Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мұқағали–ғасыр ақыны


26 февраля 2021, 08:39 | 893 просмотра



«Өмірім, сірә да, әріден басталған,

Әріден басталып, мәңгіге тасталған…»

Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Мұқағалидың өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген. Мұқағали атаның әр өлеңі өзінің мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және ой салады. Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңыздар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем»  деген екен.

Туған жеріне, өз Отанына арнаған өлеңін әдебиеттік оқудан жаттап, жатқа айтқан кезде біздің бойымызды патриоттық сезім билеп алғандай болды. Міне, ақынның құдіреттілігі осында екен ғой деп ойладық.
Мұқағали атамыздың әсерлі жырлары әр қазақтың жүрегін жаулап алды. Сондықтан да осындай ақынына халқы «Ғасыр ақыны» деген ат берді.
Мұқағали атамыздың жырын тыңдайтын, сүйіп оқитын ұрпағы бар да  аты санамызда мәңгіге қалады.
      Осы орайда, А.С.Макаренко атындағы №6 орта мектепте Мұқағали Мақатаевтың туылғанына 90 жыл толуына орай  қазақ тілі мен әдебиеті  пән бірлестігінің  жас мамандары  К.Ақышева, Д.Оралова, А.Нұрқановалардың  ұйымдастыруымен мектеп  оқушылары арасында «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты  мәнерлеп оқу сайысы онлайн форматта ZOOM платформасы арқылы өтті. Аталған шараға 10  «А» сынып оқушылары: Қ.Шакен, Б.Мұрат, Қ.Бекежан, З.Мұхтарбекқызы, Б.Жұмажан, А.Тұрысбек  және  6 «А» сынып оқушылары:  І.Көкен, Р.Қуандықұлы, Б.Асанова, М. Асқарқызы, Е.Исмолда; 6 «Ә» сынып оқушылары: Б.Базартай, Э.Кубентай, Э.Габдырафик, А.Абдуллаева, З.Малгеждарлар қатысты.

Аталған шараға оқушылар белсене қатысып, ғасыр ақынының өлеңдерін  мәнерлеп, нақышына келтіріп, жатқа оқып шықты.

Мұқағали Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарына адамның ғұмыры мен тағдыры айтылады.    «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. Ақынның әр өлеңінде, әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария етті.

Поэзия! Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. Мұқағали – жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың.

Мұқағали мұрасы, маржан поэзия – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қадірлейтін мұрасы.

Автор:
З.З.Оспанов, С.С.Еркенбекова Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, Талдықорған қ., А.С.Макаренко атындағы №6 орта мектеп