Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Лессон Стади зерттеу сабақтары - даму мен ілгерілеудің формуласы


25 марта 2021, 05:37 | 13 779 просмотров



Еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың болашағы – ұстаздардың қолында. Еліміз дамыған 30 елдің қатарына ену үшін  жан-жақты жетілген тұлға қалыптастыру ұстаздар қауымының еншісінде екені айтпаса да түсінікті.» Ел мен елді, халықпен халықты теңестіретін нәрсе, ол – білім» -деп ұлы тұлға М. Әуезов айтып кеткендей, білім – бұл қоғамның ең жауапты, ең қастерлі саласы. Сондықтан, Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының мақсатын білімнің қолжетімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп алып отыр. Осыған орай білім беру жүйесіне еніп отырған  озық, алдыңғы қатарлы елдердің білім беру жүйесінен алынған Лессон Стади әдіс-тәсілі дер едім. Майкл Барбер (Гарвард университеті Жоғары педагогикалық мектебінің профессоры)  мен Мона Муршед зерттеуінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мектепті өзгертетін ең басты күш деп таныса, адамзаттың ұстазы , 2020 жылы 1150 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған,Ұлы философ  Әбу Насыр Әл-Фараби “Білімді қалай ұғуға болады? Оны зерттеумен, тәрбие өнерімен, үйренумен ұғынуға болады”деп ой тұжырымдаған екен. Лессон Стади зерттеу сабақтары оқушының оқуына, мұғалімнің кәсіби тәжірибесінің артуына ықпал ететін педагагогикалық тәсіл, яғни оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятып, білім сапасын арттыруда тиімді тәсіл екенімен танысқаннан кейін, осы зерттеу сабағын тәжірибеге енгізсек, өзіміздегі өзекті проблеманың шешуін табатынымызға көз жеткіздік.2020 жылдың 20 қараша күні Республикалық семинарда тәжірибе алмастық.

М.Барбер мен М.Муршедтің зерттеулерінде білім беру жүйесінің сапасы онда жұмыс жасайтын мұғалімдердің сапасынан жоғары болуы мүмкін емес деген  тұжырым жасалынады. Біздің мектебіміздің директоры  Ә. И .Бөкенбаева да өзі басшылық етіп отырған педагогикалық ұжым мұғалімдерінің үнемі ізденіп , кәсіби шеберліктерін шыңдап отыруына баса назар аударып ықпал етуді  негізге алады.

         Ал оқушының үлгеріміне ең күшті ықпал жасаушы фактор мұғалімдердің тиімді түрде бірлесе әрекеттенуі болып табылады. Тек бірлесе әрекеттеніп қана мұғалімдер кәсіби тұрғыдан өсіп, туындаған қиындықтарды жеңіп, жетістіктер мен алдына қойған мақсаттарына жете алады.

«Ойлау оңай, әрекет қиын, ал ойды әрекетке айналдырған қиынның қиыны» – деп, неміс халқының ақын-жазушысы Иоганн Гете айтқандай, зерттеу сабағын тәжірибеге енгізу барысында, біраз қиындықтар болды, тығырыққа тірелдік. Бірақ «қиын болды» деп ісімізді аяқсыз қалдырмадық. Қиындық туғызған проблеманы бірлесе, ақылдаса отырып шешуге тырыстық. Соның нәтижесінде өткізген зерттеу сабақтарымыз біршама нәтиже берді. Осы зерттеу сабақтарында алған тәжірибемізбен бөлісу мақсатында ұйымдастырылған семинар-сабағымыздың тақырыбы: «Лессон Стади – біздің мектебімізде». Мақсаты: Зерттеу сабақтары бойынша іс-тәжірибемен бөлісу. Бұл зерттеу сабақтарын ұйымдастыруда Lesson Study: нұсқаулық. Пит Дадли; Мектепті басқару туралы ресейлік ғалымның идеяларын,  https://cpm.kz/ru/portal/blogs/?page=blog&blog=Alimov_Ashat, http://lessonstudy.kz/wp-content/uploads/content/ped-dialogue.pdf «Сабақты зерттеу топтары мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытудың тиімді құралы ретінде» А.Әлімов («Педагогикалық диалог» журналы) оқу құралдарын басшылыққа алдық. Осы орайда білім беру жүйесіне ерекше ықпал жасаған  Әлімов Асхат  Хамзаұлының зерттеулері мен еңбектері, карантин жағдайында онлайн өткізген  семинарлары  ұстаздар қауымы үшін үлкен көмек болғанын айта келіп алғыс білдіргім келеді.

Сонымен, L.S. зерттеу сабағының тиімділігіне тоқталсам:

  • Мұғалімдер арасында кәсіби диалогты қалыптастырып, дамытады.
  • Ұжымдық мәдениетті қалыптастырады.
  • Мұғалімдердің назарын оқушылардың білім қажеттіліктеріне аударады.
  • Бағдарламаны, ғылыми тұжырымдамаларды терең түсінуге көмектеседі.
  • Мұғалімдер кәсіби педагогикалық білімін дамытады.
  • Мұғалімдер сабақты бақылау және кері байланыс беру дағдыларын қалыптастырады.
  • Мұғалімдер білімнің ғылыми мағынасына түсінеді және зерттеушілерге айналады.
  • Оқушының оқуы жақсарады.
  • Функционалдық сауаттылығы дамиды.
  • Қоғамға қажетті тұлға болып қалыптасады.

