Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰБТ-ға уақытта таяп қалды


26 марта 2021, 06:27 | 1 119 просмотров



Әне-міне дегенше, қашықтықтан оқыту тәртібінде басталған оқу жылының  ІІІ-тоқсаны да аяқталды. Уақыт-замыран...

Биылғы жылғы түлектер, олардың ата-аналары үшін аса жауапты кезең. ҰБТ-леу уақыты да таяп қалды. Бүгін сізбен ҰБТ тапсыру айналасындағы сұрақтармен ой бөліссек деймін Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысы Роза Бармановамен сұхбаттасқан едік.

-Алдымен бүгінгі күні қалыптасқан жағдайға тоқталсаңыз?

 - Бітіруші түлектердің мектеп қабырғасында 11 жыл бойы алған білімдерін көрсететін сынақтың бірі де бірегейі-ҰБТ болып отыр. Жер жүзін жайлаған пандемияға байланысты білім беру саласында біз ойламаған өзгерістер мен тосын жаңалықтар болды. Түлектеріміз өткен оқу жылының ІV-тоқсанын, биылғы жылдың І,ІІ-тоқсанын онлайн тәртібінде, яғни,  қашықтықтан оқыды. Бұл жағдай білім сапасына кері әсерін тигізбеді деп айтуға болмайды. Соған қарамастан,  түлектеріміз бен ата-аналар тарапынан дайындық жұмыстары үлкен жауапкершілікпен жүргізіліп жатыр деп айта аламын.

-Енді маңызды сұрақтан бастайық. Түлектеріміз биыл ҰБТ-ді компьютерлік форматта тапсырмақшы гой?  Бұл форматқа Сіздің көзқарасыңыз қандай?

-Бұл форматқа дайындық 2019 жылдан басталған болатын. Артықшылықтары мен қауіпті тұстары қоғаммен талқыланды. Талқылауға ата-аналар, білім беру басқармалары, мектеп директорлары , психологтар қатысқаны белгілі. Жан-жақты зерттеліп, талқыланып, әбден ойластырылған шешім деп есептеймін. Жалпы білім саласында қабылданатын әрбір жаңаша қадам балалар үшін тиімді болатындай қарастырылады.

-Сонда бұл форматтың қандай артықшылықтары бар?

  -Қағаз форматына қарағанда бірқатар артықшықтары бар: ҰБТ сол қалпында қалады, өзгертетін тек форматы ғана. ҰБТ тапсырар алдында үміткер  Ұлттық тест орталығының сайтына тіркеледі. Мұның да тәртібі бар.  Бұдан басқа, ҰБТ тапсыру мерзімі ұзартылды. Өткен жылдары тест тапсыру мерзімі 7 күнге созылса,  биыл бұл үдеріс 100 күнге созылады. Нақтырақ айтсақ, ҰБТ–леу 11.04.2021-нен 30.06.2021 дейін өткізіледі. Ал, 26.03.2021-нен 10.04.2021 аралығында өтініштер қабылданады. Осы уақыт ішінде бітірушілердің  2 рет тест тапсыру мүмкіндігі бар.

Бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді оргәйнекпен қоршалған жеке компьютер беріледі. Менделеев таблицасы, ерігіштік кестесі, калькулятор т.б. компьютерде болады. Ештеңе алып келудің қажеті жоқ.

Тағы бір жағымды тұсы тест парақшасындағы жауаптарды кездейсоқ бояу болмайды. Компьютердегі тестіде оқушы өз жауаптарын өзгерте алады және бір пәннен келесісіне өту мүмкіндігі болады. Тестілеу аяқталғаннан кейін тест нәтижелері бірден экранда көрсетіледі. Сондай-ақ,  тест нәтижесі бойынша апелляцияға бітіруші тек келесі күні беретін, ертеңгі күнге дейін тестілеуші тіпті қандай сұрақтың болғанын да ұмытып қалуы мүмкін еді. Бұл форматта апелляцияға тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде бере алады. Тестілеу уақыты үнемделеді. Бұрынғыдай жауап парағының шеңберін бояудың орнына тестіленуші компьютердің пернелерін ғана басады. Қате толтырылған деректерді түзету, тестілеу тілін, пәнін ауыстыру мүмкіндіктері болады.

