Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қарттарым аман-сау жүргін


1 октября 2009, 06:06 | 2 391 просмотр


«Ауылыңда қартың болса жазып қойған хатпен тең». Бұл бабаларымыздың тағдырдың тезінен, замананың өзінен сығып тұрып салмақтап түйген пәлсапасы. Осы үрдіс әлі де өзгерген жоқ. Қарттар замана ағымына қарай өзінің қоғамдық орынын өзгертті. Жер-жердегі «ақсақалдар алқасы» бұрынғының төбе биінің қызметін атқарады. Жақында Талдықорған қаласына қарасты Еңбек ауылына жолымыз түскенде ауылдың ажары, абыройы іспетті ақсақалдарға жолыққанмызда көп нәрсеге қаныққандай болдық. Енді сол ақсақалдардың өзіне мінбер берсек.

Шойынбаев Амантай Ыбырайұлы- «Еңбек» ауылының «Ақсақалдар алқасының» төрағасы:

«Қазір ғылым, білім, жастар тәрбиесі мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Осы мәселені біздің ауылдың тұрғындарыда назарынан тыс қалдырмайды. Ауылымызда 11 жылдық орта мектебіміз бар. Бұл – ауылымыздың білім беру мекемесі ғана емес, тәрбие беретін мәдени орталықтарымыздың бірі болып саналады.

Ауыл ақсақалдары жастар тәрбиесіне, әсіресе жеткіншектердің нашақорлыққа бет бұрмауына жол бермеу, дұрыс тәлім-тәрбие алу мәселесі жөнінде келелі кеңестер беріп отырады. Сонымен бірге, ауыл тұрғындары арасындағы түрлі дау-дамайлардың әділ шешімін табуға жәрдемдесу жөнінен де көрсетер көмегі аз емес.

«Ақсақалдар алқасының» артып отырған жүгі осымен ғана шектелмейді. Елбасымыздың жолдауларына қолдау көрсету, жүрген жерімізде халыққа Президентіміздің атқарып жатқан игі істерін айта жүру, мемлекет көлемінде шешімін тауып жатқан күрделі мәселелерді таныту да – осы ұйымның құзырлығында.

Бүгінгі күні ауылымызда ауыз су мәселесі өз шешімін табуда, ағын су арқылы суару жүйесі де жөнге келіп, соңғы 2-3 жылда халыққа өз шарапатын тигізуде.

Алайда, көңілге түйіп, көптен бері айтып, қалалық әкімшілікке де көтерген мәселеміздің бірі – ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт. 1800 тұрғыны бар ауылымызға бұл екі бөлмелі орталық таршылық етеді.

Сәрсебаев Рамазан- ауылдың құрметті тұрғындарының бірі:

«Ауылымыз тыныш, ешқандай ұрлық-қарлық жоқ. Елбасымыз айтқандай, ауылдың әл-ауқатын жақсарту – еліміздің ең бір маңызды мәселелерінің бірі. Өз басым 30 жыл ішкі істер бөлімінде қызмет атқардым. Жасым 82-ге келді. Бала-шағам ер жетіп, қоғамның бір-бір азаматтарына айналды. Ауылдың «Ақсақалдар алқасының» белді мүшелерінің бірімін. Сондықтан болар, жастарға тәлім-тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды таныту мәселесінде аса белсенді көмектесіп, барынша көмегімді аямаймын».

Өздеріңіз байқап отырған бүгінгі ауыл қарттарының ешкім міндеттемесе де өздеріне жүктеп алған мәселелері жетерлік. Олар әрқашанда сергек. Көптің атынан сөйлейді. Елдік мәселелерге араласады. Болашақ алаңдатады. Жөн сілтейді. Бағыт береді.

Арқалы ақын Сағи Жиенбаевша айтсақ: «Дәрия кеуде тау мүсін, Құрыштан құйған құдірет» қарттарымыз аман-сау жүрсін деп тілейік. Елдігіміздің іргесі шайқалмасын.

Автор:
Әлия Тілеужан