ұлы жолда аянбай еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесін бірінші кезекке қоятын асыл жандар өте көп. Сонымен қатар атадан қалған өнерді өлтірмей, осы күнге дейін жалғастырып келе жатқан шеберлер де баршылық. Бірақ, саналы ғұмырын ұсталыққа арнағандар, әрине аз. Сондай жандардың бірі де, бірегейі Сарқан қаласының тұрғыны, 42 жыл ұстаздық жолда еңбек етіп келе жатқан Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Чункенов Сабит Балғабекұлын ерекше атап айтуға болады.

Сабит Балғабекұлы – жоғары санатты мұғалім. Халықаралық шығармашылық орталығының дипломанты. «Атакәсіп» көрмесінің авторы, республикалық көрмелердің жүлдегері. Шебер ұстаздың ағаштан түйін түйіп, зергерлік бұйымдар жасап жүргеніне де 40 жылдай уақыт болыпты. Бұл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында ұстаздық жолда әрі зергерлік жолда атқарған еңбегі орасан зор.

Сәбит Балғабекұлы  бос уақытында ағаштан түйін түйгенді, түрлі заттардан қажетті, пайдалы нәрселерді жасауды ұнатады. Әрбір іске тыңғылықты кірісіп, сапалы дүние шығаруға тырысады. Бүгінде осы сүйікті ісінің нәтижесінде 1000-нан аса қолөнер бұйымын жасап шығарған. Осы жасаған қолөнер заттары аудандық, облыстық, республикалық,халықаралық  байқаулардың төрінде тұрды, ерекше бағаланды, көрермен ықыласына бөленді, өз бағасын алды.

2017 жылы Жетісу телеарнасында ұстаздар әулетінің жетістігін паш етуде  «Ұстаз-ұлы есім» тақырыбында тікелей эфирдегі түсірілімде ұстаздық жолда бірге келе жатқан жан жары Шара Телебайқызымен қатысып сұхбат  берді.

«Атадан қалған қасиетті өнер өлмеуі тиіс. Қайта заман ағымына қарай жаңғыруы керек», -дейді шебер ұстаз.  Бұл- ұстаздың көреген ұстанымы. Мектепте мұғалім болып қызмет еткендіктен, қазір бірнеше шәкірт тәрбиелеп жүр. Ұстаздың бағытымен жүрген шәкірттерінің де ұстанымы берік, қызығушылығы жоғары. Шәкірттері өздерінің дарын-қабілетін шыңдап, ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Олардың алды жоғары деңгейде өткізіліп жатқан түрлі додаларда жеңімпаз болып үлгерген. Бұл- үлкен еңбектің арқасы.

Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған шебер ұстаз бүгінде өз еңбегінің жемісін көріп отыр. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан»,- деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Осындай шебер ұстазға  кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірттер бүгінде өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймай, еліміздің игі істеріне араласуда.

Құрметті Сабит Балғабекұлы!

Сіздің 60 жасқа толған мерейлі, қуанышты тойыңыз қайырлы -құтты болсын!

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – 60 жасқа алып жетті. Сіз осы кемелдікке тың жігермен, жарқын көңілмен келіп отырсыз. “Ағасы бардың - жағасы бар” – деген сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегісіз. Өз бақытын, қуанышын  өз перзенттеріңіздің  қылығынан, қызығынан іздейтін аяулы әкесіз. Бүгінде салиқалы жылдарды артқа тастаған мейірімді әке, ұлағатты ұстаз болып отырсыз. Осындай беделді жасқа жетуде талай белестерді өткеріп, ұлағатты ұстаздық жолда көптеген шәкірттеріңіздің ыстық ықыласына бөлендіңіз.  Еңбек жолыңызда, қажыр-қайратыңыздың арқасында талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңызға үлгі болар абзал жан болғаныңызды бүкіл Сарқан ауданы жақсы біледі әрі құрметтейді.  Өзіңіз талай жыл қызмет етіп келе жатқан  Сарқан қаласындағы қара шаңырақ Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің ұжымы сізді тек үлгі етеді, нәтижелі игі істеріңізді мақтан тұтады. Өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп  жүрген еңбегіңізді біз үнемі мақтан етеміз. Бұл - сіздің болмысыңыздың беделі, жемісті еңбегіңіздің нәтижесі.

Біз, сізді жан жүрегімізбен жарқылдай қуана отырып құттықтап, мерекелі мерейтой күні Сізге денсаулығыңыз күйлі-қуатты, ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан болсын деген тілегімізді арнаймыз. Әрқашанда мерейіңіз үстем, қадір-қасиетіңіз зор болсын! Отбасыңыздың от ағасы болып, ұзақ жасай беріңіз!

Автор:
Жулдыз Мамраева, «Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп» КММ әдіскері