Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТIНЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНБАҚ


28 января 2011, 07:54 | 2 033 просмотра


Жуырда «Назарбаев университетi» президентi Аслан Сәрiнжiпов парламент мәжiлiсiнде «Назарбаев университетi», «Назарбаев зияткерлiк мектептерi» және «Назарбаев қоры» мәртебесi туралы» заң жобасын депутаттар талқысына ұсынды. Жоба депутаттардың көңiлiнен шықпады. Оған қатысты ащы сын айтқандар да табылды.

Тiптi, «Назарбаевтың аты аталды екен деп заң бiрден қабылданбайды» деген мәлiмдеме жасады кейбiр парламент мүшелерi. «Назарбаев университетi», «Назарбаев зияткерлiк мектептерi» мен «Назарбаев қоры» туралы заңды қабылдағанда, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы, cалық туралы, мемлекеттiк бюджет туралы кодекстерге, бiлiм туралы, лицензиялау туралы, коммерциялық емес ұйымдар мен ақционерлiк қоғамдар туралы заңдарға өзгертулер енгiзуге тура келедi екен. Бiрақ депутаттарды әзiрге алаңдатып отырғаны басқа. Университеттiң мәртебесi. Заң жобасы қабылданса, Назарбаев университетi академиялық еркiндiк алып, автономды бiлiм ордасына айналады. Жаңа университет бiлiм және ғылым министрлiгiне бағынбайды. Университеттiң тәуелсiздiгi сөз болғанда депутаттар КИМЭП-тi еске алды. «Мысалы, осыдан он шақты жыл бұрын Алматыда КИМЭП деген университет ашылғанда, ел-жұрттың барлығы жақсы оқыған балаларын сонда апарып түсiрiп, қалталарындағы соңғы тиынына дейiн төледi. Ал ендi айналып келдi-дағы Бiлiм министрлiгiнiң ол университетке қатысы болмай қалды. КИМЭП: «бiз өзiмiз – құрылтайшымыз, өзiмiз қаржыландырамыз, өзiмiз жауап беремiз», – дедi. Ал ендi диплом беретiн кезде, олардың дипломдары жарамсыз болып қалды. Сол сияқты келеңсiз оқиғалар осы заңның төңiрегiнде болмасын деген ой бiздiкi», – дейдi депутат Рамазан Сәрпеков.