29 марта 2021, 05:19 | 1 245 просмотров
Әр халықтың даму тарихында өзінің адал еңбегімен, ерен ерлігімен ел тарихының төрінен орын алатын жекелеген азаматтар болатыны ежелден мәлім. Сондай тұлғалардың арқасында әр ұлт өзінің дербестігін сақтап, ұрпақтар жалғастығы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақ жеке мемлекет болғалы ұлт тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткен атпал азаматтарымыздың болғаны біздер үшін мақтанып, әрі тарихымыз үшін үлкен мектеп.
Сондай тұлғаларымыздың бірі Тұрар Рысқұлов екен сөзсіз. Өткен ғасырдың басында бүкіл Орта Азия халықтары ішінен алғаш болып әйгілі Кремльдің төрінен орын алған Т.Рысқұлов ел тағдырына жауапты бірегей тұлғаға айналды. Сол тұстағы қым-қуыт саяси тартыс пен ел ішін жайлаған дүрбелеңнің бел ортасында жүрген Т.Рысқұловтың бар ой - арманы қазақ сияқты басынан қиқу, арқасынан таяк кетпеген елінің тәуелсіздігі болды. Ол өзінің бүкіл мақсат - мүддесін осы арнаға бұра отырып, ел басына төнген қауіптiң ауыртпалылығын аса сезімталдықпен пайымдап, одан шығудың сара жолын көрсете білді. Бұл Т.Рысқұловтың елі алдындағы ерен ерлігі болатын.
Т. Рысқұловтың өмірі – тәуелсіздік жолдағы халқымыздың күрес жолымен жымдасып жатқан күрделі құбылыс. Осы саяси тартыста ол бұғанасы қатып ер жетіп, орысша білім алып, оңды танитын азамат деңгейіне дейін көтерілді. Әлеуметтік теңсіздік жолында қатаң жазаға тартылған әке өсиеті бала Тұрардың келешек даму жолын айқындап кеткендей болды. Әділетсіздіктің астарында халық қамы, ел келешегі жатқанын ұғынып өскен Т.Рысқұлов үшін бүкіл өмірін күрес жолына арнау ұлы мұратқа айналды. Демек, Т.Рысқұлов феномені дегенде, бірінші кезекте оның ел келешегі үшін атқарған қайраткерлік күресін және екінші кезекте – еліміздің әлем алдындағы тәуелсіздік өмір сүруін айтқанымыз жөн.
Т.Рысқұловтың бүкіл өмір жолы Қазақстанның әлеуметтік, саяси, қоғамдық және экономикалық өміріндегі терең өзгерістерді жүзеге асырудың күрделі жағдайында өтті. Ол Түркістан Халкомкеңесінің төрағасы бола жүріп, әлеуметтік экономикалық мәселелерге, ipi өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға, жұмыстылықты қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп, сол жолда өзі де жатпай - тұрмай еңбек етті, күш - жігерін аямай жұмсады. Елінің әлемдік дамудан кенже қалмай, тығырықтан шығар жалғыз жол жастардың білім алуы жаңа мамандықтарды меңгеруі деп білді.
Жалпы тарихта ерекше орын қалдырған қоғам қайраткері, елдің рухани көзін ашқан Тұрар Рысқұлов туралы сөз айтылса, еске бірден осыншама ұзаққа созылған ұлт - азаттық көтерілістер оралады. Тұрар Рысқұлов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының 20-30 жылдардағы тарихында ерекше зор роль атқарған саяси қайраткер. Туған халқын азаттық жолындағы күреске бастаған қазақ зиялыларының көш басында тұрған аса ірі саяси жетекшілердің бірі және бірегейі Тұрар Рысқұлов болатын. « Рысқұловшылдық » деп аталатын құбылыстың негізінде жатқан ерекшелік кеңес өкіметінің соңынан ілескен қазақ халқының ұлттық күштерінің өз тағдырына өзі шешу бағытындағы күрес болатын. Рысқұлов Тұрар ( 1894-1938 ) қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Т.Рысқұлов азаттық бастаған Қазак зиялыларының көшбасшысы бола жүріп, күрделі кезеңдерде одан шығудың жолын табуға күш салды.
Жетекшісі:
Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
Дайындаған:
Ардақ Әбділәшім, Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің 1-курс студенті.