Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Дана Абайдың өлеңдерінің тәрбиелік шыңы


3 марта 2021, 04:38 | 897 просмотров



Биыл қазақтың дара тұлғалы бас ақынына 175 жыл. Бұл мереке халқымыздың дана ұстазына деген өшпес мәңгілік махаббатын білдірумен ұштаспақ. Абай әуелден-ақ қазақтың үміт шамы болып дүниеге келген. Абайдың кемеңгерлігі – бір ғана емес барлық заманның жүгін арқалап, әр заман ұрпағына таратып келген нағыз ақын. Даланы торлаған надандықтың түнегіне сәулесін төгіп, халқына атар таңы мен батар күніне апаратын жолды қанаты талмастан көрсетті.

Абайдың әрбір өлеңі балаға жан жақты тәрбие беруден басталады. Шындыққа көңіл аударып аша білуі Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы қызметі іспеттес. Ол қазақы өмірді, табиғат пен адамзаттың жан дүниесін терең түсініп, көркем әдебиет бетіне жан - жақты бейнелеп көрсете білді. Ол шындық ақыны болғандықтан, сол арнамен өмір сүрді. Себебі өлеңдерінен аз да болса жалғандық табу мүмкін емес-ті. Өлеңдерінде бәрі де бар және қазақтың ғана ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңда сайрап тұрады. Абай оны терең суреткер ретінде көркем бейнелеуде жаңа қырларын тапты. Өлеңдері қарапайымдылығымен, табиғи реңімен санаға құйылып, сезім ұялатады. Сондықтан қазақ әдебиетінің тұңғыш суреткері болып қала бермек. Абай қазақ поэзиясының ұлттық сипатына айналған бірден бір жолы, табиғилығы мен қарапайымдылығында. Ондағы сурет құралдарының әр алуан болуы, тіл байлығы, ішкі үйлесімдері қазақтың сөз өнерін әлемнің биік шыңына көтерді. Бүгінде мектеп оқушыларының тәрбие үрдісіне Абай мұрасын қолдану ертеңгі күннің ұрпағының ақыл парасаты биік болуымен шектелмей, іс әрекетіне, мінез құлқына деген ықпалы зор. Абайдың көзқарасындағы басты нысан «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп жас буынды халық қамын ойлап, адал қызмет атқаруға шақырды.

– Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп

Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп ұрпағына даналық ақылын сіңіре отырып, жақсыдан тек үлгі өнеге алуды үндейді. Сондықтан, Абай жас жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беруде халық мұрасындағы тәрбиелік күшті өте жоғары бағалаған. Абай өнер іздеген талантты жандар туралы ерекше зор сүйіспеншілікпен айтып қана қоймай, алға қойған мақсаттарының биік белестерін бағындыруда табандылық көрсететіне зор сенім артады. Ішінде кімнің оты бар, Қар жауса дa сөнер ме?! Еліне білім таратып, ғылымды бойға сіңіруде Абай творчествосы орасан зор әлеуметтік мазмұнды қалыптастырды. Ол надандыққа қандайда бір теріс, кертартпа әрекеттерге қарсы тұра алатын көзі ашық, біліммен қаруланғанды құрметтеу қажет деп санайды. Абай үшін кішіпейілділік, мейірімділік, еңбексүйгіштік пен мақсатқа жету сынды адамзат бойындағы игі қасиеттерге ие болуды, мақтаншақтық, өтірік айту, жалқаулық сияқты адам бойына зиянды, жат қылықтан аулақ болуға тиіс екендігін үндеді. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі расымен «Интернатта оқып жүр» өлең жолдарының жалғасы десек қисынды болар. Ол болмашылыққа алданбай, дүниеге тек биіктен көз тастап, халқының бүгіні мен ертеңін тұтастай көре білді. Сол себептен, Абай творчествосы: қазақ елінің тарихын тегіс даланың эпосындай елестетеді.

Автор:
Мадина Дюсенова, “М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейі” Талдықорған қаласы, Алматы облысы