Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қазіргі заманғы сабақ


19 апреля 2021, 06:50 | 1 089 просмотров



 «Қазіргі сабақ – мұғалім жаңа материалды түсінікті де қарапайым түсіндіретін сабақ». «Қазіргі сабақ – бұл қызықты жаңа мағлұматтардан тұратын жеңіл сабақ және бұл сабақта мұғалім мен оқушы бір-бірімен еркін сөйлесіп, өзара қарымқатынас жасай алады». «Қазіргі сабақ – бұл бір істелген жұмыс қайталана бермейтін, түрлендірілген сабақ». «Қазіргі сабақ – оқушының айтқан кез келген ойы, ұсынысы тыңдалатын және адам, адам болуға үйренетін сабақ». 

Білімнің сапалы, жоғары деңгейде болуы сабаққа байланысты, сондықтан сабаққа қойылатын талаптар да заман талабына сай өзгеруде. Сабаққа қойылатын негізгі талаптар дегеніміз оқытудың жалпы білім беру, тәрбиелеу және дамыту қызметтерін сапалы жүзеге асыруға қажетті қағидалар болып табылады. Бұл қызметтер әрбір сабақта белгілі бір дәрежеде жүзеге асырылады. Мұғалімнің жұмысында ең бастысы  білім беру,  тәрбиелеу және дамыту міндеттерін шебер үйлестіре отырып осы қызметтерді басқару. Ал  сабақтың басты міндеті - оқу мақсатын жүзеге асыру болғандықтан, сабақ жоспары толығымен оқу мақсаттарынан туындайды. Сабақ мақсаты да, бағалау критерийлері мен тапсырмалар да осы бағытта құрастырылады. Бұл туралы әр пәннің оқу бағдарламаларында былайша жазылған: «Нақты пән бойынша күнделікті білім беру үдерісінің мазмұны оқу мақсаттарына бағынады және оқушылардың меңгерген білім, білік және дағдыларын кез келген оқу үдерісінде және өмір жағдаяттарында шығармашылықпен пайдалану даярлылығын қалыптастыруға, жетістікке қол жеткізуде қажырлылықты дамытуға бағытталған, өмір бойы білім алуға ынталандырады».  Осыған орай оқу мақсаттарын мемлекеттік стандарт, өзгертуге болмайтын инвариант деп түсінген орынды. Оқу мақсаттары оқу бағдарламасы мен ҰМЖ-дан алынып, тура сол қалпында ҚМЖ-да көрсетіледі. Оқушылардың барлығы да оқу мақсаттарына жетуі керек. Сабақ мақсаты дегеніміз оқушылардың сабақ нәтижесінде үйренетін дағдылары, білік пен білімі, оқушының сабақ бойы жасаған жұмысының нәтижесі. Сабақ мақсаты оқушының сабақта не жасағанын көрсетпей, оның сол әрекеттерді орындау нәтижесінде (сабақ соңында) не үйренетіндігіне болжау жасайды. Оқушылардың әрекеттері Блум таксономиясының деңгейлері бойынша белгіленеді. Сабақ мақсаттары оқу мақсаттарының негізінде жасалады. Мәселен, сабақ мақсатына сәйкес тапсырмаларды іріктеудің тиімді жолдарына физика пәні бойынша «Лайфхак» жасадым. Мен онда таразыны қолдандым. Таразының оң жақ табақшасына оқу мақсатын қойдым. Ол 8.4.1.10. Конденсаторлардың құрлысын және қолданылуын  сипаттау. Бұл жердегі 8.4.1.10-деген 8 сынып, 4 бөлім, 1-ші бөлімше, 10 оқу мақсаты деген оқу мақсаты  мемлекеттік стандарттан алынған. Ал таразының сол жақ табақшасына қоятынымызды анықтау үшін етістікті табамыз. Ол оқу мақсатындағы  сипаттау деген сөз, оған сұрақ қояйық. Нені сипаттаймыз? 1-ші конденсатордың құрлысын сипаттаймыз. 2-ші конденсатордың қолданылуын  сипаттаймыз. Сонда таразының екі басы теңеседі. Осылайша сабақ мақсатына сәйкес тапсырмаларды іріктеуге болады.

Автор:
Эльмира Ильясова, Физика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, «Еркін ауылдық округіндегі МДШО бар №26 орта мектеп» КММ