9 апреля 2021, 07:25 | 1 462 просмотра
Сөз этикетінің сыпайылық таныту қызметін атқаратын этикет сөздер тобына құтты болсын айту, кешірім сұрау, өмірдің түрлі жағдайларындағы сыпайылық таныту үшін, рахмет айту үшін қолданылатын түрлі тілдік бірліктер жатады.
Сыпайылық танытудың бірінші түрі – кешірім сұрау этикеті. Кешірімді жан кем болмайды, кешірім сұрау – кемеңгерліктің белгісі деп қарайтын қазақ халқында қандай ағаттық жасаса да өздігінен барып кешірім сұрау, тіпті ауыр күнә жасаса ат-шапан айып төлеп, аяққа жығылу дәстүрі болған. Әлдекімді ренжітіп, я болмаса көңілін ауыртып алған адам оның алдына барып: «Кінә менде, кешіріңіз! Ұрсаңыз да, соқсаңыз да ризамын!»- деп кешірім сұрайтын болған.
Қазақ тілінде кешірім сұрау мақсатында қолданылатын, жиі қолданылатын бірнеше тілдік бірлік бар. Олар: кешір/кешіріңіз, кешірім өтінемін, айып етпеңіз, айып көрмеңіз, айыпқа бұйырмаңыз, ғафу етіңіз, ренжімеңіз, т.б. Бұлардың ішіндегі кешір формасы күнделікті қарым - қатынас кезінде актив қолданылады. Мысалы:
– Менің қателігімді кешіңіз. Мен оңбай қателік жасадым-деп өзін кінәләй бастады (Ғ.Мұстафин).
Сыпайылық таныту қызыметін атқаратын этикет тілдік бірліктердің бір тобы қазақ халқының құтты болсын айту дәстүріне байланысты пайда болған. Қазақ тілінде конативтік қызымет атқаратын тілдік бірліктерге құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін, қайыры ұзақ болсын, т.б. стандартқа айналған құрылымдар жатады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына байланысты қуанышқа «қайырлы болсын, оң болсын» айту – ата салтымыз. Ол адамдарға деген ыстық ықыластың белгісі.
Сыпайылық танытудың бір түрі сөйлеу әдебінде үлкен кісіні атымен атамау. Қазақ халқында: «Үлкенге – құрмет, кішігіе – ізет» деген мәтел бар. Бұл ат қою салтымен де байланысты. Мәселен, жаңа түскен келіннің қайын аға, қайын інісіне, қайын сіңлісіне ат қою рәсімі бар. Одан өзге қазіргі кезде құрмет тұтатын адамды атымен атамау да бар:
– Аянып келе жатқан жоқпын-ау, Қасеке. Осы кезде машина омбы қарға кіріп, газ берген сайын гүжілдеп, құйрығы бұлғақтап қалды (Т.Ахтанов).
Мәдениетті сөйлей білген адам өз ойын, айтқанын тыңдаушыға толық түсіндіре біледі. Адамдар оны ауызша диалогтық, ауызша монологтық және жазбаша сөйлеуде әртүрлі жолдармен жүзеге асыра алады. Сөз қадірін түсініп, сөйлеу мәдениетін сақтай білген адамға, біздің қазақ тілінің мазмұны өте бай, сөздері түсінікті, мейірім, имандылыққа толы.