Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жетісудың ел басқарған қыздары


1 октября 2009, 05:54 | 2 261 просмотр


Алладан берілген тағдыр дегенің де құпиясы ашылмас, тамыры тым тереңге бойлаған ғажайып бір қазына. Сол қазынаның жетегінде жүріп талайлармен жолығасың. Кейбірін бір көріп, тілдескен сәттен есіңде мәңгі сақталып қалса, енді бірін қай кезде, қай жерде кездестіргеніңді есіңе түсіре алмай, дал боласың. Бұның сыры да – Алладан бұйыратын тағдыр өлшемі, оны өлшеп, таразылауға уақыт қажет дүние-ау тегі!..

Мен бұл адаммен кезігемін, бетпе-бет әңгімелесіп, сыр алысам деп ешуақытта ойламаған, тіптен әуелі маған бұйырған тағдыр мүлде қиырдан басталған еді. Абай ақынның 150 жылдық мерекесіне орай оның туындыларын шетел тілдеріне аудару туралы ҚССР-ің Орталық комитетінен қаулы бекітілген екен де, соның бір аудармашысы болу нәсібі маған бұйрыпты. Жазушылар Одағының аударма алқасынан жолданған ресми хаттың (1990ж) арқасында Алматының дәмін таттым. Әуелгі мақсатым – Жидебайда Абайдың ішкен суын ішіп, Шыңғыстаудан ескен самалын жұтып, әулиелігінен нәр алып, оның өзіндей болмасақ та «ұқсап бағып», киелі туындыларын аударсақ деген ой болған. Аударма алқасының төрағасы - Ғаббас Қабышұлы ол ойымды құптамады: «Ол жерде сен тұратындай жағдай жоқ, атомға уланып жатқан өлке, ойың дұрыс, бірақ жан бақпайсың. Ал, мына Алматың болса, сен түгілі бізге де қолайсыз сезіліп жүр, баспана табудың өзі михнат, онан да Талдықорғанға бар, өзі таза, өзі шағын, қазағы мол нағыз болатын жер. Сонда барып, аудармаңды жасай бер, кейіннен үйренгеннен Алматыға ауысып келу қашпайды!», - деп еді, оны тыңдап отырған ақын - Ұлықбек Есдәулет: «Ғабеке дұрыс айтасыз! Ол жердің аппаратында Қалағаң атамыздың қызы Гүлшат істейді ғой. Мен қазір телефонмен сол кісіге шығайын!», - деп қоштай жөнелді. Менің қос жанашырымның сөзін Одақтың екінші хатшысы Сайын Мұратбеков ағамыз да қоштап: «Бұл дұрыс шешім, мен де солай ойлағанмын. Облыстың бірінші хатшысына хат дайындаңдар!», - деп бұйрық етіп, бас-аяғы бірер минуттың ішінде тағдырымды шешіп тастады. Бірақ, Ұлықбектің айтар ойы аяқталмапты: «Атақты Әріп Тәңірберген ақынды білесің бе? Соның туған немере қызы Гүлшат апайың облыс аппаратында үлкен жауапты қызмет жасайды. Мен жуықта ғана жолығып қайтқам. Өте жақсы адам, сол кісі саған көмектеседі, таныстырып беремін...», - деп тіптен шегелеп тастады. Міне, менің белгілі қоғам қайраткері, Жетісу қыздарының арасынан шыққан ел басқарушы дарынды тұлға – Гүлшат Тәңірбергеновамен танысуым осылай басталды.

