25 марта 2021, 06:42 | 913 просмотров
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Әкесі Шыңғыс сол жерде аға сұлтан болған. «Әке балама сыншы» дегендей, Шыңғыс болашақ ғалым баласына көп назар аударды. Шоқан Шығыс әдебиетінен хабардар болсын деген ниетпен Орынбордан Әубәкір деген молданы әкеліп, баласына жыраулар туралы , араб, парсы тілдері туралы түсінік алғызады. Шоқанның әжесі Айғаным көкірегі ояу, көзі ашық, арабша, парсы, шағатай тілдерін, тіпті орыс тілін де білетін, өте ақылды адам болған.
Бала Шоқанға ертелі-кеш ертегілер айтып, қазақ батырларының ел қорғаған ерліктері туралы, ел арасындағы ру таластарының болу себептері жайында әңгімелер айтатын. Шоқанның анасы Зейнеп белгілі Шорман бидің тұңғыш қызы, қазақша-арабша хат таныған, өз заманының көзқарақты қыз-келіншектерінің бірі болған. Ақылды, өмір құбылысын, заман талабын жақсы білетін ана Зейнеп, ақ сүтін Шоқанның сүйегіне адал дарытқан ана болған. Әкесі Шыңғыс орысша оқыған, әскери шені бар, араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін жетік білетін, әдебиетке, өнерге құмар, әнші-күйші, ақын-жырауларды зор құрметтейтін, халықтың бай ауыз әдебиетін жақсы меңгерген, олардың жырларын жинап жүретін жан екен. Шоқан жеті жасқа келгенде сол жердегі мектепте оқып жүргенде-ақ, елдің айтуынша, алғыр бала болады. Қасында Ықылас деген шешен биі халықтың алуан-алуан қызық әңгімелерін көп айтады. Шоқан сол әңгімелерін көп айтады. Шоқан сол әңгімелерді ұқыпты тыңдап, бертін келе оны жинақтап жазып жүрген. Бала Шоқан үйіне келген Орынбай Бартағылұлы, Арыстанбай Тобылбайұлы, Досқожа мен Нұрымбай, Тоғжан мен Шөже Қаржаубайұлы секілді сөзге жүйрік айтыс ақындарының жырларын, Ханқожа мен Досжан секілді майталман күйшілердің, Сегіз сері мен Жанақтай жезтаңдай әншілердің хас өнерін тамашалап өскен еді. Олардың кең тынысты жырлары мен сазды әуендерінен жас бала өз бойына халықты, елді, туған жерді сүюдің жарқын дәстүрлерін сіңірген еді. Шоқан бұл сияқты әдебиетке құмарлығымен қоса, сурет өнеріне де қабілеті бар бала болып өсті. 10 жастағы Шоқан саз балшықтан салынған жануарлар мүсінін де ауылдағы өнерлі, мүсінші баладан үйреніп, өзі де талай-талай жануарлар суретін, мүсінін салатын болды. 1847 жылы Омбыға оқуға келеді... 5 жасында хат танып, 7 жасында өлең-жырды жатқа айтып, 11 жасында кадет корпусындағы мұғалімдерін таңдандырған Шоқан ғалым болып дүниеден өткенде, көптеген ғылым саласынан өнерін көрсетіп кеткен еді... Шоқан ғажайып құбылыс еді. 1847 жылы Омбы кадет корпусына келгенде, бір ауыз орыс тілін білмейтін 12 жасар баладан алты жылда ғалым шықты дегенге былайғы жұрт нана қояр ма екен? Ал, ғалым болғанда қандай, «халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек», - деп, жар салған күрескер. Осының бәрі өз көз алдында өтпесе және куәгері болмаса Потаниннің де көңіліне күдік ұялар ма еді, қайтер еді...
Қорыта келгенде, Шоқанның шығармашылық өнерінің кереметтігін алғаш халыққа жайып, Шоқанды дүниежүзінің әдебиетінде танытқан Сәбит Мұқанов:
«Шоқан – гуманист адам. Бүкіл адам қоғамының теңдікке жетуін арман етті. Бұл – оның арғы арманы. Бергі арманы – туған елі қазақтың елдігін, шаруасын, мәдениетін Еуропаның, орыстың дәрежесіне көшіру. Ой саласының қалыптасу жағынан келгенде, мартен пешінде балқып тұрған болатқа ұқсайды. Ал, жалпы біліміне келгенде, не деген – зор эрудит! Әсіресе тарихтан, философиядан, эстетикадан, этнографиядан, гуманитарлық білімдерден, әдебиеттен, табиғатты танудан да білетіндігі толып жатыр!»- деп, Шоқанның шығармашылық өнерін толық талдап беріп, ұрпағына мұра етіп таныстырған.
Жетекшісі:
Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Дайындаған:
Болатбек Аяулым, Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.