Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бірліктің бастауы – татулық


25 февраля 2021, 09:28 | 1 546 просмотров



Алғыс айту күні – мен үшін ерекше мереке. Себебі, қазақ халқы мен кәріс елінің байланысы ежелден басталған. Ғасырлардан бері жалғасқан екі ел арасындағы көне достық мәдениетімізбен де астасып жатыр. Алты атадан бері Қазақстанда тұрып жатырмыз. Осыдан кейін бұл менің Отаным емес деп қалай айтуға болады? 1937 жылы Қазақстанға депортацияланған алғашқы этностардың бірі – кәрістер.

Алғашқы кәріс қоныс аударушылары біздің елімізде 19 ғасырдың соңында төбе көрсете бастаған. Бүгінгі Қазақстанда тұрып жатқан кәріс ұлтының өкілдері қиыршығыстық кәріс қауымдастықтарының жаппай саяси қудалауға ұшыраған тобының ұрпақтары болып табылады.Кәріс халқы да басқа ұлт өкілдерімен бірге аумалы-төкпелі заманда пейілі дарқан қазақ даласына табан тіреген еді. Осы ұлан-байтақ қазақ даласында өсіп өндім. Сондықтан ата-анамның қазақ еліне, жеріне, дарқан көңіліне үнемі айтып отыратын алғысы менің жүрегімнен ойып тұрып орын алған. Қазақ халқының арқасында кәріс мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап қалды. Сол себепті қазақ халқына алғысымыз шексіз..

Осы өлкеде дәстүріміз бен ұлттық құндылығымызды жоғалтпай өмір сүріп келеміз. Елбасының дара саясатының ықпалымен біз секілді талай ұлттың ұрпақтарына бір шаңырақтың астында білім алып, жұмыс істеп, бақытты өмір сүруге мол мүмкіндік беріліп отыр. Алғыс айту күні ынтымақты нығайту үшін белгіленді деп түсінемін. Бұл күн бірліктің бастауы болары анық. Қазақстандағы әр этнос өкілінің өз тарихы бар. Сондықтан олар 1 наурыздың Алғыс айту күні болып аталуын тек ризашылық күні емес, тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке деп қабылдайды. Қазақстан – әр ұлттың басын қосқан ғажап мемле-кет. Бүгінде көптеген ел Қазақстанды өздеріне үлгі ететіні де бекер емес. Біз үшін бұл да мақтаныш. Алғыс айту күні – біз жеткен жетістікті жастарға аманаттайтын жарқын мереке. Мереке қазақ халқының бойындағы бауырмалдылық қасиеттерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, болашағымыздың жарқын болуына сеп болсын!

Автор:
Н.Р.Цой, «№15 орта мектебі» КММ бастауыш сынып мұғалімі