Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТҰЛҒАЛЫҚ немесе ЖҰРТ ЖҮРЕГІНДЕГІ НҰРСҰЛТАН


21 января 2011, 07:55 | 1 849 просмотров



«Жер - Төр мемлекеттің күре тамыры!»

Модұн қаған

«Ұлт деп сезімдерді біріктіруші қоғамды атаймыз»

М. Вебер

(Жалғасы. Басы өткен санда)

3.

1992 жылы. Табандап қалған отарлау саясатының зардабы Тәуелсіз жас мемлекеттерге батпандай тиді. Бір орталықтан басқарылып тұрған алып құрылым күйреп, орнында күл-қоқыстар ғана қалды. Майлы жілік орталық – Кремльдің қолында кетті. Тұтынушысы жоқ табиғи байлығыңның өзі әдрам екен. Ел күйзеліске ұрынды. Күнделікті жарық түгілі, ішер судың өзі арман болуға айналды... Мақсат – Елді көтеру, көтерілу. Барар жолыңды кес-кескестеп тұрған қиындықтан өту. Қалай? Бұл ауыр күн, ауыр жылдарды Нұрекеңнің ұйқысыз өткізгені анық. Баяғыдай қоян-қолтық одақтасуға болмайды. Одақтаспаймын деп ат құйрығын мүлде үзіп кетуге тағы жол жоқ. Алдың – тұйық, артыңда – үміт күткен халық! Жаңа ел, жаңа құрлықтарға жол ашу керек. Оның барлығын шарлауға «тесілген қалтаң» көтере ме? Құр қол – көсеу қамшыны жалын айға тіккен алыптар менсіне қоя ма? Оларға не беріп, олардан нені алу керек? Сен құрлық асып асқақтап жүргенде, іргеңнен шұбар жылан сұғынбай ма? Есігің берік, іргең бүтін бе?.. т.т. т.б... толып жатқан сұрақтарға дұрыс жауап, дұрыс жол табу бұрын-соңды тәуелсіз жеке-дара елді басқарып көрмеген азаматқа оңай тиді дейсіздер ме?! Соның тәжірбиесіне жүгінсем дейтіндей, өзіңнен бұрын еліңді басқарған тәуелсіз басшы болмаса?!. Жаңа елдің жаңадан сайлан-ған алғашқы көшбасшысына осының барлығы оңай тиді дейсіз бе?! Өзінің қателігі мен жетістігін немен салыстырып, қалай сараламақ? Оның сыртында, айналасындағылар бұған дейін тек айтқан тапсырманы орындауға ғана дағдыланған комсомол мен партияның «әскерлері» болса ше?!.

Бұл жолы да Нұрекең Алладан ақжолтай тілеп, алғашқы сапарларын түбі бір – түрік елдерінен бастады. Солармен ақыл-ойын бөлісіп, солардан тәжірибе жинады. Ең бастысы – Өзін еркін, азат елдің көшбасшысы болар, болмасын сезіну еді. Түркияға сапары осы түйткілдің біраз басын ашып берді. Тұңғиықтан сәуле көрінгендей болды. Бұны тек Нұрекең ғана емес, қазақтық түгел зиялылары да түсінгендей еді. Сонан ежелгі Түрік даласына сапар шекті. Туырлығы бір көшпенді елдің бүгінгі тірлік-ақуалымен танысты. Сол елдегі қандас бауырларының мұң-мұқтажын бөлісті. Хан тауының (Ежелгі Керей ұлысының ханы Тоғырыл ордасын тіккені себепті осылай аталған) бөктерінде зарлата ән салып, жоқтау айтқан қаршадай қазақ қызына қарап тұрып, көңілі егілді, көзіне қуаныштың ыстық жасы іркілді. Жүрегінің түбінде қазағына деген зор сағыныш, зор арман-тілектің бар екенін аңғарды, өзгеге де аңғартты. Бұл оқиғаны моңғол газеттері «Назарбаев Хан тауының етегінде қазақтарымен жеке қауышты!..» деп, ұлтшылдық көлеңкесін іздесе, сол елдің Ұлы Құрылтайының депутаты болып жүрген, белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы халықаралық «Азия» газетіне, «Президент Нұрсұлтанның көзіне жас алдырған ән...» деп, дүйім жұртқа аса бір ұлтжанды, мақтаныштық сезіммен жар салды. Иә, президент дегеніміз де адам баласы. Оның да көретін көзі, сезетін жүрегі бар. Қарсы алдыңда қаршадай қыз бөтен елдің төрінде, «Абылайдай қамқоршы ханым қайта болмас деп, қайғыға батып жүргенде, Нұр болып келдің Нұраға!..» деп, шалғайда шашырап жүрген ұлтының мұңын шағып зарлап тұрса, неге егілмеске?! Неге көз түгілі, жүректің жасы төгілмеске? Бұл – елін шын сүйген ерлерден туатын мінез!!!