Қала (Талдықорған) шағын болғанымен, Коммунистік партияның аймақтық бірінші хатшысына арналған кеңсе үйі тым зәулім екен. Алматыдан «Ленин даңғылы» деп аталатын зәулім көшімен заулап, жолай кезіккен аудан, совхоз бойынан да «Ленин» деген көшемен жүріп отырып, адаспастан осында жеткем. Бұл алаң да «Ленин алаңы» деп аталады екен. Кеңсе ғимаратының алдында оң қолын ұмсына созып Ленин «жарықтық» тұр. Тым биік, жақыннан бетіне қарасаң, қалпағың ұшып кетеді. Айбынды. Қай күн екені есімде жоқ, әйтеуір жұмыс күні болатын. «Бүгін азаматтарды қабылдамайды, понедельникте келіңіз!» деп, бұйрық айтты, жамбасына тапанша ілген сақшы жігіт. Зәулім есікке қарай кері бұрылып, жаңа ғана алдынан көрген Лениннің енді жон арқасын тамашалап сыртқа беттедім. Бұл менің КСРО елінің алып құрылымымен алғаш жүздесуім болатын. «Майлы жіліктің» бәрінің басына Мәскеу мүддесін қорғайтын «сенімді адамдарын» әдейі отырғызып қойған, алып елдің көрінісі сырттан келген маған шынымен де қатты үрей тудырды. Қай ұлт болмасын, бәрі де маған бір ғана орыс ұлты сияқты сезілетін. Ал, ұлттығын сақтағандардың жағдайы мүшкіл болатын. Ауылдағылардың жағдайы тіптен нашар, дүкендегі барлық зат талонға көшірілген, оның сыртында кейбір ауыл дүкенінде нан да жоқ болатын... Осы із, осы үреймен қанша күн жүргенім есімде жоқ. Бір күні Гүлшат Тәңірбергеновамен жолықтым. Қазақ мифологиясында тұрақты кездесетін әйел затына ұқсас тұңғиық бітімді, ерге тән терең сөз саптасты жан екен. Біраз уақыт сабылған шаруамды лезде оңай шешіп берді. Сол кездегі «Жерұйық» газетіне жұмысқа орналастым. Газеттің редакторы Тұрсын Әбдуали ағамыз да айтпайтын, айтса сөзінен қайтпайтын ұлтжанды азамат екен. Мен нағыз қазақ, нағыз Абайымен енді жолыққандай көңілдене бастадым..

Сөйтіп жүргенде, бір күні Мәскеуде «көтеріліс басталды, әлде біреулер КСРО-ны құлатпақ екен!» деген «үрейлі үн» тыныш жатқан елді дүрліктірді. Орталық радио мен газет-журналдар бұл суық хабарды елге қай қырынан жеткізу керек екенін білмей, әбігерге түсті. Орталықтан жергілікті газет-журналдарды шығармай, ұстай тұруға өкім беріліпті... Кейіннен білуімше осы бір қысылтаяң тұста дұрыс шешімге келген санаулы ұлтжанды басшылардың бірі – осы Гүлшат Қалилаханқызы екен. Айналасы бірнеше күннің ішінде алып империя күрілдеп-қорылдап құлады-ау, әйтуір. Империя басшысы – Горбачов саяжайға «тығылып», құрыш-танкісінің үстіне самұрықтың туын тіккен Ельцин «батыр» жеңіске жетті. Қазақстан Тәуелсіз ел болды. Манағы мені сұстандырған Ленин ескерткіші тұғырынан алынып, көше атаулары «Тәуелсіздік» болып өзгерді. Көңілде зор қуаныш, бірақ бар қазынаның барлығы Ельциннің еншісінде кетті. Қазақ халқы тағы да әлеуметтік күйзеліске ұшырады. Мәскеу арқылы қанымдалып тұрған барлық өндіріс тетіктері тоқтап қалды. Үй бар жарық жоқ, көмір бар күрек жоқ дегендей... Ол аз болғандай, майлы жіліктің басында отырған өзге ұлт өкілдері қоластындағы байлығын ұрлап-жырлап өз еліне таси бастады... Амал не? Ақырында еліміздің бірнеше облысын қысқартуға, қаржы үнемдеп, экономикамызды жандандыруға тура келді. Сол облыстармен бірге Талдықорған облысы да Алматы облысына қарайтын болды... Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде Гүлшат Тәңірбергонова да іскер ер азаматтардан қалыспастан Ел басының қасынан табыла білді. Елбасының алғашқы кеңесшілерінің бірі болды. Ел басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оның іскерлігі мен ақыл-парасатын жақсы түсінді, ерлердің қолынан келмес, талай-талай күрделі басшылық істерді сеніп тапсырды. Гүлшат Қалилақанқызы Тәңірбергенова соның бәрін әрі адал, әрі абыроймен орындады. Осылайша Ол буыны бекімеген тәуелсіз жас елін қиындықтан алып шығу үшін, елін сүйген ерлермен бірге ер адамның қызметін атқарды... Орыстанып кеткен «ЖЕНПИ-ді» де таза қазақы дәстүрлі, қазақ қыздарына лайық Университет болдырған осы кісі. Осылай тіізбелей берсек, Гүлшат ханымның жасаған еңбегі бітпейді. Қазіргі таңда Алтын және бағалы металдар музейінің директоры, философия ғылымдарының кандидаты. Міне, Жазушылар одағының үйінде сырттай атын естіп, танысқан Гүлшат Тәңірбергенова осындай адам. Жуықта «Айқын» газетіне берген көлемді сұхбатын оқыдым, отаншыл, ұлтжанды мінезінен, салмақты да салиқалы ойынан жаңылмапты. Мақаламның соңын Гүлшат Тәңірбергенованың өз сөзімен айтылған философиялық ойларымен аяқтасам ба деп отырмын:

