Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды еске алу кеші өткізілді


5 марта 2021, 08:05 | 1 122 просмотра



Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866—1937) — XIX ғ. соңы мен      XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публи­цист, ғалым, аудармашы, 1866 жылғы наурыз айының 25-і күні бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген.

 Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Осыған орай Талдықорған гарнизонындағы 18404 әскери бөлімінің, әскери қызметшілерімен еске алу кеші өткізілді. 

Бұл іс шараның негізгі мақсаты, ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін салған, қазақтың заманауи, демократиялық мазмұндағы тұңғыш үкіметі – «Алашорданың» көшбасшысы болған Әлихан Бөкейханның жасаған ерліктерін еске алып, Отан қорғаушылардың рухани жаңғыруына, Отан сүйгіштігіне баулу болып табылады.

Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзінің астарында зор мән - мағына жатыр. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Кезінде Әлихан Бөкейханов: «Алаштың баласы бұл жолы болмаса жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болады» - деген. Ұлт көсемінің ұлы арманы орындалғанын өзі көрмесе де, бүгінде оның ұрпағы көруде.

Әлихан Бөкейханды еске алу кешінің соңында 18404 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Өзехан, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Twitter желісінде қалдырған: «Бүгін – тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл, ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы, ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті», - деген жазбасымен кешті қорытындылап, бұдан былайғы уақыттарда да қазақ тумасының атақты, елім деп еңіреп, жасын төгіп өткен азаматтарды еске түсіру кештерін өткізіп тұратындығын жеткізді. 

Автор:
Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі