Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Кәсіптік білім беру – болашақтың баспалдағы


16 апреля 2021, 07:42 | 651 просмотр


Мамандық – адамнан арнаулы білім, еңбек дағдылары мен іскерлікті талап ететін еңбек іс - әрекетінің түрі. Кез келген жеке тұлға үшін мамандықты дұрыс таңдау өте маңызды. Себебі, мамандық – әр адамның болашағы. Болашағының жарқын болуы үшін де қызмет бағытын дұрыс бағдарлай білу керек. Мамандық таңдау, әрине, мектеп қабырғасынан бастау алады. Әсіресе оқушы жоғарғы сыныпқа келген кезде жан-жақты ойлана бастайды. Оған дейін балада тек қызығушылық болса, енді ол өзінің болашақ мамандығы туралы толыққанды бағыт-бағдарды қажет етеді. Сол себепті де қазіргі таңда мектеп қабырғасында оқушыларға арнайы кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүзеге асырылып келеді.

Кәсіптік бағдар беру — жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты тандауға бағытталған іс - әрекет. Кәсіби бағдар беру арқылы оқушыларды мамандықтар әлемінде, олардың мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттерімен ұштастырып тәрбиелеуді қажет етеді.  Кәсіптік бағдар берудің негізгі мақсаты жас ұрпақты саналы түрде мамандық таңдауға дайындау, үйрету екендігі белгілі. Осы мақсатта мектепте тек сынып жетекші ғана емес, пән мұғалімдері де, психолог мамандар да маңызды рөл атқарады.

Аталмыш бағыт бойынша біздің ұжым да жоспарлы түрде жұмыстар атқаруда. Мәселен, кәсіптік бағдар беру бойынша бітіруші сынып оқушыларымен және ата-аналармен арнайы түсіндіру жұмыстары, тәрбие сағаттары, тренингтер, дөңгелек үстел, жиналыстар өткізіліп тұрады. Тек мамандық бойынша емес, сонымен қатар еліміздегі орта білім беретін оқу орындары, жоғарғы оқу орындары туралы жан - жақты мағлұматтар беріледі. Кейбір білім беретін ұйымдардан арнайы мамандар келіп оқушылармен кездесу өткізіп, оқу жүйесі, жатақхана, оқудағы жеңілдіктер, т.б. көптеген ақпараттармен таныстыруда. Әрине, мұндай іс-шаралардың барлығы карантин талаптары сақтала отырып жүзеге асырылуда. Кәсіптік бағдар беруде оқушының бойындағы қабілеті мен талантын да ескеру керек. Бала өз бойындағы қасиет-қабілеттерін толыққанды көрсете алмауы мүмкін немесе өз бетімен мамандық таңдауда қорқыныш сезімі басым болуы мүмкін. Сол себепті де біздер, педагогтар, оқушыны жеке тұлға ретінде бағалап, оның дұрыс қадам жасауына ықпал етуміз керек деп ойлаймын.

Қорыта келе, жастарды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру маңызды  істердің бірі. Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым - қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе білікті де білімді маман ретінде қалыптасатыны анық.

Автор:
Г. Рахманбекова, Г. Қызбаева, 11 сынып жетекшілері Сарыөзек орта мектебі МДШО бойынша Кербұлақ ауданы,