- « Он сегіз мың ғаламның адам құпиясын білмейтін сырлары мың-сан. Өмірде еш нәрсе кездейсоқ тумайды. Сол сияқты, «Алтын адамның» табылуы – ғылым үшін де, қоғам үшін де кездейсоқ әлем сипатты құбылыс. Бірақ, бұған «қазаққа аспаннан екі аяғы салбырап түсе қалған майшелпек» деп қарамау керек. Бұны сақтың бүгінгі ұрпағы, түріктің тұяғы сіз бен бізге арналған тарих толқынының бір ширегі, біз атқаруға тиісті міндеттердің бір парасы деп қарау керек. Бұл құбылысты философиялық пайыммен бағалауға болады. Археолог Бекен Нұрмұхамбетов Есік қорғанындағы обадан «Алтын адам» Лениннің туғанына 100 жылдық тұсында табылғанын айтқан. Бұл былайғы жұрттың назарын аудартпаған шығар, дегенмен ғылым иелері елеңдесіп қалды. Әсіресе, философияның бір тармағы – теологияның өкілдері ден қойды. Көк пен жердің арасындағы құбылысты, болмысты зерттейтін теологтар мұнда бір заңдылық бар екенін мойындады... Лениннің құрған өкіметінің соңы кеңестік империяға ұласты. «Мызғымас одақ» деп жарияланған жүйе жығылды. Империя дәуірінің өтіп бара жатқанын білдіргендей, «Алтын адамның» табылғаны Лениннің туғанына 100 жыл толған, 1970 жылы сәуір айында ресми жария етілді. Бұл – қазақтың жерінің біраз бөлігінен айрылған, шұрайлы жерімізге переселен көптеп қонған, содан әртүрлі азап шеккен ХХ ғасыр болатын. Бұның бәрі заңды жолмен келе жатқан дүние. Ғаламда өтіп жатқан құбылыстардың реті бар. Демек, «Алтын адамнның» құпиясы бір қоғам өтпей, басқа бір қоғамдық құрылым жетпей, ашылмауға тиіс болған. Ол қазақ елінің тәуелсіздігіне бастап келе жатқан қоғам еді. «Алтын адам» - жаңа қоғамның бастауы. «Алтын адам» қазақ тарихының қақпасы мен жаңа дәуірінің қақпасын ашты.

Бәлкім, былай да болар еді: егер, «Алтын адам» Кеңес өкіметі кезеңінде ашылса, оның тарихы да, құпиясы да тез зерттелуі мүмкін еді. Себебі, ол кезде ілім-білімге, мәдени-рухани жол ашық. Сондықтан дәл осыған қаражат табуға болатын. Бірақ, «Алтын адамның» сол кезде ашылуын Жаратқан Ие жаратпады. Өйткені, ақша болғанымен, ниет жоқ еді. Қазақ тарихын ашуға, оны жариялауға қызыл империяның құлқы болмаған. Сақ дәуірінің ұланы қазақ тәуелсіздігін күтіп, Жер-анасының құрсағында жатты. Құрсақ жарып шыққанда қазақтың тарихи жәдігерлері бірінен кейін бірі табылып жатыр. Жетісудан кейін Батыстан, Шығыстан шыққан «Алтын адаммен» бірге қаншама тарих, қаншама шежіре (бізге) жетіп жатыр... «Алтын адамға» қатысты дүниелердің төрт құбыламыздан табылуы» төртеу түгел бол»-дың ишарасы емес пе?!.».

Бұл – Гүлшат Қалилаханқызының өз сөзі, ішкі жан-дүниесінің философиялық түйіні. Ал, біздің бұған қоспағымыз – Сіз де өз заманыңыздың алтын адамы, асыл анасысыз. Ел басқарудағы есіл еңбегіңіз өне берсін деген тілек айту.

Автор:
Жүкел ХАМАЙ