Lesson study – дің басты мақсаты: Оқушыларға білім алуға көмектесу; Топ мүшелерінің кәсіби дамуына ықпал ету.Зерттеу сабағын жүргізу үшін L.S. зерттеу тобын құрдық. Зерттеу тобында осы бағдарламаны игерген мұғалімдер болды.Зерттейтін сыныпты таңдауда, пән мұғалімдерімен бірлесе ақылдаса отырып, зерттеуге 5 сыныбын алдық. Себебі, ол сыныпта бастауыш сыныптан жоғарғы сыныпқа көшкенде әртүрлі мұғалімдерге бейімделуінде қиындықтар болды. Келесі қадам –  проблеманы анықтау болды. Осы мақсатта  пән мұғалімдері сабақтағы проблемаларын Лессон Стади бұрышына жазып, бірнеше проблемалар анықталды. Одан кейін зерттеуші топтың отырысы болды. Бұл отырыста осы бірнеше проблемадан ортақ проблема шығарылды. Ортақ негізгі проблеманы: «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде оқушылардың дәлел келтіру дағдыларын қалай жетілдіреміз?» – деп алдық.

Проблеманы шешу үшін «Оқушылардың дәлел келтіру дағдыларын қалай жетілдіреміз?», «Ол үшін қалай жұмыс жасаймыз?», « Қандай әдіс-тәсілді қолданамыз?» – деген сұрақтар айналасында талқылау жасалынды. Осы талқылаудағы ұсыныстарды  ескере отырып,  №1 зерттеу сабағының жоспарын жасап келдім.  №1 зерттеу сабағымның жоспарын талқыладық та, талқылау барысында тағы да ұсыныстар айтылды. Осы ұсыныстарды ескеріп, қайта жоспарладық. Біз бұнда оқушылардың дәлел келтіру дағдыларын дамытуды басты назарда ұстадық. Біз сабақтарымызды қалай дамытамыз, жақсарта аламыз? Олардың қай жағын жақсартамыз? Қалай жақсартамыз?

Соңғы жоспар бойынша сабақ өтілді, оқушылар мен олардың сабақтағы іс-әрекеттеріне бақылау жүргізілді.Зерттеу сабағының оқушыларға әсерін білу үшін,  оқушылардан сұхбат алынды. Зерттеу сабағына талдау жүргізілді, оқушылардың іс-әрекеті талданып, сабақтың сәтті, сәтсіз тұстарын анықтадық та, сәтсіз тұстары бойынша қайта жоспарлап, зерттелетін келесі зерттеу сабағының жоспарын бірлесе құрдық. Әрине, мұнда «оқушы үнін» ескеріп отырдық. «Әрбір келесі сабақ алдыңғы сабақтан жақсы болуы керек!» деген ұран ұстандық. Сабақтың тақырыбы: «Менің атым- Қожа» болды. Оқушыларға мәтін бойынша өз ойларны дәйектеп жеткізуге жетелейтін сұрақтар қойылды.Қожаның лагерьге бармауы дұрыс па, әлде дұрыс емес пе? Өз ойыңды дәлелде..Қожаның Сұлтанмен достығы шынайы ма?Көзқарасыңды дәлелде..Қожаның уәдесінде тұра алмай, анасын ұятқа қалдыруына көзқарасың қандай?.Өз басыңда осындай жағдай өтсе, сенің іс-әрекетің қандай болады?

Оқушылардың «Ыстық орындық» әдісінде қобалжып, өз ойларын білдіре алмағанын байқадық, келесі сабақта оқушыларды орнында отырып жауап беретіндей әдіс таңдау қажеттігін білдік. Сөйтіп, «Интервью» әдісін қолдануды жоспарладық.

Біздің бұрынғы тәжірибемізде сабақ жоспарын бірігіп құру, сабақты бірігіп зерттеу, проблемаларды бірігіп шешу деген болмаған еді. Лессон Стади мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтерудің, білімін жетілдірудің, тәжірибе алмасудың оңтайлы әдісі екеніне көз жеткіздік. Оқушы сабақты жақсы меңгеруі үшін бірнеше сабақ бойы түрлі әдістерді қолданып, бақылап, зерттеп, соңында тиімді әдісті анықтау арқылы жетістіккке жетуге болатынын түсіндік. Лессон Стади оқушыға саналы білім беруді көздеген, бір мақсатқа жұмылған ұстаздар шеберханасы деп айтсақ, артық айтпаған болар едік. Алаштың аймаңдай тұлғасы, қазақ қара сөзінің құлжасы Ж. Аймауытұлы 1929 жылы жазған «Комплекспен оқыту жолдары» атты еңбегінде «Балалардың білгені, тапқан-таянғаны өмірге жанасып, жарыққа шығып отырып, барлық жұмысты балалардың белсене, құлшына өздері істеуі шарт. Өзі еңбектеніп, өзі бейнеттеніп тапқан білім берік болады. Өмірінше ұмытпайды», - деп  көрсеткен. Демек, жаңартылған білім мазмұнына сай, бірлесе әректтеніп, нәтижеге бағыттай, мақсатты түрде  құрылған әр сабақ оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзіреттілікке жол ашады.

Автор:
Ж.К.Кабылова, Зерттеуші-педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «А.С. Макаренко атындағы №6 орта мектебі МДШО» КММ