Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Наурыз айы игі істер бастамасына толы


29 марта 2021, 05:48 | 798 просмотров


Күннің көзі жайнай шығып, жылғалардан сылдырап аққан қар суымен келетін көктем мерекесі -Наурыз. Наурыз – күн мен түннің теңелер шағы, береке мен бірліктің, тазалық пен ақ ниетке кенелтер ұлы мереке.

Наурыз мейрамын жыл сайын атап өту Талдықорған қаласындағы «№15 орта мектебі» КММ-де де жақсы дәстүрге айналып отыр.

Биылғы оқу жылында жоспарға сәйкес 1-11 сыныптар аралығында «Тарихқа тағзым – ұрпақ парызы»,  «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» тақырыбында елдегі орын алған санитарлық -эпидемологиялық жағдайға байланысты тәрбие сағаттары қашықтықтан және штаттық режимде өтуде.

Тәрбие сағаттарында «Наурыз» мейрамына халық бір-бірін қонаққа шақырып, өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, табыса білетіндігін, халқымыздың мол дастарқан жайып, дәм татысатындығын, өткен-кеткеннен сыр тартып барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын беретіндігімен бөлісті.

Бастауыш сыныптарындағы өнеге сағаттарында кіп-кішкентай бүлдіршіндер бұрала билесе, енді бірде мәнеріне келтіріп өлеңдерін оқып жатты.

5-8 сыныптарда тәрбие сағаттары  ZOOM платформасында өтуде, жан-жақты деректермен танысуда. Сынып жетекшілері Койгарина Д.К.,Үкібаева А.М., Касеинова Г.Қ., Кумаргалина Г.Н.сияқты сынып жетекшілерінің еңбегін атап өтуге болады.

Мереке қарсаңында мектепте 9-сынып оқушылары да «Ұлыстың ұлы күні -Наурыз»  тақырыбында  қабырға газетін шығарып, сынып сағаттарын өткізді.

Сынып сағатында «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік  бәрінен қымбат» мақаласымен танысты. Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруда «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мейрамын атап өтудің мәні жоғары» екендігі жайында тоқталып өткен.Мақаламен таныса отырып жан -жақты ойларымен бөлісті.

Тәрбие ісінің меңгерушісі Рыскулова С.Ж. бастауымен көктемгі каникул кезінде оқушылардың сапалы әрі қауіпсіз демалыс демалысын ұйымдастыру мақсатында  «Қазақстан балалары -көктем шақырады» айдарымен жұмыс жүргізуде. «Ұлттық өнер- ұлттық киім» сурет көрмесі, «Қазақтың ұлттық тағамдары» презентация, «Қызықты кітаппен демалыс» кітап оқу, «Таза аула – таза ауа» тазалық сенбіліктері, «Қайырымды істер марафоны» қайырымдылық акциясы, «Мен және менің демалысым» тақырыптарында ұйымдастырылып отыр. Әр сынып жетекшісі демалыс уақытында да балалармен тығыз байланыста.

Мектебімізде көктем мерекесімен жарыса келген  тағы бір қуанышпен бөлісе кеткім келеді.

10 «А» сынып оқушысы Мұхитқызы Арайлым қалалық Абай оқуларының «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы - Абай өлеңдерін жатқа оқу байқауынан бірінші орын,  облыстық байқаудан екінші орын алды. Жетекшісі қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ожарова Р.М.

«Абайдың қара сөздері» бағыты бойынша 8-сынып оқушысы Талғатова Бенизар 3-орын алды. Жетекшісі Адильбекова Г.

Талдықорған қаласы әкімінің ұйымдастыруымен Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай «ЖЫР АЛЫБЫ ЖАМБЫЛ» атты жатқа оқу байқауында 6- сынып оқушысы Резникова Милана жүлделі орынға ие болды. Жетекшісі қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Койгарина Д.К.

Жас жеткіншектердің  жетістіктері, ұстаз қауымының еңбектері биіктерден көріне берсін дегім келеді.

Автор:
К.К.Суйгенбаева, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, №15 орта мектеп, Талдықорған қаласы