-Қағаз форматына қарағанда әлдеқайда  ыңғайлы екен.  Өзіңізге белгілі , соңғы жылдары статистика көрсеткендей, балалардың көру қабілеті төмендеуде. Мониторға ұзақ қарау мәселесі қалай шешілмекші?

- Иә, бұл да орынды сұрақ. Осы жылы ҰБТ тапсырмалары үшін тестілеу уақыты да әртүрлі. Жаратылыстану-математика бағыты бойынша 240 минут, яғни , 4 сағат беріледі. Ал гуманитарлық бағыттағы мамандық таңдағандарға  225 минут, яғни,  3 сағат 45 минут беріледі. Тест тапсыру кезінде 2 рет үзіліс берілмекші. Басталғаннан соң 1 сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін  2минут үзіліс, 2 сағаттан кейін 15 минут үзіліс беріледі. Осы уақытта қажеттілігі бойынша шығып, демала алады.

-Тағы бір көкейдегі сұрақ: Тест тапсырмаларының санында өзгертулер бар ма?

 -Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мынаны айтқым келеді. Бүгінгідей өзгермелі заманда кез-келген оқушы барлық пәннен бірдей мықты бола бермейді. Бұл заңды да. Бұл жөнінде бірқатар мысалдар келтіруге болады. Биылғы жылы басымдық бейіндік пәндерге беріліп отыр. Бейіндік пәндердің сұрақтары 30-дан 35 сұраққа дейін өсірілді. Міндетті пәндер Қазақстан тарихы мен математикалық сауаттылықтан 15 балдан, барлығы 30 балл; оқу сауаттылығы 20 балл;  сондаҰБТ бойынша ең жоғарғы балл - 140-тың  90 балы 2 бейіндік пәндерден болады.

- Жақсы. Өткен жылдары ҰБТ тапсыру белгілі 1 күнге белгіленетін, оқушылар осы күнді елеңдеп күтіп, жүйкелеріне салмақ түсіретін ? Биыл ше?

- Бұл жағы да компьютерлік форматта әбден ойластырылған. Өзі қалаған кез-келген уақытта мектеп бітіруші тест тапсыра алады. ҰБТ-ны  2  рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. ҰБТ-ны 1 рет тапсыру тегін болады. Ақшалай негізде болған күннің өзінде оның  сомасы 2242 теңгеден аспайды. Тесті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады.  2 ретте де бейіндік пәндерді  ауыстыруға болады. 1 рет химия – биологияны  таңдап, келесіде физика – химияны   тапсырсаңыз да болады.

-ҰБТ тапсыру кезіндегі санитарлық нормалар қалай сақталмақ?

 -Бұл нормалар сол қалпында қалады, бетперде тағу, арақашықтықты сақтау талапқа сай орындалады. Бақылау жүйесі де сол қалпында қалады.

-ҰБТ кезінде IT қауіпсіздігі қандай тәртіппен шешіліп жатыр?

- ҰБТ-ны тек нақты компьютерден ғана тапсыруға болады. Логин және құпия сөз арқылы басқа адам тапсыра алмайды. Сондай-ақ , әрбір оқушының іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік  беретін камера орнатылған.

 Үміткерлер Face ID жүйесі арқылы сәйкестендіріліп, аудиторияға жіберіледі. Өзімен бірге жеке куәлігі, қара немесе көк сиялы қаламы болуы қажет. Тестілеуге өз орнына « бөтен тұлғаны» кіргізуге талпынған түсушілер ағымдағы жылы сол тестілеуге жіберілмейді.

Сондай-ақ , тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) анықтау бойынша қазақстандық прокторинг жүйесі қолданылады. Тыйым салынған заттар анықталған жағдайда  оқушы аудиториядан шығарылады және оның осы жылы тесті қайта тапсыру мүмкіндігі болмайды. Міне, биылғы жылы түлектері осындай жаңалықтар күтуде.  

Автор:
Сұхбаттасқан Мадина Айдынқызы