1 апреля 2021, 04:51 | 943 просмотра
Білім беру орындарында қашықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтан жүргізуге ауыстыру – әлемді жайлап келе жатқан коронавирус індетінің таралуын тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені бәрімізге мәлім. «Еркін ауылындағы Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бейсекенова Гүлбаршын Ахметкарім қызы бастаған ұжым оқушыларға білім берумен бірге тәрбиелеу жұмысын жалғастыруда. Әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде оқушыларға қашықтықтан сабақ беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара. Биылғы оқу жылында 1-11 сынып оқушылары сары күздің ең алғашқы күнінде 2020-2021 оқу жылын бастап кеткелі оқушылар білім алуды басты міндет екенін сезгендей. Педагог ұжымына ойластырылған бағдар беріліп, сандық технологияларды тиімді енгізуге директор орынбасарлары, жаңашыл ұстаздар және информатика мұғалімдері тарапынан әдістемелік көмек беріліп жатыр. Өйткені цифрлық бағдарларға көшу үрдістері ең алдымен адами факторға бағытталуы қажет: білім алушылардың қырларын ашатын мұғалімдерге деген қамқорлықтың маңызы зор, қайтарымы көп.
Оқу жылы басында мектебіміздің әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларындағы оқушыларға мектеп тарапынан, Республикалық және жергілікті бюджеттен уақытша қолдануға дербес компьютерлер берілді. Бүгінгі кезде мектебіміз бойынша қашықтықтан оқуларына балалар толық қамтамасыз етілді десек артық болмас.
Онлайн сабақ мұғалімдердің де, оқушылардың да жауапкершілігін арттырып, білім беру талаптарын күшейтетіні сөзсіз. Шәкірттер қашықтық сабақ барысында бекітілген кесте бойынша оқуды жалғастырып жатыр, айырмашылығы – сабақтар қашықтық немесе онлайн режимде жүргізіледі. Біздің білім ордамызда мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс ретінде негізінен Күнделік.кз., Bilimland платформалары және кері байланыс ретінде Whats App мессенджері де қолданылады. Сынып жетекшісімен оқушылар қашықтықтан Microsoft Teams, Classroom, Zoom платформалары арқылы онлайн режимде жүздеседі. Оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, осы платформалардан мұғалімдер кідіріссіз онлайн оқыту режимінде сабақ беріп жатыр. Сабақ барысында олар жаңа тақырыпты тыңдап, талқылайды, практикалық тапсырмаларды орындайды, пікір алмасып, жауап береді, жазбаша жұмыстарын жібереді. Мұндай формат сабақ сапасын да жоғары деңгейге көтереді, өйткені әрбір сабақтың үдерісі шәкірттің де, мұғалімнің де жауапкершілігін арттырады.
«Егер саған бір балық берсе, сен бір күн тоқ жүресің, егер саған екі балық берсе, екі күн тоқ жүресін, ал егер сені балық аулауға үйретсе, сен өмір бойы тоқ боласың» деген халық даналығымен аяқтап, біз, мұғалімдер, қауымы оқушыларға өміріне азық болатындай және алған білімдерін өмірде қолдана алатындай білім беруіміз керек.