29 марта 2021, 05:27 | 1 100 просмотров
Жетісу жері ұлыларға бай мекен. Кешегі Қабан, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл, Мұқағали сынды ақын-жыраулар осы өңірден шықты. Солардан кейінгі алтын буынды жыр қағаны Жұматай Жақыпбаев жалғайды.
Жұматай Сағадиұлы Жақыпбаев 1945 жылдың 30 қаңтарында Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында дүниеге келген.
Қазақтың қара өлеңінің төрінде ерекше орыны бар дарынды тұлға еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Ескелді ауданындағы Сырымбет ауылының орта мектебіне Ж.Жақыпбаевтың есімі берілген.
«Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні», «Көктемгі хаттар» жыр жинақтарында туған жердің көркем табиғатын, махаббат пен сұлулықты жырлады.
Қазақ поэзиясында есте жоқ ескі замандардан бері келе жатқан махаббат жыр-дастандарының жалғасы іспетті бүгінгі заманның махаббат лирикасын сұлу әуенмен нақышына келтіріп жазған ақындардың бірі — Жұматай Жақыпбаев.
Өмірді де, өлеңді де құлай сүйген Жұматай –лирик ақын. Сезімді жырлайтын. Жүрегінен шашыраған жыр ұшқындары әр кеудеде от болып маздайды. Оның поэзиясы – туған жерінің табиғатымен, ағайын-жұртымен, барлық жастағы адамдармен үнсіз сырласады.
Ол – сан қырлы талант иесі. Бір басында ақындықпен қоса суретшілігі де, термешілігі де, тарихшылығы да, боксшылығы да қатар жүрді.
Жастарды әрдайым қамқорлығына алып жүретін Тұманбай Молдағалиев: «Жұматай! Сен азақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!» – десе, мұңайғанда маңдайынан сипай білген Олжас Сүлейменов: «Жуматай – ис тинный и даже редкий поэт!» – деп үлкен баға берген. Өзара сырлас, көп ретте тағдырлас та болған Асқар Сүлейменов: «Оның өлеңдері табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді», – деп таңданысын жасыра алмаған.
Рухани игіліктің аспаннан өздігінен жауа бермейтіндігі белгілі. Жұматайдың қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыс екендігі әлдеқашан айтылған.
Қалмаймын деп мынау өмір көшінен,
Жастай зерек, ғажайып күй кешіп ем.
Жан адамнан жасқанбай Һәм жасымай,
Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем!
Оқымаған кітабы, тауыспаған ілімі жоқ Жұматай әлемдік ақыл-ойдың толғақты жолын көктей шолып қана қоймай, жан-дүниесімен ұғына білді.
Асель Абдикаримова,
ҚР «Алматы облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Жетісу орта мектебі» КММ. қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Шынар Омарбекова,
«Олег Кошевой атындағы негізгі орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі