Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҚИЫҚ АҚЫННЫҢ ТУЫЛҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ


30 марта 2021, 09:42 | 1 332 просмотра



Қазақ поэзиясының алыбы, Тәңіртаудың мұзбалағы, қара өлеңнің құдіретін танытқан ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтің туылғанына биыл 90 жыл толып отыр.

         Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында,  Хантәңірі тауының етегінде  дүниеге келген. Жастайынан шығармашылықты жан-тәнімен сүйген Мұқағали ақындық жолын жасөспірім кезінде-ақ бастап кеткен. Ақынның шығармашылық жолы «Советтік шекара» газетінде 1949 жылы алғаш жарияланған «Қырманға», «Қойшы бала-Әкітай» өлеңдерімен басталады. Бастапқыда Мақатаевтың балалық шағы уайымсыз өтті. Ол туған жері Қарасазға арналған «Туған жер» өлеңінде армансыз өткен балалық шағын еске алып, өткен күнге саяхат жасайды.

Мақатаев балалық шағының бүкіл әлемін сүйді және сол күндерді қатты сағынды. Оның поэзиясының көптеген суреттерін тудырған дәл сол балалық шақтағы естеліктері болды. Бірақ, соғыс Мұқағалидың өміріндегі көп нәрсені өзгертті. Әкесі соғысқа кеткенде, ол небәрі он жаста еді. Ал өмірдің барлық ауыртпалығы балалық шағымен қоштасқысы келмеген жасөспірімнің иығына түседі. Жауынгер ұрпақтың барлық ер азаматтары сияқты, әйел мен жас балалар ғана қалған үйде отбасының тірегі болар нағыз жігіт ретінде қалғанын түсініп, ерте ержетті. Ақынның әкесі майданда қайтыс болды. Сол уақыттан бері Мұқағали жай ғана сөніп, жоқ болып кетуге құқығы жоқ екенін, мойнында үлкен жауапкершілік барын түсінді.

Ақынның анасының естеліктеріне сүйенсек, Мұқағалидің әдебиетке деген қызығушылығы 14 жасынан басталған. Ал өлең жазуға жары Лашынға деген махаббаты себеп болды. Ол сыртқы әлемнен және кітаптардан шабыттанды. Мұқағали Абай, Әуезов, Сейфуллин, Мүсіреповты оқыды. Орыс тілін өз еркімен өте жақсы меңгерген ол орыс әдебиетін, әсіресе Пушкин, Есенин, Блоктың поэзиясын оқыды. Шетелдік әдебиеттерден Гейн, Гёте, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль шығармаларына қызығушылық танытты.  Бірақ бәрінен де Бальзак, Лондон және Шекспирді жақсы көрді. Мұқағали жазған естеліктерінің бірінде: «Иә, мен әдебиетті жақсы көремін. Мен үшін одан биік ештеңе жоқ» деп әдебиетті сүйетінін мойындаған болатын.

Сыртқы жағдайлардың өзгеруіне қарамастан, Мақатаев ең бастысы поэзияға деген махаббатына тұрақты болды. Ол әрқашан өлеңдер жазып, жиі-жиі журналдар мен газет беттерінде жариялап отырды. 1962 жылдан бастап, алғашқы кітап шыққан кезден 1976 жылға дейін ақынның сегіз өлеңдер жинағы жарық көрді. Олардың ішінде: «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмір-дастан», «Жырлайды жүрек» және басқалар бар.

Әдебиет саласында жиырма бес жылдай уақыт жұмыс жасаған Мақатаев 1000-нан аса өлең жазды. Ол «Ильич», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Мавр», сондай-ақ әңгімелер мен повестердің, «Қош бол, махаббат» пьесасы мен заманауи қазақ поэзиясының мәселелері жарық көрген мақалалардың авторы. Поэзияның символы болған Мұқағали Дантенің «Құдыретті комедия» дастанының «Тамұқ» деген бірінші бөлімін аударды. Ол Шекспир, Уитман және шығыс ақындары мен орыстың заманауи жазушыларның шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысты. Оның шығармашылық дарыны көптеген жолдармен көрінді.

Мұқағали Мақатаевтың шығармаларында өмірдің барлық саласы қамтылды. Бүгінде оның туындыларын сүйіп оқымайтын, жақсы көрмейтін адам кемде-кем.

Күнделіктерінде ол: «Менің ойымда бір ғана арман бар. Бұл өз халқыма пайдайлы болу. Бірақ, оған шындықты айтқым келеді. Халқым менің, сендерге даусымды қалай жеткізе аламын?» деген болатын. Ақынның өз халқына бере алатыны ол – ұлттық дәстүр мен ұлттық сананың тереңдігінен жарық көрген поэзия. Міне, Мұқағали да халқына сондай поэзия сыйлаған ақиық ақын.

Мұқағали Мақатаевқа атақ-даңқ қайтыс болғаннан кейін келді. Өз заманында лайықты дәрежеде бағаланбағанымен, өзінен кейінгілер үшін таптырмас туындылары бейнесінде бағалы мұра қалдырған ақынның есімі әлі сан ғасырлар бойы ұмытылмасына еш күмән жоқ.

Ф. А. Қозыбақова,

ғылыми жоба жетекшісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.

Абдулла Айтұмар,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология факультетінің 1-курс студенті.

Автор:
Ф. А. Қозыбақова, Абдулла Айтұмар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті