Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Амандық Баталов жаңа жыл қарсаңында өңір ардагерлерімен кездесті


25 декабря 2020, 08:40 | 1 414 просмотров



Жуырда облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорғандағы Салтанат сарайында әр жылдарда еліміздің және Жетісу аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан өңір ардагерлерімен Жаңа жыл қарсаңында кездесу өткізді. Індетке байланысты шара ауқымы шағын көлемде, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды. Кездесуге 16 ардагер қатысты. Осы күні облыс әкімінің атынан жергілікті жерлерде 160 ардагерге құрмет көрсетілді.Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, Отан соғысының ардагерлері, тыл және еңбек ардагерлері бар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде жыл қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бейнеролик көрсетілді. Бұл бейнефильмде 2020 жылы өмірден өткен, індеттің кесірінен көз жұмған ерен тұлғаларды еске алудан басталды. Жиналғандар олимпиада чемпионы, «Халық қаһарманы» Жақсылық Үшкемпіровті, Отан соғының ардагері, қаламгер Леонид Гиршті, көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері Бижамал Рамазанованы, облыстың гүлденуіне зор үлес қосқан ардагер Егеубек Далбағаевты, қаламгер, өлкетанушы Өкітай Ахметовті, облыс басшылығында өңірдің өркендеуі жолында табанды еңбек еткен Серікжан Бескемпіров пен Жолан Омаровты, белгілі журналистер Бейсен Құранбекті, Ғалым Жазылбековті, Гүлжиян Сүлейменованы және басқа да азаматтардың есімдері мен еңбектерін еске түсірді. Амандық Баталов олардың әрқайсысы жетісулықтардың жадында мәңгі сақталатынын айтып, экономика мен мәдениетті, келісім мен тұрақтылықты дамытудағы атқарған еңбектерін атап өтті.  

- Жыл қорытындысында Алматы облысы экономиканың негізгі салаларында өсім қарқынын сақтады. Оған өзіміз жаңа ғана еске алып өткен азаматтар да зор үлес қосты. Өкінішке қарай олар бүгінгі күнге жете алмады. Біз ол азаматтардың жарқын бейнесін ұмытпаймыз. 2020 жыл бәріміз үшін де оңай болған жоқ. Соған қарамастан біз береке-бірлігіміздің арқасында, мемлекеттің қолдауының нәтижесінде қиындықтарды еңсеріп шықтық, - деп облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталды. Мәселен, ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 900 млрд. теңгеге жеткен. Өнеркәсіпте де бұл көрсеткіш 1 трлн. теңгеге жетті:

- Бізге «Жұмыспен қамту жол картасы» көп көмек болды. Осы бағдарламаның аясында облысқа 105,6 млрд. теңге бөлінді. Осы ауқымды сомаға 1051 жобаны жүзеге асыра бастадық. Соның ішінде 451 жоба немесе 43 % әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартуға, 237-сі – ТҮКШ және абаттандыру мәселелерін шешуге бағытталды. Індетпен күрес барысында денсаулық сақтау саласын дамытуға көп көңіл бөлінді. 15 кислород стансасын орнатып, бүгінгі күні облыстағы төсек орнының жартысынан астамы оттегімен қамтылған, - деді ол.

Сол сияқты облыс әкімі алдағы жылдың жоспарларымен бөлісті. Бұл ретте өңірді газдандыру, ирригациялық жүйлерді қалпына келтіру ерекше назарда екенін айтты. Сонымен бірге биылғы жылы іске қосылған әлеуметтік маңызды нысандарды да атап өтті. Талдықорғанда және Қаратал ауданында студенттер жатақханалары ашылса, Жамбыл ауданында перзентхана, мен мектеп пайдалануға берілді, сол қатарда тұрғын үйлер, дәрігерлік амбулаториялар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және басқа да көптеген нысандар бар.

Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік наградаға ие болған азаматтардың есімдерін айтып өтуді де естен шығарған жоқ. Солардың қатарында Әлімғазы Райымбек, Дина Нұрғалиева, Ақшабай Керімбеков, Бақыт Сқақбаев сияқты бірқатар жетісулық лайықты марапат иеленген болатын.  

Ардагерлер атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт тілек білдіріп, кеңес жұмысына қысқаша тоқталып өтті. Ол сөз сөзінде Талдықорғанда белсенді ұзақ өмір сүрудің орталығын ашуды ұсынды. Ол үшін арнайы ғимарат пен қосымша құрал-жабдықтар қажет.

Бұл идеяны Амандық Баталов қуаттап, мәселені қарастыратындарын айтты.

Жамбыл ауданынан келген Әскербек Абаев сөйлеп, кездесуге қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Шара соңында Амандық Баталов ардагерлерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, сергектік тілеп, қоғам өмірінде, жастар тәрбиесінде көрсетіп отырған қолдаулары үшін ардагерлерге алғыс айтты.