Сол жолы Нұрекең шетте жүрген күллі қазақты Отанына шақырды. Жасырып емес, барша әлемге жар салып тұрып. Қазіргі күні жезтаңдай әнші Бекболат Тілеуханның айтып жүрген «Құйылсың көшің...» деген ән сөздерінің алғашқы жолдары сол Хан тауының бөктерінде туғаны кәдік. Міне, осылайша Нұрекеңнің ел Президенті ретіндегі шетелдерге ресми сапарлары басталды. Сол сапарлардың әр қайсысы жоғарыда келтірілген қалың сұрақтың түйінін бір-бірлеп шешіп отырды. Әйтсе де, алда алып Америка тұрды!..

4.

Бұл елге сапар анау ойлағандай қиындық тудырмады. Алғашқы сапар емес, бұдан бұрын да бірнеше елдерде болып, оңды келі-

сімдер жасасып, олжалы қайтқан Нұрекең бұл жолы өзін еркін сезінгендей. Оны сол сапардан қайтқан жолда ұшақ ішінде «Хабар» агенттігінің журналисіне берген сұхбатынан да аңғарғанбыз. Әйтсе де, бұл жерде бір нәрсені, ең маңызды оқиғаны айтпай өтуге болмайды. Кеңес өкіметінен бізде қалған бір мұра – аса қауіпті ядролық қарулар болатын. Оны елімізде сақтап тұру зор шығынын былай қойғанның өзінде, түбі елдігіміз бен тәуелсіздігімізге үлкен қауіп-қатер төндірері сөзсіз еді. Атом сынағын жоюға бастамашы бола білген Нұрекең бұл «пәледен» құтылудың жолын да оңай тапты. Адамзатқа жалпылай апат әкелгелі тұрғын «ақыр заман» қаруын көреген саясатының арқасында оп-оңай мұхит асырып жіберді. Сөйтіп, еліміздің атауын күллі әлемге паш етті. Енді, бұл қарудан құтылудың жолын қалай ойлап тапқанын, кімдермен ақылдасып, қалай шешкенін біз білмеспіз, әрине, әйтсе де, бұл шешімнің – адамзат баласының алдындағы ең озық шешім болғаны сөзсіз. Осылайша, Нұрекең бастаған жас Қазақ мемлекеті дүниедегі ең адамгершілікті елдер қатарына қарай қадам басты.

5.

Байырғы бітім, мағынасымен сақталған қазақтың көне сөз тіркестері мен атауларды Нұрекеңнің ауызынан жиі естимін. Қазақ кітаптарын көп оқып, дана қарттармен көп әгімелескенінің белгісі болса керек. Соның бірі – «картопия» деген атау мен «ендігі жылы» деген сөз тіркесі. Әуелгісін біздің қазақ көнеден бері қолданып келген «жуа», мия»... дегендерге ұқсатып атаған-ау, шамасы, біздің ауыл кәрі, жас демей, осылай «картопия» дейтін. Оны біз қазақша атау деп ұғатынбыз. Сөйтсек, мұның аты – «картоп» екен. Бірақ, «картопия» деген атау етене жақын. Ал, «ендігі жылы» деген сөз тіркесін Нұрекеңнен өзге басшының ауызынан естімеппін. Оның есесіне «келер жылы» деген сөз тіркесін жиі естиміз. Бір сөздің өзі бір адамды түсінуге біршама ықпал етеді. Нұрекеңнің осы қазақылығы, қазақжандылығы болуы керек, Президент болысымен әлемге тарыдай тараған қазақтардың басын қосып, Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайын өткізді. Бұл – сонау Алашорда тұсында өткен Мұсылмандар құрылтайынан кейін не бір зобалаңды бастан кешіріп, еріксіз елінен қашуға мәжбүр болған қазақтардың қайта бір түгенделуі еді. Мұның саяси үлкен қырларын айтпасақ та, бұл Құрылтайдың – алашордалықтардың армандаған арманының орындалуы екендігін және де қазақты тоздыруға себепші болған қарсы күштерге берген ауыр соққы, зор жеңіс екенін айтуға тиістіміз. Қолда барда алтынның қадірі жоқ, дейді атам қазақ. Бұл да біздің қолымызда тұрған, қолға тигеннен соң қадірлемей жүрген алтын құндылығымыз. Осындай бір құрылтай өткізу, осындай бір тәуелсіз ел болу үшін күрескен алашордалықтар түгелімен атылып кетпеді ме?!. Қалған жақтастары тоз-тозы шығып, аштан, оқтан қырылып, аман қалған үрім-бұтақтары шет елдерде бас сауғаламады ма?!. Нұрекең сол Алашорда көсемдерінің тілегін орындады. Сөйткен, сол алғашқы Құрылтайды да көре алмайтындар табылып жатты. Демек, олардың жүрегінде Қазақ еліне, Қазақ халқына деген титтей де аяушылық пен махаббаттық сезімі жоқтар мен қарам ниеттілер қатары еді.

6.

Күнделікті кәсібімізге байланысты қоғамның түрлі өкілдерімен кезігіп, әңгіме-дүкен құрып жатамыз. «Оппозиция» деп аталатын қарсы күшпен де жұмыс жасап көрдік. Олардың бірқанша жиындарында болдық. Шынын айтсақ, сол жиындардың дау-дамайсыз, талас-тартыссыз өткенін көрмептік. Бірі олай десе, бірі бұлай деп, сөз таластырып, соңы бірі өкпелеп, бірі өкпелеткен байламсыз көрінстермен аяқталып жатады. Және де ондай жиындардың дені ресми тілде жүріледі. Оған ұлтшылдар қарсы шығады. Ресейден төреші шақырып өткізілген семинар кеңестерде де болдық, оның да аяғы солай аяқталды. Мүмкін, олай болуының біз білмейтін себептері де бар шығар. Алайда, билік пен қарсы күштің тай-таласы бүгінгі адамдарға жаңалық емес. Пәни дүниеге адам баласының келу, кетуімен пара-пар нәрсе. Елорданы Арқаға көшірер кезде де дәл сондай тартыс болды. Зиялы деген ақын-жазушыларымыздың өзі қарсы шықты. «Ел аштан өлейін деп жатқанда астананы көшіру – қай шалқығанымыз, ит байласа тоқтамас көк аязға кім барады?!.», деп тулағандар көп болды. Уақыт бәріне төреші дегендей, арада он жыл өтпестен, «Жаңа астана салуымыз – әсіре көрегендік болды» деп, мақтаушылар көбейді. Солардың арасында әлгінде қарсы болған ағайындар да қос қолдап қара санын сабалап, Астанадан жаңа пәтер алудың қамына кірісті. Ең қызығы – Астана деген атауға да үрке қарадық. «Астананы «Астана», деп атаудың астарында не жатыр деп, күдіктене үңілгендер де көп болды. Ал, Астананы әлем танып, шетелдіктер Астана деп ресми атай бастаған тұста әлгілер тағы да бұлт етіп тайқып, «Ойбай, Астана деп атауымыз қандай көрегендік еді. Елордасы Астана емей немене?!», деп шуласа жөнелді. Міне, ағайын саяси түрлі көзқарас дегенің осындай қызық дүние. Бұның барлығын саралауға қажырлы қайрат, терең білім, болашақты болжай білетін көрегендік қажет.

