Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Сапалы білім – мемлекеттің күш-қуаты


17 февраля 2021, 06:32 | 906 просмотров



Адамзаттың рухани дамуына қомақты үлес қосатын және тал бесіктен басталған тәрбиені ұштап, қоғамды толыққанды тұлға болып қалыптасқан мамандармен қамтамасыз ететін қара шаңырақ – білім ордалары екендігі белгілі. Елбасының адамзат пен қоғамды түзейтін сара жол ретінде ұсынылған рухани жаңғыру бастамасын Жетісу өңірінің білім ордасы – І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті қолдап, игі істерін бастап та кетті.

Рухани дәстүрдің басты құндылықтарының біріөз ұлтын сүйіп және оны мақтан тұту арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтей білетін саналы ұрпақ тәрбиелеу – І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұстаздарының басты стратегиясы ретінде белгіленген. «Әр адам – жеке тұлға» стратегиясын қолданатын Жетісу университетінің ғалымдары мен профессор-оқытушы құрамы «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы аясында білімгерлерді Жетісу өңірінің бай рухани тарихымен ұштастыра тәрбиелеу үрдісін жолға қойды. Университеттегі білім беру бағдарламалары заманауи өзгерістерге бейімделіп, саналы ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән берілуде. Жетісу білім ошағы қазіргі уақытта әлемнің әйгілі ғалымдарымен, халықаралық ғылыми басылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ғылым мен білімге құлшыныстары зор Қазақстанның болашағы – жастардың үш тілді еркін меңгеруіне, педагогтардың біліктілігін арттыруға толығымен жағдай жасап отыр. Осы орайда, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің шетелдің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен келісім-шартқа отырып, бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру мақсатында, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша айтулы жұмыстар атқарылып жатқандығын да атап өткен жөн. Алдыңғы қатарлы әлемдік университеттерде тәжірибе алмасқан университет оқытушылары «...кірпіш дүниеге кетігін тауып, қаланатын» болашақ ұрпақты тәрбиелейтін мамандарды білім нәрімен ғана емес, рухани жағынан да сусындандыратын үлкен әлеует. Шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған білімгерлеріміз жаһандану үрдісіне етене араласқан еліміздің экономикасын дамытуға, саналы да, сапалы ұрпақ тәрбиелеуге жоғары санатты маман ретінде өз үлесін қосары сөзсіз. Сапалы білім негізіне байланған бұл шаралар өз кезегінде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрап, ұлттық құндылықтардың жойылмай, жаһандану үрдісімен қатар дамуына өз септігін тигізеді.

Сапалы білім – мемлекеттің күш-қуатын арттырып, жеке тұлғаның әлеуеті мен біліктілігін шыңдайтын үлкен қару. Сапалы біліммен сусындаған әрбір азамат рухани жағынан бай, мәдени озық, әлемдік деңгейде өзіндік із қалдыратын, өз елінің ауыртпалығын иығымен көтеретін болашақтың алып, зиялы күші.

Автор:
І.Ж.Есенғабылов, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Техникалық факультетінің деканы