Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қозғалыс және денсаулық


22 февраля 2021, 05:49 | 1 026 просмотров



Қозғалыс адам өмірі үшін аса қажет. Дене жаттығулары - организмдегі жасқа байланысты өзгерістердің алдын алатын және ұзақ өмір сүруге көмектесетін маңызды амалдардың бірі. Ежелгі гректер: «Егер сұлу болам десең - жүгір, денсаулығым мықты болсын десең - жүгір» дейтін.

XIX ғасырдың орта шенінде Жерде өндірілетін және қолданылатын бүкіл қуаттың 96 пайызы адамның және үй жануарларының бұлшық ет күші болатын. Бүгінгі күні қуаттың 1 пайызы ғана бұлшық ет күшінен өндіріледі. Өмірдің барлық саласын дерлік автоматтандыру адамды қозғалыс белсенділігінен айырып, одан зор жүйке-психологиялық күшті талап етіп отыр. Біздің ғасырымызда ақыл-ой еңбегі дене еңбегін мүлде ысырып тастады деуге болады. Алайда ой еңбегі де адамнан физикалық дайындықты талап етеді.

Гиподинамия, яғни дене белсенділігінің шектелуі қозғалыссыз өмір салтынан туындайды. Бұның себептері белгілі: балаларда мектеп бағдарламасы кеңейтіліп, ойын мен спорттық жаттығуларға бөлінетін уақыт азайса, ересектерде – өндірістің автоматтандырылуы, көлікпен жүру, компьютер мен теледидар алдында тапжылмастан бірнеше сағат отыру және т.б.

Барынша аз қозғалып, жайлы өмір сүрсем дейтін адамдар өздерін артық қимылдан қорғай отырып, денсаулығымызды сақтаймыз деп ойлайды. Шындығына келгенде, бәрі керісінше. Тыныш өмір селқостық пен әлсіздікке, жалқаулыққа алып келеді, ал қозғалыссыз өмір кәрілікті жақындата түседі.

          Дене жаттығуларының артықшылықтары:

  1. Сымбатты түзейді;
  2. Жүрек пен өкпе жұмысын жақсартады;
  3. Дене күші артады;
  4. Дене төзімділігі артады;
  5. Бұлшық ет тонусы артады, бұл дегеніңіз дене жаттығуын жасайтын адам денесін тік, дұрыс ұстайды деген сөз;
  6. Иммундық жүйе нығайып, қан айналымы жақсарады, қандағы холестерин мөлшері азаяды;
  7. Жағымды көңіл-күй пайда болады;

Дене жаттығулары пайдалы болуы үшін денеге түсетін күш адамның жасына, салмағына, бойына лайық болуы; жаттығу кезінде жүрек соғысы минутына 120-130 рет соғуы; шамадан артық шаршамау; дене қимылы адамға тек қуаныш, рахат сезімін сыйлауы керек және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысу шарт.

Автор:
Абылай Куатов, «Мойнақ ауылындағы МДШО бар №23 орта мектеп» КММ-нің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі