Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бүгінгі таңның талабы – қашықтықтан оқыту


29 марта 2021, 11:25 | 1 223 просмотра


Қашықтықтан оқыту көп жылдан бері оқу орындарында дәстүрлі  түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің маңыздылығы арта түсті. Себебі еліміздегі мектептер Covid-19-дың таралу қаупіне байланысты өз жұмыстарын тоқтатып, оқушыларды қашықтықтан оқытуға кірісті. Ал қашықтықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманғы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді. Яғни, қашықтықтан оқыту карантин жағдайында оқу үрдісін жалғастыруға мүмкіншілік туғызып отыр. Бәрімізге белгілі қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудың үш түрлі формасы бар: онлайн  және оффлайн, және кең таралған үшінші түрі – вебинар. 

Қашықтықтан оқытудың білім алушыларға жаңа мүмкіндіктерді алып келетіні рас. Жалпы бұл жүйе өзге мемлекеттерде ертеректе жүзеге асқаны баршамызға белгілі. Кейбір елдерде ата-аналардың қашықтықтан оқыту мен мектепке барып білім алуды таңдауына да болады. Бұл жаңа жүйеде баланың өздігінше білім алып, сабаққа дайындалуына мүмкіндік көбірек. Бірақ бәрібір де балаға мұғалім мен ата-ананың қадағалауы қажет. Сондықтан қашықтықтан оқыту жүйесі жоғарғы сынып оқушылары мен мектептен кейінгі білім беретін колледждер мен университет студенттеріне ыңғайлы деп ойлаймын. Бастауыш сыныбында оқитын оқушылар үшін бұл оқу жүйесі бастапқыда қиындық туғызғаны рас. Мұғаліммен тікелей жұмыс жасап үйреніп қалған бүлдіршіндер үшін қашықтан оқу таңғаларлық дүние болып көрінді. Ата-аналарға да ауырға соқты. Бір жылдың көлемінде балаларда бұл жүйеге үйренді. Әрине, кез келген оқыту түрі біржақты бола бермейді. Яғни, оның өз артықшылықтары мен кемшіліктері де болады. Қашықтықтан оқыту түрінің еркіндігі мен икемділігі, географиялық жағдайға қарамайтын, кез-келген тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік тудыратын артықшылығы бар болғанымен, қашықтықтан жұмыс істеу кезінде қатысушылардың  бір-бірімен жеке байланысы аз, кейде мүлдем жоқ деп те айтуға болады. Сондықтан мұндай оқыту нысаны коммуникабельділік, сенімділік, командада жұмыс істеу дағдыларын дамыту үшін қолайлы емес. Дегенмен, карантин аяқталып, өз жұмыс орнымызға оралған жағдайда дәстүрлі оқыту түрімен қатар қашықтықтан оқыту түрін де бірге ала жүреміз деген ойдамыз. Себебі жаңа ғасыр адамзаттан оның кәсіби қызметіндегі барлық өзгерістерді біліп, үнемі білім деңгейін жетілдіріп отыруды қажет етеді.

Сөз соңында, өзінің ұлағатты сөздерінің бірінде орыстың педагогтарының бірі К.Д.Ушинский заман талабына сай, әрбір ұстаз өз білімі мен біліктілігін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды күнделікті білім беру барысында қолданса, өткізілетін сабақтың тиімді, қонымды болатындығын айтқан болатын. Сондықтан жаңа форматтағы қашықтықтан оқыту жүйесі тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, ата-аналар мен оқушыларға да пайдасы бар. Еліміздің алдағы уақытта өркениетті мемлекеттер қатарынан көрінуі, білімді әрі білгір ұрпақты тәрбиелеу заман талабына сай білім алудан, жаңашылдықтан бастау алатынын айтқым келеді.

Автор:
Нұрбақыт Қошқарбаева, Бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы А.С.Макаренко атындағы №6 орта мектебі