Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ АТҮСТІ ҚАРАҒАН АТА-АНАЛАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ


2 марта 2021, 05:54 | 790 просмотров



Алматы облысында бір тәулікте 250 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Құқықбұзушылықтың бәрі жасөспірімдерге қатысты тіркелген. Оның ішінде, бала тәрбиесіне атүсті қараған 23 ата-ана жауапқа тартылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Алматы облысының полицейлері бірнеше күн бойы облыс аумағында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізді. Арнайы шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстардың алдын алу, олардың құқығын қорғау.

- Аталған шараның алғашқы күні 250 әкімшілік құқық бұзушылық анықтадық. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті әкімшілік хаттама толтыру үшін 225 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған баланың түнгі мезгілде үйінен тыс жерде жеке жүруі, олардың ойын-сауық орындарына баруы, оларға темекі және ішімдік өнімдерін сату және басқа деректер бар. Бала тәрбиесіне атүсті қараған 23 адамға хаттама толтырылып, айыппұл салынды. 6 жасөспірім уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді, - деді Алматы облыстық полиция департаменті ЖПҚБ аға инспекторы, полиция подполковнигі Медет Құнанбаев.

Тәртіп сақшылары 29 іс материалын балалар құқығын қорғайтын арнайы комиссияның қарауына ұсынған. 38 жасөспірім мен 27 қолайсыз отбасы арнайы есепке қойылып, бақылауға алынды.

Полиция өкілінің ақпараты бойынша, алғашқы күні құқық қорғаушылар 315 көңіл көтеру орнын тексерген. Олардың қатарында мейрамханалар мен кафелер, компьютерлік клубтар, сауда орындары және жертөледе орналасқан түрлі ойын-сауық мекемелері бар.