7.

1998 жылы. Моңғолияның екінші президенті Багабанди біздің елге ресми сапармен келді. Алматыдағы Президент Ордасында өткен ресми қабылдауға БАҚ өкілдерін қатыс-

тырды. Олардың арасында біз де бармыз. Әу дегеннен жаңа Орданың есік-терезе, еден мен шатырын тамашалай таңырқаған Багабанди мырзаны Нұрекеңнің мысы басты, қараптан-қарап кібіртіктей берді. Оның делегация құрамында сол елде тұратын, министр дәрежесіне көтерілген қандастарымыз да бар екен. Қабылдау сөзін сөйлеп болғаннан кейін, Нұрекең шампан құйылған тосын көтере барып, әлгі қазақ бауырларымен соғыстырып, қазақ тілінде «Кәне, бауырларым, жағдайларың қалай? Елге қашан ораласыңдар? Сендерді тезірек келсін деп, Астананы да сендерге жақындатып қойдым!», деді. Ел басшысының ресми қабылдауда осылайша, қазақтарды ерекше бауыр тартып, қазақша сөйлегеніне моңғол журналистер таң-тамаша болды. «Назарбаев юу хэлэв?» («Назарбаев нені айтты?») деп бізден сұрады. Біз бір сөзін бүкпестен түгел аударып бердік. Олар «Назарбаев еріксіз әлемді мойындатар көреген басшы екен!..» десіп, таңданысты. Өздерінің президентінің «Дала жайылымында өсетін мал шаруашылығын жақсарту», «Қазақстаннан Баянөлгейге қатынайтын тура жол салу», «Қазақстаннан астық көмекке алу»...т.т. сияқты көтерген мәселелерінің тым ұсақ тақырып екенін түсінді. Мойындады. Оған марқайған біз моңғол достарымызды одан арман жерге тықтық. «Сендердің президенттерің біздің Ауылшаруашылығы министрінің айтатын әңгіме, шұғылданатын міндетін атқарып жүр. Біздің Президентіміз ондай ұсақ мәселелерге бармайды. Ол кісіге одан гөрі,еліміздің ішкі-сыртқы саясатын нығайтып, шет елдерде жүрген қандастарын жинап, іргесі берік Ұлы мемлекет құру әлде қайда маңызды. Сендердің президенттерің Қытайдағы қандастарына барып, әлгіндей «келіңдер!» деген сөзді айта ала ма?», деп төтесінен сұрақтар жаудырттық. Олар мұны да мойындады, «Жоқ, біздің президенттен әзірге ондай сөз шықпайды!» деді. Бұл сұрақты басқа қырынан Багабанди мырзаның өзіне де қойдық. Ол да, «Бізге Ішкі Моңғолия мен Шығыс Түркістандағы қандастарымыз туралы әңгіме қозғау ертелеу. Уақыты мен қисыны келген кезде шет елдегі бауырластарымыздың мәселесі көтерілуі мүмкін» деп жауап қайтарды. Міне, ағайындар бұл айтқанымызға да ой жүгіртіп көріңіз. Бізге ағымдағы көп мәселелердің бірі ғана болып сезілетін – оралмандар саясатының өзінің өзгелер үшін қандай қиын мәселе екенін түсініп отырған шығарсыз. Өзгелер тайсанып отырған Шығыс Түркістандағы қазақ диаспорасы мәселесін біздің Елбасшымыз сонау жылдардың өзінде шешіп тастаған жоқ па еді?! Бұл да – үлкен саясаттағы жетістік емей, немене?

8.

