Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толды


25 марта 2021, 05:31 | 1 593 просмотра



Биыл Алаштың біртуар перзенті Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толды. ХХ ғасырдың басындағы елімізде орын алған саяси оқиғалардың куәгері ғана болуды жөн көрмей, өзі тарих жасауға бел буған ұлт көсемі еді. Кеңес заманында аты аталмай, еңбектері оқылмай, тарихтағы орны лайықты баға алмаған ұлт зиялысы еді. Бүгінде Әлихан Нұрмұхамедұлын танымайтын жандар аз деп сенгіміз келеді. Десе де Алаш қайраткеріміздің 155 жылдық мерейтой қарсаңында жүріп өткен өмір жолын тағы да бір мәрте қысқа шолуды жөн көріп отырмыз.

Әлихан Нұрмұхамедұлы 1870 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келгене. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы.

Өзінің алғашқы мақалаларында-ақ қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындар мен оқыған қазақтарды аяусыз сынға алды. Патша өкіметіне қарсы шығып, қарапайым халықтың жағында болған Ә.Бөкейханов сырттан таңылған жат заңдармен емес, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктеріне сай келетін жосын-жоралғылар бойынша үкім шығаратын қазақтың байырғы билер сотын қалпына келтіруді ұсынды.

Әлихан бұрынғы хан-сұлтандардың ұрпағы ретінде туған халқы алдында өзін айыпты сезінді.  "Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деген сертіне соңғы демі қалғанша адал болды. 

Алаш жетекшісі отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп сол жолда аянбай күресті. Сол күрестің нәтижесі Ә.Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары 1920 жылы қазақ халқына алғашқы автономияны алып берді, бұл жеңіс 1936 жылғы Республика статусын алуымызға айтарлықтай септігін тигізді, ал басты жемісін біз көріп отырмыз, бабаларымыздың қасық қаны қалғанша күресіп алып берген сол автономиясы 1991 жылы Тәуелсіздіктің қарлығашы болып қолымызға қонды. Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. 1937 жылдың 27 қыркүйегінде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі.  Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды.

Қорыта келе, айтарымыз  XX  ғасырдың  20-шы жылдарында  Әлихан Бөкейханов қазақты «Алаш» ұраны мен туының астына топтастырды. Біртұтас Алаш ұлтын қалыптастырды және қазіргі қазақ ұлтының атасы бола білді. Алаш зиялыларын, оның ішінде Әлихан Бөкейхановтың  өмірі мен қоғамдық қызметін саналы жас ұрпаққа насихаттап, үнемі зерделеніп, жеткізіліп отыруы қажет деп санаймыз.

Автор:
Ерлан Шопатаев, тарих пәнінің мұғалімі, Мойнақ ауылындағы МДШО бар №23 орта мектебінің, Талдықорған қаласы