Өткен ғасырдың жетпіс жылы бізге мүлде бөлек тәрбие, бөлек ұғым қалыптастырды. Санамыз да әбден уланды. Әйтпегенде, бүгінгі жер байлығы туралы түрлі көзқарастағы айтыстар туындамас еді. Сол даудың бірі – Ресейге ұзақ жылға жалға берілген Байқоңырдың ғарыш айлағы. Осы дауды тудыратындар бір сәтке ойланып көрсін! Ресей өліп бара жатса да Байқоңыр айлағын бізге тегін бере салмас!.. Әрине, әлсіз кезімізде жіберілген кейбір қателіктерімізді ақтап алудан аулақпыз. Әйтсе де, Байқоңырды басы бүтін айрылмай, құда да, құдағи да тыныш қағидамен жалға бергеніміз көрегендік бол-ған. Оған дейін Ресей де өзіне жаңа айлақ салып алады. Біздің де қанатымыз бекіп, еркін самғай алатын боламыз. Бұл жерде Президентіміз Модұн шанюй бабамыздың теориясын ұстанған. Ежелгі Ғұн қағанатының қолбасшысы Модұн шанюй қытайлармен арада болған жер дауында, «Жер - Төр мемлекеттің күре тамыры!» деген әйгілі теория

сын шығарған.Осы теорияны орындау үшін дайындық барысында туған әкесі мен қатынын өз әскерлерінің нысанасына беруден тартынбаған. Соның арқасында елін, жерін жау қолынан құтқарып алды. Өзі де, өзге сарбаздары да алтын мен күміске оранды. Даңқы әлемді тітіркентті... Ал, Нұрекең сол теорияны бейбіт жолмен қолданды. Әрі, өте ұтымды. Егер де, біз Байқоңырды бейбіт жолмен екі жаққа да тиімді есебінде осылай жалға бермегенде, Кеңес Одағынан бергі аса үлкен стратегиялық маңызды арқалап тұрған ғарыш айлағының дау-дамайы оп-оңай шешілмес те еді. Тартып ала саламын дейтіндей Байқоңыр дегеніңіз қарапайым қой қора емес!!!

Бір шындық – Өзгеден биік болу үшін, өзгеден басым болу үшін өзіңде күш те, байлық та, білім де, билік те болуы керек. Бұны біз емес, сонау өткен ғасырларда Абай атамыз айтып, ескертіп кеткен.Сол абызың қырық бірінші қара сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен сол жолды үйрен деп жолға салып... үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек...», - дегенді.

Біз Нұрекеңнің бойынан осы қасиеттерді көреміз. Оның әрдайым теледидардан сөз сөйлегенде, тек қана қазақтарға қаратып, ыммен, кей тұста төтесінен, «Әй, қаракөздерім бұл ел, бұл жер сіз бен бізге ғана емес, келер ұрпағымыздың еншісі емес пе? Жаңа Астананың иелері – жастарымыз. Елдің де, жердің де, байлықтың да иелері – болашақ ұрпағымыз емес пе?..», деп тура тартатынын өзгелер ұқпайды, білмейді, сезбейді дейсіз бе? Сезеді, әрине! Тырнақ астынан кір іздеушілерге бұл – ұлтшылдық. Түсінгендерге – ұлтжандылық.

Міне, біз білетін Нұрсұлтан ағамыз осындай адам. Оның тағы бір дәлелі жуықта өткен саммит. Сол саммитте Нұрекең Астана Ордасының төрінде қасқая тұрып, В. Медведевтен бастап, әлем елдерінің басшыларын алдына иілтіп сәлем бердіргені жоқ па?! Кәді бір Рим қағанын алдына бас идірген Модұн шанюй бабасына ұқсап. Бұл да болса, бойында қазақтың қаны бар жандарға үлкен абырой, үлкен мақтаныш!!!

Автор:
Жүкел ХАМАЙ, ақын, Түрік тілдес халықтар Поэзия фестивалының лауреаты